Ораза екінші сәуірде басталады
Мұсылман қауымы көптен күткен қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Сәуірдің екінші жұлдызынан бастап Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың үмбеті бес парыздың бірін өтеуге кіріседі. Бұл туралы облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы баспасөз мәслихатында айтып берді.
– Бірінші сәуір күні ақшам намазынан кейін тарауық намазы оқылады. Ал ертеңінде ауыз берік болады. Ораза 1 мамырда аяқталады. Қадір түні сәуірдің 28-іне қараған түні болады. Жалпы, Рамазан – қайырымдылық айы. Сондықтан бұл айда сауапты істер атқаруға тырысқан жөн. Мешіт тарапынан жылдағы дәстүр бойынша қайырымдылық, мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Дінді тұмшалай бермей мешіттен шығарумыз керек. Қарапайым байырғы дәстүр бойынша елге түсіндіруіміз қажет. Сол себепті де рухани шараларды көбірек ұйымдастыруға көңіл бөлеміз, – дейді бас имам Ермек қажы Мұқатай.
Рамазан – адамзаттың жан дүниесін тазартып, артық қылықтардан тыйылатын айы. Тазалықты табиғаттан бастауды көздеген мешіт өкілдері ораза басталардан бұрын қаладағы мешіттердің маңайын тазартуды қолға алмақ. Бұл сауапты іске еріктілер мен қала тұрғындарын қатысуға шақырды. Сондай-ақ дін өкілі биыл берілетін пітір садақа мен зекеттің мөлшері туралы да айтты.
– Биыл садақа мен зекетті екінші деңгейлі банктер арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар Каспий банкпен келісе отырып әр мешітте QR код арқылы садақа, зекет төлемдерін қабылдауға мүмкіндік жасалған. Бізде пітір-садақаның көлемі екі келі бидайдың (ұн, жарма және т.б.) бағасымен есептеледі. Қазір екі келі ұнның орташа бағасы елімізде – 500 теңге. Ендеше биылғы пітір садақаның құны да 500 теңге болады, – деді «Халифа Алтай» мешітінің іс басқарушысы Берік Кәдірұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте оразаға орай кәсіпкерлерге үндеу жасаған болатын. Онда Бас мүфти кәсіпкерлерді қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды.
Иә, қайырымдылық айында халықпен тілегіміз де, жүрегіміз де бір болып, сауапты іс жасауға атсалысайық.
Алтай Ғали-Асқар