Оралхан Бөкейді басқа тілде сөйлеткен кім?
«Нұрлан ұйқысын аша алмай, мең-зең болған соң бетін суық сумен шайып жіберейін деп өзен жағасына барып еді, бұрынды-соңды көрмеген ғажап көрініске қайран қалды. Бұқтырманың жиегінде бар байлығымен шағидай судыраған шашын тарқата жайып жіберіп, аппақ сазандай қыз отыр. …Ақ қайың балтыры, соншалық таза, мінсіз беті, таңғы шықтай жылт-жылт еткен шашы көз қарықтырады. Ол тағы да өзгеше бір нәзік пішінмен күлді, сонсоң Нұрланды ымдап шақырғандай болды».
Оралхан Бөкейдің шығармасын дауыстап оқыған қыз үні де Жастар саябағына жиылған жұртты елең еткізіп, демде үйіріп әкетті.
– Алтайдың Кербұғысы дүниеден озғалы 25 жыл. Деректерде оның 17 мамырда көз жұмғаны айтылады. Көзі тірі болса, биыл 75 жасқа да шығар еді. Біз әйгілі жерлесімізді еске алып, поэтикалық кеш өткізуді ұйғардық, – деді облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының қызметкері Гүлжан Кашакуқызы.
Музей қызметкерінің айтуынша, бұрын жазушының шет тілдерге аударылған туындыларына аса мән берілмей келген екен.
– Осы іс-шара барысында олқылықтың орнын толтыруға тырыстық. Жазушының павильонына шығармаларын орысшаға аударған Анатолий Ким, Анатолий Кончинц, Бақытжан Момышұлы сынды көптеген қаламгердің еңбектерін орналастырдық. Бұл аудармалар арқылы Оралхан шығармашылығымен орыс қоғамы танысып, кейіннен сол тілден басқа тілдерге де көшіп, жаһанға тараған, – дейді өзі. – Ал Оралхан Бөкейді алғаш басқа тілде «сөйлеткен» кім десеңіз, ол жазушы Роллан Сейсенбаев. «Қамшыгер» әңгімесімен.
«Есін ептеп жинағанда әлгі күнмен таласқан алтын шашты қыз ұзап бара жатыр екен. …Жүріп емес, жүзіп бара жатқандай, әне… жүз метр қашықтықта – бәлкім он метр қашықтықта маңып барады…», деп аяқтады қыз оқуын. Бұл «Мынау аппақ дүние» повесінен үзінді болатын. Поэтикалық кештің жүгін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ жанынан құрылған «Шабыт» студенттер театры арқалады. Тұманың суындай тұнық, әмбеге белгілі туындылармен айнала жұрттың сусынын қайта бір қандырды жас әртістер.
Меймандар болса, жазушының тұңғиық әлеміне бойлаған сайын тереңдей берді. «Мезгіл әуендері» атты әңгімелер топтамасының желісімен жазған суретші Гүлнар Бекбердинованың жұмысы керемет енді…
– Өткен ғасырда Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды ғой. Сонда да Оралхан Бөкей осы шығармасында ұлық мерекені сөз етеді. Кейіпкердің түсі арқылы. Түсінде «мен ішпеймін, мен физикпін» деп илікпей тұрған, қағынан жеріген кейіпкерге ақ әже: «бұл – наурыз-көже, бүгін ұлыстың күні, бүгін қазақтардың жаңа жылы. Іш, айналайын, атаңның асы ғой, іш, сырқатыңнан айығасың» деп тақымдап ішкізіп жібереді. Міне, көрмеге осы әңгімелер топтамасына байланысты жазылған суретшінің триптихі ілінді, – деді Гүлжан Кашакуқызы.
Таң-тамаша болған меймандар тұңғиық әлемге тереңдей берді.
Тасқын Болатұлы