Қоғам

ОРАЗА АЙТ ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Сіздерді исі мұсылман баласының ұлық мерекесі – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Отбастарыңызға бақыт пен береке, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.
Айт сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген ұғымды білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мереке.
Алла Тағала: «…Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді.
Ораза айт – отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы өкілдігі қалалық, аудандық мешіттер қасиетті Рамазан айында аз қамтылған отбасыларға ауызашар қораптарын таратты. Осынау берекелі айда игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, діни басқарманың пәтуасы мен мешіт тәртібіне бағынып, құлшылығын үйде орындап, ниет еткен жамағатқа да Алла разы болсын айтамын!
Құрметті жамағат! Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды қабыл еткей!
Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

Ермек қажы Қасболатұлы,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының
Өскемен аймағы
бойынша бас имамы

Осы айдарда

Back to top button