ТОП

Орақ науқаны қыза түсті

Азамат Темірбеков

Биыл Шығыс Қазақстанда орылатын егіс алқаптары былтырғы жылға қарағанда 24 мың гектарға артып, орташа түсім жылдағы деңгейден төмен болмайды деп болжануда. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.

Бүгінгі күні Шығыс өңірінде орақ науқаны басталып кеткен. Ауыл шаруашылығы басқармасының таратқан ақпараты бойынша, қазіргі уақытта  дәнді және бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары тамыз айынан  бері жалғасып келе жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, орақ науқаны еш кедергісіз жылдағы уақытында басталған.

– Ресми статистикалық деректерге сәйкес, былтыр дәнді дақылдар 615,6 мың гектар алқапқа отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш 639,6 мың гектарды құрады. Осылайша, дәнді дақылдар отырғызылатын егіс алқаптарының алаңы 24 мың гектарға артты, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылы eгic алқаптарының жай-күйі жаман емес көрінеді. Жаз маусымы бастапқыда жауын-шашынсыз басталып, шаруаларды алаңдатқаны рас. Дегенмен, дақыл көктеген уақытта ылғал көп түсіп, диқандардың көңілі жайланды. Осының арқасында қазір Ертістің бал бонитеті жоғары оң жағалауы мен құнары аз сол жағалауындағы егіс алқаптарынан дәнді дақылдардың түсетін орташа түсімі гектарына 18 центнерді құрайды деп болжанып отыр.

Биыл орақ науқанын Ұлан, Шемонайха аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары бірінші болып бастап кеткен.

– Облыс бойынша таяуда дәнді дақылдар 100 пайыз көлемде жиналады деп болжанған. Атап өтер болсақ, күздік және жаздық бидай, қара бидай, арпа, сұлы, тары, қарақұмық, масақтылар қоспасы, қара бидай буданы, кептірілген бұршақты көкөністері жиналды. Жиналған астықты кептіру және сақтауда да мәселе жоқ деп ойлаймын. Өйткені облыста бар элеваторлар, астық қабылдау пункттері және ауыл шаруашылығы құрылымдарының меншікті қоймалары шамамен 1 млн. тонна астықты сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Рамиль Сағандықов.

Жаңа өнімді өңдеу үшін облыс аумағындағы шаруашылықтарда әртүрлі қуаттылықтағы 209 механикаландырылған ток бар, олар астықты бастапқы өңдеуді қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін сақтаумен қуаттылығы 327,9 мың тонна болатын лицензияланған бес элеватор айналысады.

Орақ маусымы бастала жыл сайын қайта айналып соғатын проблемалардың бірі – жанар-жағармай тапшылығы екені бесенеден белгілі. Биыл да елімізде бұл мәселенің бой көтергені белгілі. Жер-жерлерде дизель тапшылығы мен құнының шарықтауы сияқты ақпараттар тарады. Дей тұрғанмен, басқарма қазіргі уақытта өңірлердегі жанар-жағармай тапшылығының орташа деңгейде тұрғанын атап өтті. Оpaқ науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті жанар-жағармайды жеткізуге міндетті операторлар белгіленген. Атап айтсақ, бүгінде облыс бойынша осындай 20 оператор жұмыс істейді.

– 2022 жылы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің Энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарына Павлодар мұнай-химия зауытынан 17,8 мың тонна дизель отынын бөлді. Аталған дизель отынының көлемі тамыз айына 7,4 мың тоннаға, қыркүйекте 7,6 мың тоннаға және қазан айына 2,8 мың тоннаға бөлінді. Операторлардың тамыз және қыркүйек айларындағы босату бағасы литріне 204-тен 212 теңгеге дейін болды. Дизел отынын бөлуде субсидиялау шаралары қарастырылмаған, – дейді Рамиль Сағандықов.

Бұдан бөлек, облыстағы шаруашылықтардың техникалық қамтамасыз етілуі де жаман емес көрінеді. Атап айтсақ, биыл егіс алқаптарына 2074 астық жинайтын комбайн шықса, оның 355-і – өнімділігі жоғары заманауи комбайндар. Комбайнға орташа маусымдық жүктеме 350 гектардан аспайды, яғни, бір комбайнның маусымдық жүктемесі 300 мото/сағат немесе 600 гектарға дейін. Мамандардың хабарлауынша, бұл астық жинау маусымына арналған нормативтік жүктемеге сәйкес келеді екен.

Осы айдарда

Back to top button