Оқушылар жазғы демалысты қалай өткізеді?

Мейрамтай Иманғали
Облыс мектептері оқу жылын қалай аяқтады? Биыл жазда оқушылардың демалысы қалай ұйымдастырылады? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова осы және өзге де сауалдарға жауап берді.
Бес жүзден астам «Алтын белгіге» үміткер бар
Аймақтың бас педагогының айтуынша, 2021-2022 оқу жылы облыстың 644 мектебінде барлығы 194 476 оқушы білім алған. Биыл 11-сыныпты облыс бойынша 8860 оқушы бітіріп отыр, оның 564-і «Алтын белгіге», 789-ы ерекше аттестатқа үміткер. Ал облыс бойынша 9-сыныпты 17 264 бала аяқтаса, оның 1832-і үздік аттестатқа үміткер. Басқарма басшысы мектеп әкімшілігіне және мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға, мектеп бітіру кешін мейрамханаларда және басқа да көңіл көтеру орындарында өткізуге тыйым салынғанын атап айтты.
28 мамырда 9-сынып оқушылары қорытынды емтихандарды тапсыруды бастап кетті. 28 мамыр мен 6 маусым аралығында олар төрт пән бойынша емтихан тапсырады. Ал 11-сынып оқушылары 27 мамыр мен 10 маусым аралығында бес пән бойынша емтихан тапсырады.
Жалпы, пандемия кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін 26 мамырдан бастап 1-8, 10-сынып оқушыларына арналған жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Маусымның 17-сіне дейін жұмыс істейтін жазғы мектепте педагогтар оқушыларға білімдегі олқылықтарды жоюға көмектесетін болады. Мектепке балалар ата-аналарының өтініші бойынша бара алады.
Биыл мектеп бітірген 8860 түлектің 7510-ы ҰБТ тапсыруды жоспарлап отырған көрінеді. Биыл мемлекеттік білім грантына үміткерлерге ҰБТ-ға екі рет қатысуға мүмкіндік берілген. Бұл ретте оқуға түсуші мемлекеттік білім грантын алуға арналған конкурсқа қатысқанда ең жақсы нәтижесі бар сертификатын ұсына алады.
Тестілеу бес пән бойынша өткізіледі: үш міндетті және екі бейінді. Тест тапсырмаларының саны 120, оның ішінде Қазақстан тарихы пәні бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырма.
Басқарма басшысы тестілеу кезінде түлек білуі және есінде сақтауы қажет маңызды сәттерді де атап өтті.
Тест тапсырушы түлек аудиториядан 10 минуттан аспайтын уақытқа дәліздегі кезекшінің функцияларын орындайтын тестілеу әкімшісінің рұқсатымен және ілесіп жүру арқылы ғана шыға алады. Ал тест тапсырушыларға аудитория ішінде сөйлесуге, өз орнынан басқа орынға ауысуға, жұмыс үшін берілген құжаттармен және А4 форматындағы қағаздармен алмасуға, аудиториядан құжаттарды және А4 форматындағы қағаздарды шығаруға, аудиторияға шпаргалка, оқу-әдістемелік әдебиет, Менделеев пен тұздардың ерігіштігі кестесін, калькулятор, фотоаппарат, мобильді байланыс құралын кіргізу мен пайдалануға тыйым салынады.
Мектеп бітіруші талапты бұзған жағдайда тексеруші тыйым салынған заттарды анықтау және тест тапсырушыны аудториядан шығару актісін толтырады.
Қомақты қаржы бөліп отыр
Биыл өңірдегі оқушылардың 99,9 пайызы жазғы демалыспен қамтылады. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларынан шыққан 44 090 бала (100%), ерекше білім беруді қажет ететін 11 751 бала (75,7%) бар. Биыл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін жазғы демалысты ұйымдастыруға 420 млн. теңге қарастырылған.
Сондай-ақ биыл тағы да бес қала сыртындағы лагерь ашылып, лагерьлердің саны 995-ке жетеді. Қала сыртындағы 35 лагерьдің 26-сы мемлекеттік болса, тоғызы жекеменшік. Сонымен қатар мектеп жанынан 475 лагерь ұйымдастырылған. Қосымша білім беру ұйымдарында, аула клубтарында секциялар, үйірмелер, клубтар, жалпы 485 бейінді алаң жұмыс істейді. Жаңадан ашылатын лагерьлердің базасында бес жаңа бағыт бойынша жазғы демалыс ұйымдастырылады.
Семей, Алтай қалаларындағы IT-лагерьлер балалардың компьютерлік графика және анимация, авто және автомодельдеу бойынша құзыреттерін дамытатын болса, Өскемен, Риддер қалаларындағы тілдік лагерьлерде балаларды тілге оқыту үшін жағдай жасалмақ.
Ал Өскемен қаласындағы бизнес-лагерь оқушыларды көшбасшылық дағдыға, қаржылық сауаттылыққа, шешендік өнерге, актерлік шеберлікке, тайм-менеджментке және бизнес негіздеріне баулитын болады.
Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары Қонаев қаласындағы «Бөбек», Щучинск қаласындағы «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарына бара алады.
Балалар лагерінің жұмысына 855 тәрбиеші, 881 тәлімгер, 1250 қосымша білім беру педагогы және 546 медицина қызметкері, сондай-ақ колледж оқушылары мен облыстағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған педагогикалық жасақтар тартылмақ.
Жаз маусымында мектептен тыс білім беру ұйымдарының жұмысы жалғасады. Жазғы каникулда оқушылар үшін 14 оқушылар сарайы, 39 балалар өнер мектебі мен жеті жас техниктер мен натуралистер стансасы, 58 аула клубы әрқашан ашық болады.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайдалар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Ерік Тұрсынғалиев жаз маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі, жазғы лагерьлерде төтенше жағдайлардың алдын алу, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде айтты.