Ораза айында онлайн уағыздар айтылады

Ұлттық құндылықтың түп қазығы тіл мен діл, дін мен дәстүр. Осы бір ұйыстырушы күштерді санасында сақтай білген елдің бірлігі бекем, ынтымағы берік болмақ. Адам баласын осындай ізгі қасиеттерге жетелейтін діни дәстүрлі үрдіс, әр мұсылманға парыз саналатын ораза да келіп жетті. Осыған орай облыстық «Халифа Алтай» мешітінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді.
Биылғы ораза сәуірдің салқынымен басталып, мамыражай мамырда аяқталмақ. Алайда парызын өтеушілер пандемия жағдайын ескеріп, санитарлық талапты сақтау керектігі туралы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы үндеу жасады.
– Өкінішке қарай, биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы алпыстан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз, – деді бас мүфти.
Он үшінші сәуір күні басталатын ораза туралы облыстық «Халифа Алтай» мешітінің өкілдері өңір тұрғындарының алдында онлайн баяндама жасап, өтетін іс-шаралар легімен таныстырды.
– Биылғы ораза айының алғашқы күнін ҚМДБ және орта Азия ғұламалар кеңесі бірлесе отырып астрономиялық ғылыми зерттеулердің нәтижесіне сәйкес 13 сәуір деп бекітті. Ал 13 мамыр күні айт мейрамы болады. Мың айдан артық саналатын қасиетті қадір түні мамырдың сегізінен тоғызына қараған түні болады. Сол түні күллі жұрт болып биыл 30 жыл толып жатқан Тәуелсіздігіміздің, еліміздің, жеріміздің, бауырларымыздың амандығын тілеп, дұға қылайық. Рамазан айы құтты болсын, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Өскемен аймағының бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы.
Садақаны әркім шамасына қарай шамалап беретіні белгілі, алайда, ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің шығарған ортақ шешімі де бар. Мысалы, садақаны ұнмен берем десе 420 теңге, мейізбен есептегенде 2580 теңге, құрманың бағасына шаққанда 7300 теңге болып бекітілген. Зекеттің де нисап мөлшері алтынмен санағанда 1 млн. 160 мың теңге, долларға шаққанда 2740 доллар. Ал күмістің нисабы ең төменгі мөлшер болып есептелінеді. Оның мөлшері 200000 теңге, яғни, 470 доллар көлемінде болады. Құдай жолында зекет берушілер жоғарыда аталған сомалардың 2,5 пайызын кедей-кепшік, жоқ-жітік, көрші-қолаңға беруіне болады.
– Рамазан айында мешіттерде атқарылатын іс-шаралардың арнайы нұсқаулығы бекітілді. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша бірқатар іс-шаралар мен діни рәсімдерге рұқсат берілді. Ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт аулаларында намаз оқуға кеңес береміз. Мешіттерде арақашықтықты сақтай отырып, 30 пайыз көлемінде ғана адаммен намаз оқуға рұқсат берілді. Жасы үлкен кісілер мен балаларға, денсаулығы нашар адамдарға тарауық намазын үйде оқуға кеңес береміз. Соныман қатар мешітке арнайы садақа салуға келген адамдар болса құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіруге болмайды. Бұл талаптар пандемиялық жағдайға байланысты өзгерсе мешіттің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланатын болады, – деді облыстық «Халифа Алтай» мешітінің іс басқарушысы Берік Кәдірұлы
Мешіттің ұйымдастырумен «рухани марафон» «Отыз күнге отыз уағыз», «Ел үлесі» қатарлы бірқатар жобалар өтпек. Ораза айында уағыздар онлайн айтылып, рухани марафон ұлттық құндылыққа үлесін қосары сөзсіз. Сондай-ақ «Ел үлесі» жобасы аясында мұқтаж отбасыларына екі пәтер берілетіні айтылды.
Қызырбек Дүргінбайұлы