Оралханның үйі – жүз миллион

Қызырбек Дүргінбайұлы
Табиғаты көркем төр Алтай – туристердің көп қызықтайтын жерлерінің бірі. Алыстан ат арытып келетін туристерді Алтайдың табиғаты да, тарихы да қызықтырады, өйткені мыңжылдықтардың жүлгесіндегі тарихтан сыр шертетін Берел қорғаны, патшалар жазығы, дертке дауа Рахман қайнары бар. Одан бөлек қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің тарихынан да сыр шертетін өлке.
Көзбұршағына ілінген көркемдікті паш еткісі келген туристер көрген-білгенін әлеуметтік желі арқылы бөлісетін әдеті бар. Жақсысын жазса – масаттанып, жаманын жазса – көңіл жаурап қалатыны шындық. Биыл жазда көпшілік тілге тиек етіп, көңілге қаяу түсірген мәселе Оралханның үйіне қатысты болды. Алтайды Оралхан арқылы, Оралханды Алтай арқылы танитын жұртшылық Катонқарағайға барса, Оралхан тұрған үйге бас сұққысы келеді екен. Алайда алдынан қабаған ит болса жарайды, қара құлып қарсы алғанда көңілдері су сепкендей басылғанын көпшілігі жазды. Катондықтардың бар дүниені пайдаға жаратып, жазушының үйін туризмнің тетігіне айналдыра алмай отырғандарын айтып қынжылғандар да болды. Осы мәселе жайын орайы келгенде Катонқарағай ауданының әкімінен сұраған едік.
– Иә, бұл – әлеуметтік желіде көп талқыланып жүрген тақырып. Бұл мәселе біздің назардан тыс қалған емес. Оны жөндеу, халықтың игілігіне жарату, туристердің тамашалауына мүмкіндік жасау мәселесі бойынша жергілікті ақсақалдармен үнемі ақылдасып келеміз. Ең әуелі, Оралханның үйінің мемлекет меншігінде болмауы бізге кедергі келтіріп тұр. Ал оны мемлекет меншігіне алу мәселесі бойынша үй иесі Ғалия Бөкейқызымен бірнеше мәрте сөйлескенбіз. Ол кісі үйдің бағасын 100 миллион деді. Бізде әкімшілік тарапынан ондай ақшаға сатып алу мүмкіндігі жоқ. Енді бір мәселе – оны арнайы бағалаушыларды шақырсақ, 100 миллионға бағалай алмайды. Әрине, қаламгердің үйінің ұрпақ үшін, біз үшін қаншалықты құнды екенін білеміз. Бірақ заң мен норма біздің санамызға сай келмейді ғой. Ал оны жеке кәсіпкерлер, меценаттардың қолдауы арқылы алайық десек, қымбат деп бас тартады. Олар «он миллионға дейін болса болар еді» дегенді айтты. Десе де демеушілер арқылы алу жолын әлі де қарастырып, назарда ұстап отырмыз, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалихан.
Атақты қаламгердің артында қалған мұраның бағасын бәлен деп кесіп айту – қиын дүние. Десе де артындағы рухани мұрасын насихаттап жүрген қаламгердің қарындасы Ғалия Бөкейқызы жуықта берген сұхбатында бағасын айтқан болатын.
– Олар менен қайта-қайта сұрайды бізге беріңіз деп. «Не істейсіңдер?» десем, алғашында аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов: «Ішіне тимейміз, сыртын ағашпен қоршаймыз», – деді. Одан кейін аудан әкімімен сөйлескенімде: «Сыртын ағашпен қоршап, ауылдан үйге дейінгі жолды асфальттаймыз», – деген секілді сөздер айтты. Мен бірден айттым, «ол әкімдіктің өз жұмысы, ал тікелей Оралханның үйіне не істейсіңдер?». Болмаған соң олар: «Апай, бізге сатыңыз?» – деді. «Иә, сатайын». Бірақ олардың ала алмайтын ақшасын сұрадым. Ала алмайтын ақша емес енді, 100 млн теңге сұрадым. Ойдан шығарған жоқпын. 2019 жылдан бері осы мәселені қолға алған кезде дұрыс жөндеу жұмыстарын жасап, адам баратындай үй кейпіне келтірудің сметасын жасатқанда 110 млн теңге болған, – деген болатын сұхбатында Ғалия Бөкейқызы.
Қаламгердің қарашаңырағына қатысты жағдай әзірге осылай өрбуде. Сонымен қатар келер жылы болатын жазушының 80 жылдық мерейтойына дайындықтарын да сұрап білдік. Аудан әкімі ерекшелеп ештеңені айтпады. Ауыл, аудандарда Оралхан оқулары өтетінін және тамыз айында ауқымды деңгейде торқалы тойы тойланатынын айтып, қысқа қайырды.
Сөз басында туризмді тілге тиек етудегі ойымыздың түйіні Оралханның үйін туристер тамашалайтын мәдени ошаққа айналдырса деген мақсат еді. Өйткені Катонқарағайға биылдың өзінде 100 мыңнан астам турист келіпті.
– Статистикалық деректерге сәйкес, орналастыру орындары бойынша туристер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға артып, 70 мың адамға жетті. Сондай-ақ Өрел ауылының жанынан 100 жатын орынға арналған «Мұзтау» эко-қонақ үйі пайдалануға берілді. Қабырға ауылындағы «Жақсылықов Ш» ЖК-нің «Өр Алтай» қонақ үйіне келушілерді қабылдау басталды, – дейді аудан әкімі Ділдар Қалиқан
Нақтырақ айтқанда, Катонқарағай ұлттық табиғи паркіне – 5504, Берел қорымына – 10 000, ауыл туризмі мен басқа да бағыттарға келушілер саны 6000 адамға жеткен. Сонымен қатар https://katon-karagay.com/ туристік порталы арқылы ондағы көрнекті орындар, мәдени-тарихи нысандар, туристік бағыттар, экскурсиялар және қонақ үйлер туралы барлық ақпаратты алуға болады.
Қолда бар алтынның қадірін біліп, қорда барын пайдаға жарату арқылы табыс табу қазіргі заман талабы деуге негіз бар. Бұл тұрғыдан қарағанда, Катонқарағай ауданы туризм арқылы табыс табудың қайнар көзі деуге болады.