Қоғам

Оқушылар Елбасы медалімен марапатталды

Семейдің 21 мектебінен 42 оқушы «Ұлт Көшбасшысы» қола медалімен және Елбасы төсбелгісімен марапатталды. Жеңімпаздарға медальдарды салтанатты табыстау рәсімі  №37 мектеп-гимназиясында өтті.

– Наурыз айының басында 12 бала марапатталса,  ал бүгін 30 балаға табысталып жатыр. Сондай-ақ ғылым негіздері бойынша республикалық олимпиаданың облыстық деңгейінен жүлделі орындарға ие болған
Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназияның 18 оқушысы марапатталды. Олардың ішінде екі оқушы Қазақ-Британ техникалық университетінің оқу гранттары мен жеңілдіктерге ие болды. Сонымен қатар ғылым негіздері бойынша облыстық олимпиаданың қорытындысына сәйкес семейлік топ II орын алды. Экономикалық лицей облыс бойынша «Үздік қалалық мектеп – 2021» деп танылды, – дейді қалалық білім бөлімінің дарынды балалармен жұмыс жөніндегі маманы Гүлнар Жәкеева.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «El Umiti» жалпыұлттық бастамасын ұсынған болатын. «Елбасы медалі» бағдарламасын Тұңғыш Президент Қоры мен «Елбасы академиясы» «El Umiti» бастамасы аясында жүзеге асырады. Ол «қола», «күміс» және «алтын» болып бөлініп, 14 пен 29 жас аралығындағы жас буынға беріледі. «Қолаға» 14 жастан, «күміске» 15 жастан және «алтынға» 16 жастан бастап үміткер бола алады. Қола деңгейіне жету үшін алты ай, күміске 12 ай және алтынға 18 ай қажет болады.

Бағдарлама  спорт, дарындылық пен дағдыларды дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі сынды жеті негізгі бағыттан тұрады.

 

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button