Руханият

Оралхан Бөкей атындағы әдеби зал ашылды

 Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Рухани жаңғыру»  және «Рухани қазына» бағдарламалары аясында Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада Оралхан Бөкейдің әдеби залы салтанатты түрде ашылды. Шараға Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, Оралхан Бөкейдің туған-туысқандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

 Оралхан Бөкей әдеби залының ашылуы шаһарымыздың мәдени өміріндегі ең бір қуанышты жаңалық болғаны рас. Әсіресе, кітапқұмар оқырмандар мен әдебиетсүйер қауымның мұндай заманауи әдеби залдың ашылуын ұзақ күткені де шындық. Міне, енді олардың арманы орындалды. Кең де жарық заманауи әдеби залда жазушының кітаптарынан бөлек, өмірі мен шығармашылығынан біраз мағлұмат беретін жергілікті мұрағат қорынан алынған мәліметтер топтастырылған екен. Кітапхана ұжымының ақпараттық қор құру барысында көп ізденіп, жетістіктерге де жеткенін байқауға болады. Кітапхана қызметкері Әсел Омарова осынау қуанышқа жиналған көпшілікті алдымен кітапхана сайтындағы  «Оралхан әлемі» парақшасымен таныстырып өтті. Енді электронды қор тек қазақстандықтарға ғана емес, жазушы туралы мәлімет іздеген әрбір адамға қолжетімді. Жазушының орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және өзге де тілдерге аударылған шығармалары да осында сақталған. Кітапхана қызметкерінің айтуынша, электронды қор толықтырылып отыратын болады. Сондай-ақ жазушының  атындағы әдеби залда ақын-жазушылармен кездесулер, шығармашылық әдеби кештер және т ағы басқа т.б. шаралар ұйымдастырылады.

– Бүгін біз ұлағатты шараның куәсі болып отырмыз. Неге десеңіздер, жергілікті жерден шыққан талантты, атақты тұлғаларды дәріптеу арқылы  біз өзіміздің өңірді, өзіміздің қаламызды да дәріптейміз. Осы орайда Оралхан Бөкейдің әдебиетіміздегі қандай құбылыс екенін, өзінің туған жерін, елін қаншалықты сүйгенін, жазған шығармаларын сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан  да  біздің басты мұратымыз – Оралхан  Бөкей есімін, шығармаларын насихаттау арқылы өзіміздің  жерімізді,  өзіміздің өңірімізді дәріптеу. Қазіргі жас буынға жазушының мұрасын насихаттау  үшін осындай әдеби залдар қажет. Бұл жерде ертең шығармашылықты сүйетін оқырмандардың ортасы қалыптасатын болады, – деген қала әкімі Жақсылық Омар осынау әдеби залды ашуға, жабдықтауға қол ұшын созған демеушілер мен кітапхана басшылығына, жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызына ризашылығын білдірді.

Оралхан Бөкейдің шығармалары орыс тілді оқырманға Анатолий Кимнің аудармалары арқылы жетті. Шара барысында тәржімашы Анатолий Ким видео арқылы құттықтау жолдап, жазушының өшпейтін, өлмейтін шығармалары туралы сөз қозғады. Өткен жылы  Оралхан Бөкейдің «Кісі киік» кітабы ағылшын тілінде жарық көргені белгілі. Саймон Холлингсворт пен Саймон Гейган атты  аудармашылар тәржімалаған сол кітаптың Лондоннан Қазақстанға небары төртеуі ғана жіберілсе, соның бірін жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы осы кітапханаға тарту етіпті. Жиында осынау әдеби залдың ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы да тебірене сөз сөйледі.

– Ерке Ертіс өзенінің жағасындағы осынау тамаша кітапхананы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана деп айтып жатырсыздар. Бір кезде жазушының есімі театрға  беріледі деп қаншама материалдар мен пьесаларын жинап едік. Бірақ театрға берілмей, есімі осы кітапханаға берілді. Шынында да, кітапханаға  есімі  берілуі – жазушы үшін  үлкен мәртебе, – деп сөзін бастаған Ғалия Бөкейқызы Қазақстанның  көп өңірінде мұндай әдеби залдың жоқтығын, бұл алғашқы  бастама екенін атап айтты. Сондай-ақ өзі де жазушының өмірі мен шығармашылық лабораториясы туралы естеліктерін ақырын-ақырын ізденіп, жазып жүргенін,  келешекте ол естеліктердің де жарық көріп қалатынын айтты. Айтуынша,  «Оралхан Бөкей үйі» атты халықаралық қор құрылып, қазіргі таңда  жұмыс істеп жатқан көрінеді. Жазушының туған жеріндегі Оралхан Бөкей мұражайының жұмысы да келесі жылы жанданбақ

Сондай-ақ әдеби залдың ашылу салтанатында Оралхан Бөкейдің туысы А.Исақанов, жиені Т.Мағзұмов сөз алып, осынау залдың ашылуына мұрындық болған қала басшылығы мен демеушілерге, кітапхана ұжымына ризашылығын жеткізді.

Осы арада әдеби залды керек жарақтармен жабдықтауға көмектескен жоба демеушілері кәсіпкер Ғани Шаймарданов, «KAZZINK» ЖШС, «Ореол LTD» ЖШС екенін де айта кеткен орынды болар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button