Руханият

Оралханды облыс қана ұлықтай ма?

Оралханды облыс қана ұлықтай ма?


Алтайдың асқақ жыршысы Оралхан Бөкейдің тойы өтті. Облыс орталығындағы өз атын иеленген орталық қалалық кітапханада өткен бұл шараны жазушының 75 жылдығына орай ұйымдастырылған бір жыл көлеміндегі шаралардың қорытындысы деп атауымызға да болатын шығар.

Оралханды облыс қана ұлықтай ма?

Аталмыш кітапхананың құзіреті қалалық болғанымен, республикалық деңгейдегі жұмысты атқарды. Шараға жазушы Асқар Алтай, Бөкей шалдың сүт кенжесі Ғалия, Оралхан шығармасын зерделеп жүрген «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Назерке Жұмабай сынды құрметті қонақтар келді.

Шыны керек, біз жазушының бұл мерейтойын баяғы дәстүр бойынша шілде, тамыз айларында төр Алтайдың төсінен күтіп едік. Өзі өлердей ғашық өлке «қасқа құлынын» сағынған болар, «Кербұғының» кербез бейнесі туған жер төрінде баяғы паң қалпында қасқайып тұрар дегеміз. Тыныш өткен жаз айлары ендігі үмітімізді жазушы туған қыркүйек айына қалдырған. Алпыс жылдағыдай Орағаңның көзін көрген ақын-жазушылар да, естелік айтар есті оқырманның да аяғы сап тиылған. Асқақ Алтай тіпті құшағынан ондай тұлға тумағандай, салқын қабағын танытып жата берді. Тек ақын Жүрсін Ерманның «Оралханның күйігі мен биігі» деген естелігін ғана оқыдық. Қайта Глубокое ауданы облыстық ақындар айтысын өткізді, Үржар ауданы арнайы атап өтті. Ұсақ-түйек мектепішілік шараларды айтпағанда, осымен Оралхан тойы шарықтау шегіне жеткен еді. Ал жыл сайынғы өтіп келе жатқан облыстық Оралхан оқулары биыл Зайсан ауданында жалғасын тапқан.

Біз мұны неге айтып отырмыз? Небары 25 жылдық шығармашылық ғұмырының бірнеше жылын облыс пен ауданға арнаған жазушы, шабытының ең бір шарықтаған тұсын бүкіл қазақ еліне сыйлап еді ғой. Неге екі жылда бір рет өтіп келе жатқан республикалық ақындар айтысы жалғасын таппады?! Неге республикалық деңгейде өтіп келе жатқан Оралхан оқулары облыстық кезеңмен аяқталды. Бұл оғлан жазушысына деген оқырманының махаббаты суығандығынан болмас?! Басқасы басқа, ең негізгі мерейтойлар тізімінде тұратын 75 жылдықта жаңағы екі ірі шараның бірін жасауға болар еді ғой. Қазаққа ортақ тұлғаны Қазақ елі әспеттеп жатса, ешкімнің тақиясына тар келмес еді.

Біз бүгінгі тойға оралайық. Жаңағы жылдың олқылығын Орталық кітапхана мүмкіндігінше толтыруға тырысты. Кітапхана жоспарының жүзеге асуына Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болған. Бір сөзбен айтқанда, қаржы бөлген.

Алыстан келген құрметті қонақтар мен өңірдің зиялы қауым өкілдері әуелі «Оралхан Бөкейдің рухани әлемі» атты конференцияға қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев жазушының балалық ғұмырына тоқталса, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков «Оралхан оқуларының» қалай өмірге келгені туралы тұшымды пікірін айтты. Ал жазушы Асқар Алтай Оралханның ағалық қамқорлығы туралы баяндады.
– Шыны керек, мені кіндік кескен туған жеріме жеткізіп отырған да Оралханның рухы ғой. Біз Орағаңның қамқорлығын көп көрдік. Әсіресе Талаптан Ахметжан екеуімізге аға ретінде ерекше ықылас танытып жүрді. Мен Мұхтар (Мұхтар Мағауин) ағаның қарамағында жұмыс істеп жүргенде, Орағаң Талаптанды «Қазақ әдебиетіне» әкелді. Екеуімізден үлкен үміт күтті. Біздің әр жазған дүниемізді оқып жүрді. Бір жолы менің Қасен Өр-Алтай туралы жазған мақаламның соңындағы «Асқар Алпысбаев» деген атымды «Асқар Алтай» деп өзгертіп жіберіпті. Басында түсінбей қалдым. Ертесі маған: «Біз өзіміздің Алтайды ғана жазып жүрсек, сен күнгей-теріскейін толық зерделеп жүр екенсің, саған осы ат лайық. Содан кейін Алтайдан шыққан жазушы халтурщик болмауы керек» деді. Әлгі атымды көрген Мұхтар аға да журналдағы есімімді солай өзгертіп жіберді. «Оралханның аузы дуалы, ендігі жерде осы атпен жүр» деді. Содан бері осы атты арқалап келемін, – деді жазушы.

Қарындасы жазушының отбасылық өмірі мен шығармашылық жолына тоқталды.

Бүкіл шығармасында ел еркіндігін аңсап келген ағам небары қасиетті тәуелсіздігіміздің екі-ақ жылын көріп кетті. Соның өзінде артына өшпес мұра қалдырды. Президенттің таққа отырғанына жүз күн толуына байланысты сипаттамалық мақала жазды. Шыны керек, ондай мақаланы әлі күнге қазақ жазушыларының біреуі де жазған жоқ. Оны Елбасының өзі де біледі. Жанар Кенжебекқызы бастаған осы кітапхананың ұжымына үлкен алғыс айтамын. Себебі сондай үлкен тұлғаға туған жері мен республикада жасамаған ең үлкен шараны сіздер өткізіп отырсыздар, – деді Ғалия Бөкейқызы.
Бұдан кейін белгілі ғалым Айжан Картаева ғылыми баяндама жасаса, ақын Бақытжан Райысова жазушыға деген сағынышын жыр жолдарымен жеткізді.
Аталмыш кітапхана осы мерейтойға орай бірнеше бағытта бәйге жариялаған болатын. Түстен кейін сол байқаулардың жүлдегерлерін салтанатты түрде марапаттады.

«Үркер ауып барады…» атты жыр мүшәйрасына облыстан отыздан астам ақын қатысыпты. Қазылар алқасы сараптай келе бас жүлдені С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Дәулетберді Жекейге берсе, бірінші орынды «Дидар» газетінің тілшісі Оразай Жеңісұлы, екінші орынды тағы бір жас талант Алтынқадыс Күнтуғанұлы, үшінші орынды Қазақстан-Америка еркін университетінің студенті Құндыз Тасқынбекқызы еншіледі.

Ал жазушы шығармаларына арналған «Мен өлкемді зерттеймін» атты ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауы бойынша бірінші орынды Өскемендегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Малика Асылбекқызы жеңіп алса, екінші орынды Гуманитарлық колледж студенті Мадина Шеризат, үшінші орнын Меруерт Қалымжанова мен Алида Ерсаинова иеленді.

«Оралхан шығармалары суретшілер көзімен» атты қылқалам шеберлері оқушылар арасында және кәсіби суретшілер арасында деп екі бөлек өтті. Оқушылар арасында жүлделі үш орынды да Назарбаев зияткерлік мектебінің өрендері бөліске салды. Нағыз суретшілер арасында «Апамның астауы», «Қар қызы» сынды суреттерімен елдің көз мейірін қандырған Ержан Тұрғанбаев еншілесе, қалған екі орынды Гүлнар Бекбердинова мен Есбол Нұрсадықов алды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button