Қоғам

Оқырмандар Жүрсінмен жүздесті

Өскеменнің зиялы қауым өкілдері М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, ақын Жүрсін Ерманмен кездесті. Қадірлі қонақ жазушы Оралхан Бөкеймен аралас-құралас болып, бастан кешкен қызықты сәттерін еске алып, өлең оқып, бірнеше айтыскер ақынды халықаралық ақындар одағына қабылдады.

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы  қалалық кітапханада өткен кездесудің шымылдығы айтыскер ақын  Қуаныш  Еркінұлының арнауымен ашылды. «Қара өлеңнің шебері қош келдіңіз, Көркем сөз шеберінің ордасына» деген ақын арнауынан соң, Жүрсін Ерманның өзі сөз алған.

–  Кітапхананы аралап, Оралханның суреттерін, құжаттарын көріп, біраз қобалжып қалдым. Оралхан да естелікке айналып кетті ғой. Менің Оралханмен ара қатынасым, «отношением» біртүрлі болды өзі. Біз оқуға түскенде Оралханның «Лениншіл жас» газетінде істеп жүрген кезі. Оралханның әңгімесі шыққан газетті дүңгіршектен ерте барып сатып алушы   едік, –  деп әңгімесін бастаған Жүрсін Ерман жазушы Оралхан Бөкеймен қалай танысып, қалай жақын араласып кеткені жайлы естеліктің тиегін ағытты. Кейін Жүрсін Ерман Оралхан Бөкейді  жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің үйінде жолықтырады. Сол кезде Оралхан Бөкей Жүрсін Ерманға «Осы мен сені онша жаратпаймын» деп, ойындағысын айтып салған екен. Сол сәтте Жүрсін Ерман да басынан сөз асырмай «Менің де сені сүйіп бара жатқаным шамалы» деп дүңк еткізген көрінеді.

Басында бірін-бірі ұнатпағанымен, кейін екеуі жақын достарға, бірге қызмет істейтін әріптеске айналады. Тағдыр оларды тоқсаныншы жылдардың басында қайта жолықтырып, Жүрсін Ерман Оралхан Бөкей бас редакторы болған «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналасады.  Бұл туралы Жүрсін Ерманның өзінің «Оралхан Бөкейдің биігі мен күйігі» атты естелігі де бар. Осынау кездесуде сол естелікті ақын Жүрсін Ерман тағы да бір қайыра еске алды.

Кездесуде «Шабыт» ақындар мектебінің дарындары Жүрсін Ерманның өлеңдерін мәнерлеп оқып, оқырман қауымды серпілтіп тастады. Шынында да, осы бір кездесу келгендерге ғажап бір рухани азық сыйлады.

Өскемен қалалық мәдениет бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған жүздесу жақсы бір жаңалықпен жалғасты. Өскеменде ақындар одағының бөлімшесі ашылатын болып, бірнеше ақын халықаралық ақындар одағына қабылданды. Ақын Жүрсін Ерман  іс-шараға келген оқырмандардың сауалына жауап беріп, қолтаңба беріп, естелікке суретке түсті.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button