Саят

Қорқау алған тазылар

Қыранның Ертіске қосылатын маңы биіктен қарағанда қозының терісіндей бұйраланып жатады. Ертістің солтүстік іргесі Алтай тауына тиіп жатыр. Бірақ, ол желе жортқан салт аттыға бір күндік жол.

Қорқау алған тазыларБұл далада күре жол болмаса да, жүргінші мол болған жылдары қыстыгүні ақ қардың беті айқыш-ұйқыш сызықтарға толып жатады. Бұл шиырға қасқыр мен түлкінің шиыры қосылып, олай-бұлай босып жосылған жол түседі. Қыста бұл жердің оты аз болғандықтан, мал отарламайды. Сондықтан иен жердің игілігін негізінен жортқан аңдар көретін. Сол аңдардан несібесін айырып жүретін әкем бір жолы тазыларының қасқыр ұстағанын былай деп әңгімелеп беріп еді:

– Жаймен желіп келе жаттым. Көлденең іздерге көңіл бөліп, түлкі кезігіп қала ма деп, жан-жақты байқастаймын. Қос тазым – Тұйғын мен Ұшар да іздерді тіміскілеп келе жатып, бір заманда тұра жүгірді. Түскені қасқырдың ізі екенін байқаған соң тазыларымды «қайт» деп шақырдым. Жетек-жіпсіз жүрген тазылар шақырғанға қарамады. Олардың соңын ала мен де кеттім. Қасқыр шығысқа тартқан екен. Тазылар сағымдай зымырап барады. Алыстап барып, бір-екі белеңді асқаннан кейін ноқаттай жоғалып кетті. Іздеріне түсіп, екі-үш шақырымдай жүргенде тазылардың қасқырмен алысып, қар үстіне қара топырақты шығарып, ойран-топыр еткенін көрдім. Қасқыр тағы құтылып, қашып кетіпті. Әрі қарай бір шақырымдай жүргенімде тағы сондай ойран-топыр із қалғаны байқалды. Қасқыр да, тазы да көрінбейді.

Содан бір бел асқанда ғана нағыз алыспай беріспей жатқан «қан майданның» үстінен түстім. Шауып, жетіп барсам тазының біреуі қасқырды тамақтап, екіншісі шабынан тартып тұр. Аттан қарғып түсіп, қасына бара бергенімде тазылар қасқырды қоя бере салды. Өйткені, тазылар жандарына адам келген кезде ұстаған аңын қоя беруге үйренген еді. Олар сол әдеттерімен қоя бере салғанда, мен қасқырдың артқы тірсегіне қолым ілініп, ұстай алдым. Басы босаған қасқыр айналып келіп, қаппақшы болғанда, аяғыммен аямай тебе бердім. Қасқыр қарап тұрсын ба, сақ еткізіп, аяғымнан бас салды. Оның пимамның өкшесінен кірген тісі аяғыма батып барады. Аузын салып, сіресіп тұра қалғанда, жалма-жан пышағымды қынынан суырып алып, қасқырдың өкпесіне сұғып жібердім. Бір байқағаным, мен арпалысып жүргенде тазылар маған сенгендей, анадайда шоқиып-шоқиып отыра қалып, көздерін айырмай қарап қалыпты. Қапелімде оларды көмекке шақыру ойыма да келмепті.

Қасқыр жанды жеріне тиген пышақтан өліп бара жатса да, тістеген жерінен айырылмаған қалпы құлады. Арлан өлген соң ғана пимамды тістеп, қарысып қалған жақ кірісіне қамшымның сабын тығып, сүймендеп жүріп, тістерін пимамнан әрең ажыратып алдым. «Тістеген жерінде тісі қалады» деген сөз осындайдан қалса керек. Қалың пима сыртынан етіме жетпесе де, төрт тісі қызыласығымның екі жағынан қысып, батып кетіпті. Жарақат ауыр болмаса да, аяғым бір жыл бойы ауырып жүрді, – деуші еді.

Жомарт Әділ

Осы айдарда

Back to top button