Саят

Ораз аңшы

1900-жылдардың басында Арқада Ораз атты атақты аңшы өмір сүрген. Әдетте аңшылықты кәсіп еткен адамдар бай болып көрмеген ғой. Ораз да бір ат, бір сиырдан басқа мал бітпеген кедей адам болған екен.

Ораз аңшыОраз жалғыз оқты шитімен аң аулаған асқан мерген адам болған екен. Бертініректе де «аспанда ұшып бара жатқан үйректі шитімен атып түсіргенін өзім де көзіммен көрдім. Ораз бағыттаған оқтың дөп тимегенін көрген емеспін» деп әңгіме айтатын қарттар көп болған. Оның аңшылығына байланысты аңызға айналған әңгімелер ел аузында күні бүгінге дейін сақталған.

Ораздың жігіт кезінде қалың ел жайлап отырған жерге адасқан жалғыз шошқа келеді. Ауыл адамдары одан үрейленіп, молдаға барса, молда: «Сендердің көздеріңе шошқа болып көрініп жүрген шайтан» деп қорқытады. «Онда қайттік?» деп сасқан жұртқа молда: «Үй басы мал сойып, тасаттық беру керек, сонда ғана бұл пәле қашады» дейді.

Сонда Ораз тұрып: «Ау, жұртым, мен білсем, осы жын да емес, шайтан да емес, кәдімгі шошқа. Нанбасаңдар, мен атып көрейін, шошқа болса өледі де, шайтан болса жоғалады» дейді. Бұған тоқтаған жұрт өзара ақылдасады да:

– Егер атып өлтіре алсаң, саған бір жақсы ат мінгізейік, – дейді.

Сонымен олар осыған уәделеседі. Шошқа қорасында жатқанда жұрт көл жағасына жиналады. Сонда білгішсінген біреу:

– Оқты не жүрегінен, не миынан тигізбесең, шошқа өлмейді, – десе керек. Ораз тұрып: «Оқты бергі құлағының тесігінен тигізіп, арғы құлағының тесігінен шығарсам ризамысыңдар?» деп сұрайды.

– Оны істей алсаң, бір түгілі, екі ат берейік, – деседі жиылған жұрт. Ораз:

– Ендеше, атам, – деп әзірленгенде біреу:

– Аңды жүз адым жерден жақын атқан шариғатта обал болады дейтін, әрі нағыз құралайды көзге ататын мерген болсаң, алыстан ат, саған екі бірдей атты не үшін беріп тұрмыз, – дейді.

Сонда Ораз: «Мен жүз емес, екі жүз адымнан-ақ атайын» деп, сол шамалы жерді мөлшерлеп алады да, шиті мылтықтың аяғын жерге құрып жіберіп, шошқаның өзі жақ құлағын нысанаға алып, тартып кеп қалады. Шошқа шоршаң етіп атып тұрады да, қылжиып барып құлайды.

Жұрт жүгіріп барып қараса, Ораздың оғы бергі құлақтан тиіп, арғы құлақтан шығып кетіпті де, шошқа өліп қалған екен…

Мәнекей Зында

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button