Руханият

Оралхан әдебиеттің есігін өлеңмен ашқан

Оралхан әдебиеттің есігін өлеңмен ашқан

Оралхан Бөкейдің қазақ әдебиетінде, оның ішінде көркем сөз прозасында орны ерекше тұлға екенін күллі халық мойындаған. Ол өзі «Мені әдебиетке әкелген – журналистика» дейді.
Осы орайда, жазушының жетпіс жасқа толу мерекесі мемлекет деңгейінде аталып өтіп, Өскемен қаласы мен туған жері Катонқарағайда ескерткіш орнатылды. Асылы, әділіне келсек, ол қала мен облыс басшыларының жазушыға деген құрметі мен парасатқа толы еңбектерінің жемісі.

Тырнақ алды туындысын 16 жасында жазыпты

О.Бөкей әлемі «Райыстан Оралханға дейін» атты деректі хикаятты жазуыма ойтүрткі жасаған онымен қызметтес әрі жолдас болған ағалардың сөзі болды. Олар айтатын: «Оралханның шығармаларын оқырмандардан бастап бәріміз білеміз. Оның шыққан тегі мен ата-бабалары туралы сендей білетін ешкім жоқ. Білмегеніңді Оралханның әпкесі, өзіңнің анаңнан сұрап аласың. Ақиқатты өз анаңнан сұрап неге жазбасқа» – дейтін. Осы әңгімеден кейін жазушының жетпіс жылдық торқалы тойына дейін қолыма қалам алдым.
Осы орайда айта кетейін, оның торқалы тойына арнап республикалық баспалардың бірінен жеті томдық жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа Оралханның көпшілікке мәлім шығармалары енген екен. Оқырман қауымның осы топтаманы аударыстырып қарап отырып «Оралханның тырнақ алды шығармалары қандай түрде, поэзия мен прозаның қайсысын бұрын бастады екен» деген заңды сұрағы туындайтыны сөзсіз. О.Бөкей әлемі «Райыстан Оралханға дейін» атты кітапты жазып болған соң, өзім де осы сұрақтарға жауапты мұрағаттардан іздеп, жылға жуық уақыт жұмыс істеуге тура келді. Сол мұрағат көздерінің өзінде кейбір жылдардың материалдары жоқ болып шықты. Оралханның алғашқы шығармаларын оқып жинақтай отырып түйгенім: Оралханды қаламдас замандастарының «Өр Алтай», «асқар Алтайдың асқақ жыршысы» дейтіні тіптен рас айтылған сөз екеніне тағы бір рет көзім жетті.
Оның тұңғыш туындысы – өлең, «Алтай» деген атпен 1959 жылы 13 қарашада сол кездегі Болшенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде басылып шықты. Алғашқы шығармасын жазғанда болашақ ұлы жазушының жасы он алтыда болатын. Ол өлең былай еді:
Жерімнің аруысың Алтай тауым,
Бауырыңда сыңсып өскен бақша-бауым.
Басыңда аппақ болып қар жатса да,
Қараймын, қызықтаймын, құмартамын.
Таулардың атасысың Шығысымда,
Мен де ел көп риза ырысыңа.
Білім ап бауырыңда жүрміз шалқып,
Ай, күнім, анашымсың, тынысымда.
Оралхан Бөкеев.
Абай атындағы орта мектептің оқушысы. Шыңғыстай селосы.
Аудандық «Еңбек туы» газеті. №98
15 ноябрь, 1959 жыл.
Одан кейін 1960 жылдың 14 маусымында «Түс көрген бастыққа», «Бұлаң құйрық» сынды өлеңдері мен мақалалары жарық көрді. Табиғаттың саф сұлулығын адамның көңіл күйімен өрімдей өріп әкеп, өз ойын, өз түйінін шалқытып алдыңа жая салады. Жас болса да әдебиетке шын көңілі ауғанын осы бір алғашқы туындыларымен-ақ танытады. Әшейін көрініп қалудың қамы емес, өз талантын еліне сарқып беруге ден қойған Оралхан сол халықты жанындай жақсы сүйеді. Шығармасының арқауы – ауыл, ауылдың тамаша кеші, қыр қызғалдағындай еңбекпен шыңдалып өскен жастары, сол ауылдың қысы, ымырты, ақ қайыңы, шолпаны, түні, көне жолы. Оралханның осы алғашқы туындыларының өзі табиғат, туған жер ауыл адамдарының өмірлерінің бір ғана үзік тыныс-тіршілігін суреттеген шығармалар болатын. Оның ең алғашқы қазақ журналистикасының сара жолына бастаған көркем сөзге толы очеркі 1960 жылдың 14 қарашасында «Еңбек туы» газетінде «Жастық оты жалындаған» деген атпен жарық көрді

Жазушының қандай бүркеншік аттары болған?

Жазушының алғашқы 1959-67 жылдар аралығында өзінің әдебиет әлеміне аяқ басып кірген кезіндегі аудандық, кейбірі облыстық газетке шыққан туындылары елуден асады екен. Оның мұрағаттан табылмаған әлі қаншама шығармалары бар, ол болашақ ұрпақ пен оқырманның еншісінде. Оралханның сол кездегі аудандық газетке шыққан мақалалары мен өлең, очерктері 1965- 67-ші жылдары өзі редакцияда қызмет істеп жүрген уақытында «Орал. Ахметхан», «О. Абдул – Хамитов» деген бүркеншік атпен жарық көрген шығармаларына жолықтым. Кейін осы «Жазушы жолы» атты мақаламды кеңейтіп, жеке кітап күйінде оқырманға ұсынуды да болашақтың еншісіне қалдырдым. Құдай қолдап, сәтін салса ол да өз кезегімен жарық көрер. Кітап шыққанда бүркеншік атпен жазылған шығармаларына көбірек тоқталамын. Автордың «Орал-Ахметхан» деген атпен 1965 жылы 10 маусымда жарық көрген «Оңаша ойлар» атты өлеңдерінің бірнеше жолдарын өздеріңізге таныстыра кетейін.

Оңаша ойлар

Сағынам кейбір кеште мұң шіркінді,
Ыстық деп кім ойлаған бұл шіркінді.
Бастауы жақсы жырдың болармысың,
Апыр- ау көзге неге жас іркілді.
Табиғат табынасың нөсеріңе,
Керек деп жас шалғынның өсеріне.
Көзімді мөлдір жаспен шылап алам,
Жырымнан кілем тоқып төсерімде.
Жас керек бойдың сергіп, өсеріне,
Жас керек қайғы деген есеріңе.
Жас тілейд, қуаныш деген құрбы дағы,
Дес бермей ойсыз күлкі, өсегіне.
Бейбіт күнде кемірсең тас та жақсы,
Бейбіт күнде қанжарлы қас та жақсы.
Тыныштықтың ауасын жұта тұрып,
Бейбіт күнде жыласаң жаста жақсы.

ХХХ

Өкінемін аға жоқ інім дейтін,
Өкінемін іні жоқ аға дейтін.
Бұл өмір – жұтқан ауа білінбейтін,
Жылдар легі жоқ қылды әке бейтін.
Батысқа бұлт ілінді, әкем кетті.
Жең түріп, комбаинға тәтем кетті.
Найзағай таң біліне жарқ еткенде,
Толғақ бітіп анамнан ес кеткенде,
Келдім мен бұл пәниге айғай салып,
«Уһ» – деді, шешем байғұс, кетті талып.
Темір тиіп жас денеге «әкелетті»,
Кім ұстасын астыма текеметті.
Орап ап жаулығына жалғыз ұлын,
Арылтты мені искеп ащы мұңын.
Құйрық – жалсыз жалғызбын, жаудан көрем,
Кешір адам! Сондықтан ащы жырым.
ХХХ
Кешір інім,
Асқар тауды, кең даланы кезейік,
Өрекпеген көңіл бір сәт тыншыр ма.
Ашулы өзен, құм төбелер жолықса да төзейік.
Жүрегімді «шаршадым» – деп шымшыма.
Кешір інім.
Қуанышы бұл мазасыз өмірдің,
Қиындықтың қиясында танылар.
Желе-жортып құрық тимес көңілім,
Қымыз сіңген киіз үйді сағынар.
Орал Ахметхан. Болшенарым ауылы.
Аудандық «Еңбек туы» газеті.
13 июль, 1965 жыл.

Оралханның алғашқы туындыларын іздестіріп жүріп «Орал-Ахметхан» деген бүркеншік атты қайдан алуы мүмкін деген оймен өзімнің анамнан сұраған едім. Сонда ол кісінің айтқаны:
«Менің шешем Қапиза Самай елінің атақты төбе биі Мәкиленің тікелей ұрпағы болатын. Жарықтық, ұзын бойлы қараторының өңдісі, шашы қалың толқынды еді. Құдайдың құтты күні жатар алдындағы тілеуіне «Бабамыз Мәкиленің шешендігі мен өнерін менің ұрпағымның біріне бұйырта көр» – деп, Алладан сұрайтын. Мүмкін сол анамның сөзі періштенің құлағына шалынған болар, мүмкін аузы дуалы болды ма кім білсін, әйтеуір Исахан мен Қапизадан ұлдар да ешкімге есесін жібермейтін, сөзге келгенде ешкімге дес бермейтін Ахмет, одан кейін Бағдат болатын. Оралхан ұзын бойлы, шашы толқынданған қайратты қатты еді ғой… Бөкейді өзің көзіңмен көрдің, бәкене бойлы, көп сөйлемейтін, сөйлесе сөздің түбін түсіретін адам екенін. Бірде әңгімелесіп отырып Оралханға осыны айтқанмын, мүмкін осы сөзім оған ой салған болар» – деген-ді. Осы әңгімеден соң мен де Оралхан сөзінің ортасына «Ахметті» қосқаны содан шығар деген ойға келдім.

Тоқтарбек Мағзұмов,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Осы айдарда

Back to top button