Қоғам

Қор қызметі заманауи деңгейде

        Бірыңғай жинақтаушы зейнатақы қорының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ғимаратында бұрынғыдай ығы-жығы халықтың қарасы көрінбейді. Қызметкерлердің жылы жүздесуінен бастап, операциялық залда орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған электронды терминалдар мұндағы қызметтің халықаралық стандарттарға сәйкес екендігін көрсетеді.  Өңірдегі филиалдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы «БЖЗҚ» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының  директоры  Мамыралы Мәмбетов мырзадан сұрап білген едік.

           – Мамыралы Жұмабекұлы, бүгінде зейнетақының  қанша түрі және қалай төленетіндігі  жайлы оқырмандарымызға түсіндіріп өтсеңіз?

         –Еліміздегі зейнетақы жүйесі еңбек өтіліне байланысты мемлекеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы, жұмыскер жалақысының 10 пайызын құрайтын міндетті жарнадан, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің пайдасына жұмыс берушінің есебінен аударылатын 5 пайыз жарнадан және ерікті жинақтаушы жүйеден құралады. Ал 2023 жылдан бастап бұған міндетті шартты жинақтаушы жүйесі қосылады. Ол бойынша барлық жұмыскерлер үшін жұмыс беруші өз есебінен 5 пайыз көлемінде жарна аударады.

Бүгінде облыстағы халық саны – 763 650 адам, оның ішінде жұмысқа қабілетті азаматтар – 404 627,  жалдамалы жұмыспен қамтылғаны – 295 020, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 90 038, жұмыссыздар – 19 569. Салымшылар саны – 640 415 адам. Зейнетақы жинағының жалпы көлемі – 549 млрд теңге.

        -Шығыс өңірі өндірістік аймақ болғандықтан, міндетті жарнадан бөлек кәсіптік жарна төлейтін кәсіпорындар көп шығар?

       – Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған «Казцинк», «Үлбі металлургия зауыты», «Титан-магний комбинаты», тағы  басқа да кәсіпорындар зиянды өндірісте еңбек етіп жүрген жұмыскерлерге міндетті  жарнадан бөлек қосымша бес пайыз кәсіптік жарна төлейді. Осы мекемелердің барлығымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Бұл ретте салымшы, зейнетақы қоры және жұмыс берушінің арасында үшжақты келісім жасалған. Бұл жинақтың сақталуына да мемлекет кепілдік береді. Салымшы зейнетке шыққанда міндетті және міндетті кәсіптік жарнадан жинақталған екі сома қосылып төленеді.

          – Қала, ауыл-аймақта тұрақты жұмысы жоқ азаматтар саны аз емес.    Болашақта лайықты зейнетақы алу үшін оларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

          –Иә, ауылдарда егіншілікпен, ауыл шаруашылығымен, бала тәрбиесімен айналысып отырған немесе таксист болып өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар аз емес. Ендеше олардың осы бастан өздеріне есепшот ашып, жарна аударып отырғаны жөн. Сол арқылы еңбек өтілін, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін көбейтеді. Бұл өз кезегінде  зейнеткерлікке шыққанда мемлекеттен төленетін базалық зейнетақыны ғана емес, сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы қорынан да үлесін алуға септігін тигізеді. Қазіргі зейнетақының 70 пайызын мемлекет төлейді, қалғаны жинақтаушы зейнетақы жинағынан төленеді. Бірте-бірте мемлекеттен төленетін сома азая бастайды. Себебі 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар салымшылар саны азаяды.

Бірыңғай жиынтық төлем облыс орталығының тұрғындары үшін 1 айлық есептік көрсеткішті, яғни 2525 теңгені, ал ауыл тұрғындары үшін осының жартысын құрайды. Осы соманы әр адам өзі үшін аударуы керек. Бұл сома төртке бөлінеді: 10 пайызы табыс салығы, 20 пайызы әлеуметтік сақтандыру қорына, 30 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 40 пайызы міндетті медициналық сақтандыруға аударылады.

      – Облысымызда филиалдарыңыздың қанша бөлімшесі жұмыс істеп тұр?

       – Еліміздің әрбір азаматы үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі, қордың қызметі туралы ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта өңіріміздегі алты ауданда қызмет көрсету орталықтары, төрт ауданда тұрғындарға қызмет көрсететін арнайы мамандар жұмыс істейді. Шалғай ауылдардағы 38 «Қазпошта» бөлімшесінде зейнетақы жүйесіне қатысты қызметтер көрсетіледі. Атап айтар болсақ, жергілікті тұрғындар Қазпошта бөлімшесінде мынадай қызметтерді алады: салымшының қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің нөмірі, телефон нөмірі, электронды және пошталық мекенжайы) өзгерту/толықтыру туралы өтініш беру және хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ электрондық форматтағы қызметтеріне қол жеткізу) туралы келісім жасау.

Осындай бөлімшелер санын алдағы 2020 жылы 96-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Өңірдегі кәсіпорындарда көшпелі және тұрғындарға арналған «Ашық есік күндері» шарасын әр тоқсан сайын тұрақты өткізіп келеміз. Сонымен қатар «Дербес кеңес беру» қызметі іске қосылды. Ондағы мақсат – халық арасында зейнетақыны жоспарлау мәдениетін қалыптастыру. Қазір бұл қызмет жұртшылықтың көңілінен шығып жатыр. Болашағын ойлаған азаматтар жергілікті филиалға келіп, мамандардан ақыл-кеңестер алуда. Филиал мамандары келушілерге көмек көрсетуге әркез дайын.

        -«Мобильді агент» қызметіне кеңірек тоқталып өтсеңіз. Оның мақсат-міндеті қандай?

-Филиалымыздың Барып қызмет көрсету бөлімі «Мобильді агент» жобасы аясында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бұл жобаны іске асырудағы мақсат – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету. Яғни бірінші кезекте денсаулығына байланысты Қор кеңсесіне келе алмайтын, онлайн қызметін пайдалана алмайтын мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қызметкерлеріміз өздері барып қызмет көрсетіп, ақыл-кеңестерін береді. Бұған қоса бөлім мамандары тұрақты түрде жергілікті мектептер мен университеттерге, «Казцинк», «Үлбі металлургия зауыты», «Жылу электр орталықтары» секілді кәсіпорындар мен өӨскемен-Су арнасы» сияқты  мекемелерге, өздері шақырған ұжымдарға барып, зейнетақы қорының жұмысы, заңнамаға енген өзгерістер жайлы ақпарат беріп отырады. Зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірме беру, деректемелерді, шот бойынша ақпарат алу тәсілін өзгерту секілді операцияларды жүзеге асырады. Сәйкесінше мамандар құжаттарды сканерлеп, үзінді-көшірмені басып шығаратын принтер, ноутбук, USB-модем секілді қажетті құралдармен жабдықталған.

         -Цифрлық технология бір орында тұрмайды ғой.  Соған орай халыққа көрсетілетін электронды  қызмет түрлері де көбейіп отыратын болар?

– Иә, қазір Қор қызметтерінің басым бөлігі электронды нұсқада көрсетіледі. Соның нәтижесінде әрбір азамат үйінен шықпай-ақ зейнетақы жинағының жай-күйін біле алады. Бүгінде зейнетақы шотын ашып, шарт жасасу үшін бұрынғыдай Қор кеңсесіне келудің қажеті жоқ. Жұмыс істейтін мекеменің есепшісі зейнетақы жарнасын Қорға аударған сәтте зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады.

Былтырдан бастап зейнетақы тағайындауға қатысты барлық өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қабылдайды.  Қазір зейнеткерлер зейнетақыны тағайындату үшін бұрынғыдай үш мекемеге бармай, халыққа қызмет көрсету орталығына бір өтініш қана береді. Өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он күннің ішінде зейнеткер алғашқы зейнетақысын алады.

Салымшыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және жетілдіру мақсатында қор мамандарының күшімен әзірленген ENPF ұялы қосымшасы таяуда қайта жаңартылып, оны қолдану барынша ыңғайлы бола түсті. Қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін ұялы қосымша арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді,  шарттардың деректемелерін, Қор филиалдарының байланыс нөмірлері мен мекенжайларын көруге болады.  Осы қызметтердің қатары болжамды зейнетақы калькуляторы, онлайн-бот және халықтың  әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына өтініш жасауға мүмкіндік беретін жаңа қызметтермен толықты. Бұл ретте зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеуге мүмкіндік берілсе, онлайн-бот арқылы қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады. Осында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы арқылы да көптеген қызметті жеке сәйкестендіру нөмірі мен құпия сөз және электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен әп-сәтте алуға болады.

       – Ерікті зейнетақы жүйесінің артықшылығы неде? Азаматтардың болашақта лайықты зейнетақы алуына ол қаншалықты ықпал етеді?

-Халықаралық еңбек ұйымының талабы бойынша зейнеткерлердің зейнетақысы олардың зейнет жасына дейінгі алып жүрген орташа айлық жалақысының кемінде 40 пайызын құрауы керек. Ал оны іске асыру үшін Қорға міндетті жарналармен қоса ерікті жарналарды да аударып тұрған абзал. Егер салымшы ерікті жарналарды тұрақты түрде аударып тұрса, бұл болашақта алатын зейнетақы көлемін едәуір арттыруға септігін тигізеді. Ерікті жарналар шотта бекерге жатпайды. Үнемі ұлғайып отырады. Өйткені әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Сәйкесінше шотқа күн сайын инвестициялық табыс есептеледі. Оның үстіне аударатын жарнаның мөлшерін және аудару жиілігін зейнетақы қорымен келісе отырып, өзі белгілейді. Ерікті жарнаны салымшы өзінің немесе үй шаруасында отырған жұбайының, баласының шотына аударуына болады. Жинақталған ерікті зейнетақы төлемін 50 жасқа толған салымшылар, мүгедектігі бар адамдар, шетелге тұрақты тұруға кететін азаматтар ала алады. Осы ерікті жарнаны салымшы өз есепшотына аударған жағдайда аударылған сомаға табыс салығы салынбайды. Салымшы ерікті зейнетақы жарнасын пошта немесе екінші деңгейлі банктер арқылы аударып отырады. Осыған орай қазір банктер ақшаны электронды түрде аударуға мүмкіндік беретін арнайы қызмет түрін енгізуді жоспарлап отыр.

       -Президент биылғы Жолдауында салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға немесе оқуға төлеуге мүмкіндік беру мәселесін жыл соңына дейін шешуді тапсырған еді. Осы жайлы не айтар едіңіз?

-Иә, құрамына Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының  Еңбек  және  әлеуметтік қорғау министрлігінің,  Ұлттық Банктің, «БЖЗҚ» АҚ мамандары және Қор жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері енген арнайы жұмыс топтары бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал нәтижесі қандай болатынын  уақыт көрсетеді. Өз тарапымнан айтарым, қамсыз қарттықты қазірден бастап ойластыру керек. Ол үшін жарналарды уақтылы әрі толық аударып тұрған абзал.

       – Әңгімеңізге рахмет!

   Айжанат Бақытқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button