Мәдениет

Оралханды орыс тілінде сөйлеткен туынды көрерменге жол тартты

Оралханды орыс тілінде сөйлеткен туынды көрерменге жол тартты
Бір адамның шығармашылығы мен өмірі жайында жан-жақты айтылып, жазылуы керек болса, ол – биыл 70 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен тойланып жатқан сөз зергері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз Оралхан Бөкей.

Оралхан жайында тебіреніске толы естеліктер, оның шығармашылықтағы өзге әріптестерінен ерекшеліктері, туып-өскен жері мен балалық шағы, бәрі-бәрі айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылды. Бір қарасаң, ортамызда болмаса да, «Жазушының бір басына осыдан артық нендей құрмет керек? – деуге де болатындай. Бірақ, әлі де қажет дүниелер көп екен.

Ол – ең әуелі еліміздегі орыстілді оқырманға Оралхан туралы, оның барлық шығармалары мен 50-ге жетер-жетпес ғұмырындағы азаматтық ұстанымдары және басқалары жайында жан-жақты мәлімет беру. Міне, біраз уақыттан бері күрмеуі тарқатылмай келген бұл мәселенің де шешімі табылып, осы арнадағы мұздың тоңы жіби бастаған сыңайлы.
Жуықта А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада жерлес кинорежиссер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Оралханның көзі тірісіндегі сыйлас достарының бірі Анатолий Лаптевтің «Человек-Олень» атты жаңа деректі фильмінің тұсакесері өтті.

Туынды Шығыс жерінің шұрайлы табиғатын насихаттаумен қатар, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі, белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің «Кез келген мәдениет кітаптан басталады. Сондықтан да біз тек жақсы кітаптарды ғана емес, сол кітаптарды дүниеге әкелген жазушыларды да көзіміздің қарашығындай сақтап, бағалай білуіміз керек» деген қанатты сөзімен бастау алады.

Негізінен картина авторы О.Сүлейменовтің пікірлерімен ғана шектеліп қалмай, көрсетілім барысында КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов пен жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ресейлік жазушы әрі қазақ прозасының аудармашысы Анатолий Ким, сонымен қатар фильм авторларының бірі әрі кеңесшісі Жұмәділ Әділбаев сынды азаматтардың қарымды қаламгер мен оның тәлім алған ортасы, өмірге деген философиялық терең көзқарастары мен фильмнің түсірілу барысы жайындағы әңгімелерін шеберлікпен кіріктіре білген.

Жаңа туындының мәтіні бастан-аяқ орыс тілінде болғанымен, оның тұла бойынан Катонқарағайдың сонау бір түкпіріндегі қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы мен байтақ даласының жусанының иісі аңқып тұрды. Музыкалық көркемдеуінде де «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай!» әнінен бастап, көпшілікке танымал халық әндері мен күйлері шебер пайдаланылған.

Әсіресе, Оралхан туындыларындағы кейіпкерлердің өмір жайындағы толғамдары мен түйіндерінен келтірілген үзінділер кез келген көрерменнің сол шығармаға деген қызығушылығын арттыра түскені анық.

Фильм авторы А.Лаптев «Егер менің фильмімнен кейін адамдар Бөкейді қайта оқуды қаласа, мен өз мақсатыма жеттім деп есептеймін» деген екен. Сондықтан тұсаукесерге қатысып, туынды туралы пікірлерін ортаға салған көпшіліктің Оралхан туындыларына деген ынта-ықыластарына қарап, фильм авторының көздеген мақсатына жеткендігін аңғаруға болады.

Дүниеге келгеніне көп бола қоймаса да, «Человек-Олень» фильмі Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын иеленіп үлгеріпті. Яғни, туындыны «Сәтті туынды» деп атауға толық негіз бар секілді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button