Қоғам

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығын қалай тойлаймыз?

Мейрамтай Иманғали

Алдағы жылы Алтайдың асқақ жыршысы атанған жазушы  Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толмақ. Жазушының 80 жылдық мерейтойын қалай өткізу керек?  Міне, осынау мәселеге байланысты Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада зиялы қауым өкілдері бас қосып, келелі отырыс өткізді. Халықтың рухани өміріне, әдебиет пен мәдениетке қатысты орынды пікірлер айтылды. Осынау басқосуға біз де қатысып, біраз нәрсені көкейімізге түйіп қайтқан болатынбыз.

 Рухани кездесуге ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық  филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров және «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Исабеков қатысты. Жүздесудің басында  жазушы Әлібек Асқаров пен баспагер Нұрлан Исабеков жиналғандарға жақында ғана саха еліне барған сапары жайында әңгімелеп берді.

– Қыркүйектің басында саха еліне, орысша айтқанда Якутияға барып қайттық. Жалпы саха жеріне барсақ деген ой баяғыдан бар болатын. Бұл жолы сәті түсті. Жазда  «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан бауырым өз қаражатымен «Еуразия» атты халықаралық кітап жәрмеңкесін өткізген еді. Әрі Нұрлан саха әдебиетінің классигі Николай Лугиновтың  Шыңғысхан туралы романын қазақшаға аудартқан-ды.   Сол жәрмеңкеге саханың алты жазушысы келіп қатысты. Қонақ еттік, тауға-тасқа апардық.  Өз кезегінде олар да бізді өз еліне қонаққа шақырды. Бардық. Оншақты күн сол жақты аралап қайттық, – деген жазушы Әлібек Асқаров  қазақ-саха жазушылары арасындағы әдеби-мәдени байланыс туралы  біраз әңгімелеп берді.

Қазақ жазушылары Саха еліне үш рет, 1971, 1983, 1991 жылдары барған екен,  ал олар Қазақстанға 1965 және 1983 жылдары келіпті.

–  Саха территориясы Қазақстаннан үлкен.  Сол алып  жерде 920 мыңдай ғана халық тұрады. Оның ішінде якуттардың саны 450 мың ғана, ар жағындағы 400 мыңның үстінде өзге ұлт өкілдері тұрады.  Байқағанымыз, якуттар мүмкіндігінше өз тілінде сөйлеуге тырысады екен. Тек ресми кездесуде ғана орысша сөйлейтін көрінеді.  Мұның себебін үлкендерінен  сұрағанымызда, «Бүйтпесек тіліміз мүлдем құрып кетеді» дегенді айтты, – деген жазушы Әлібек Асқаров саха зиялыларының «Шіркін-ай, қандай бақытты елсіңдер» деп  біздің Қазақстанға қызыға қарайтынын да айтты.

–  Сіздермен кездесуіміздің бір мәнісі, маңызы  – келер жылы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығын тойлағалы отырмыз. Сол тойға дайындық мәселесі. Сіздерден әдемі бір ұсыныстар болса, соны біз іске асырсақ, министрлікке, Үкіметке жеткізсек, – деген жазушы  Әлібек Асқаров  Оралханның атын өшірмей, жаңғыртып отырған кітапхана ұжымына зор алғысын білдірді.

Сонымен Оралхан Бөкейдің 80 жылдығын өткізуге байланысты қандай ұсыныстар айтылды?

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының Жастар труппасының  режиссері Абай Дәулетұлы Оралхан Бөкей атындағы театр фестивалін өткізу жөніндегі өзінің ойын ортаға салды.

– Неге Оралхан Бөкей атамыздың атындағы  театр фестивалін ұйымдастырмасқа? Себебі, театр – халыққа рухани азық беретін орын.  Қазақстанның түкпір-түкпірінен театрлар қатысып,  Оралханның шығармаларынан қойылымдар қойып жатса, ғажап емес пе? Жарысу мақсатында емес, үлкендер мен жастарға насихат ретінде ұйымдастырсақ деймін мұны. Нельсон Манделаның «Егерде халық тілі мен мәдениетін ұмытса, онда шекараңды аш» деген сөзі бар.  Қазақстандағы барлық театрдың саны небары 69 ғана, ал тойхананы санайықшы. Сан жетпейді.   Жылына 100 мейрамхана ашылса, бір ғана театр ашылады деген сөз. Театрға адам келмейді. Жарнама жоқ. Астана мен Алматыдағы театрларға ақша жақсы бөлінетін болса, аймақтардағы театр қаражатқа зәру, – деді жас режиссер. Осы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі  Шолпан Кеңесханқызы бұл әңгімені әрі жалғады.

– Бізде бір облыста бір ғана театр болса, онда  үш труппа бар, яғни, орыс труппасы, қазақ труппасы және жастар труппасы. Оның ішінде қазақ труппасында Оралхан Бөкейдің шығармалары бар. «Мынау аппақ дүние», «Қасқыр ұлыған түнде» деген шығармалары қойылған, қойылып келе жатыр. Жазушының алдағы 80 жылдық мерейтойына орай әрбір труппа жоспар құрады.  «Жылымық», «Қар қызы», «Атау кере» атты шығармаларының бірін сахналайтын боламыз, – деген Шолпан Кеңесханқызы  сексен жылдан астам тарихы бар орыс труппасының  да бұл шарадан қалыс қалмай,  үн қосуы керек екенін меңзеді. Айтуынша, орыс театрының репертуарында қазақ драматургтерінің бір-ақ шығармасы бар көрінеді. Өйткені облыстық мәдениет басқармасы,  министрлік тарапынан  «Неге қазақ драмтургтерінің шығармаларын қоймайсыңдар?» деген талап жоқ. Бұл мәселе шынында да біраз адамды ойландырып тастағандай болды. Ал ақын, драматург, қалалық мәслихаттың депутаты Әскерхан Ақтай Оралханның шарапаты жастарға  да тисе, мерейтой қарсаңында жас ақын-жазушылардың кітабын шығарсақ деген жақсы бір ұсынысын жеткізді.

– Шығыста жас ақын-жазушылар көп.  Жиырма шақты қыз-жігіт бар. Бірақ әлі біреуінің кітабы шыққан жоқ. Алды отыздан асып бара жатыр.  Кітап шығарайын десе ақшасы жоқ, – деген ол келер жылғы «Абай әлемі» сериясы жастарға арналса деді.

Ал облыстық мәдениет басқармасының қызметкері Гүлжан Қазымова Катондағы Оралханның музей үйінің бүгінгі таңда қараусыз қалғанын айтып, сол үйді Өскеменге көшірсе деген пікірін айтты.

–  Мысалы, Семейде Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі бар. Мен сол музейге қатты қызығамын.  Бізде де Оралхан Бөкей атындағы әдеби-мемориалдық музей ашылса деймін. Оны, әрине, бір айдың ішінде көшіріп әкелу мүмкін емес шығар, бірақ бір жылдың көлемінде  көшіріп әкелуге болады, – дейді Гүлжан Қазымова.  Гүлжанның ұсынысына ақын,  Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев  «Жарайды, көшіріп әкелейік. Бірақ медальдың екінші жағы бар. Осындағы музейіне халық бара ма?» деп қарсы сауал қойды.

«Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақытжан Райсова «Оралхан оқуларын» қайта жаңғырту, мектеп оқушылары арасында Оралхан Бөкей шығармаларын насихаттау  туралы ойларын ортаға салды.  Ақынның өзі таяуда Оралхан мен сүйген жары Айман екеуінің арасындағы «Махаббат мұнарасы» атты  поэма жазып бітіріпті. Біз іштей театр сахнасына сұранып тұрған дүние екен деп ойладық.

Ал  айтыскер ақын, әріптесіміз Серік Құсанбаев Оралхан Бөкейдің  80 жылдығын тойлауға байланысты  екі түрлі ұсынысын ортаға салды.

– Оралхан Бөкейдің 60 жылдығында үлкен республикалық айтыс болған. Павлодардан арнайы келіп, қатысқанмын.  Оралханның 80 жылдық мерейтойында да  айтыс өтсе деген тілегім бар, кейін ол айтысты  кітап етіп шығаруға да болады, – деген ақын «Оралханның ордасы» деген тамаша бір идеяны көпшіліктің талқысына салды.

Ал Оралхан Бөкей атындағы кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова шараларда заманауи техника мүмкіндігін  кеңінен пайдалану, жастарды жаңа технологияға баулу туралы, қоғам және мәдениет қайраткері Т.Түсіпбеков жазушы шығармалары бойынша көркем фильм түсіру, Өскемендегі  №44 орта мектеп директоры Жаңыл Назарбаева О.Бөкей атындағы орта мектеп орналасқан көшеге жазушы есімін беру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров екі сағатқа жуық болған кездесуде айтылған бұл ұсыныстардың барлығын тиісті орындарға жеткізуге уәде берді.

Осы айдарда

Back to top button