
Шығысқазақстандық оқушылар дәстүрлі форматта оқи бастайды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Аймақ басшысының айтуынша, қашықтан оқыту апталығы ауырған балалар санының көбеюіне байланысты мәжбүрлі шара болды. Мәселен, Семейде бір күнде ковидті 37 оқушының жұқтырғаны тіркелді.
– Егер оқыту дәстүрлі форматта болса, онда бұл сан бірнеше есе жоғары болар еді. Барлығы балаларымыздың саулығы мен амандығы үшін жасалуда, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Облыс әкімі қазіргі уақытта инфекция қаупі азайғанын атап өтті, өйткені 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді Pfizer препаратымен вакцинациялау нақты нәтижеге ие. Жалпы, өңірде ревакцинацияның қарқыны жоғары. Жуықта тоғыз мыңнан астам адам қайта вакцинацияланды. 1 ақпанға қарай облыстың 238 мың тұрғынын вирусқа қарсы қайта егу жоспарлануда. Аймақ басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханалардағы төсек қорының жүктемесі бар болғаны 17%-ды құрайды. Стационарларда 251 науқас емделуде. Реанимациялық төсектердің 9% ғана жүктелген.
– Соңғы мәліметтер бойынша, аурудың 449 жағдайы тіркелген және бұл сан күн сайын азайып келеді, демек біз шектеу шараларын біртіндеп азайтамыз. Шағын және орта бизнес саласында бұған дейін де шектеу шаралары алынып тасталған, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ алдағы уақытта жұма намазы облыстың барлық мешіттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқылатын болды.