Қоғам

Оқушылар арасындағы онлайн байқау

Шығыс Қазақстан өнер музейінде өлең дүлділі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Тәуелсіздік тойы аясында ұйымдастырылған шара барысында оқушылар арасында онлайн байқау өтіп, жастар Жамбыл жырын жарыса оқыды.

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық тойы еліміздің түкпір-түкпірінде тойлана бастады. Жалпы қазаққа жыры ортақ ақынның тойы да ортақ. Сондықтан да Шығыс жұрты ақынның сүбелі жырларын мәнерлеп оқыған оқушылар арасында республикалық байқау ұйымдастырды. Онлайн өткен байқауға облысымыздың  аудандары мен Алматы қаласынан барлығы 44 үміткер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздар арнайы ұйымдастырылған кеш барысында марапатталды.

Өнер музейі ұйымдастырған «Өлеңін халыққа арнаған…» атты кешке өңіріміздің өнерпаздары қатысты. Әуезді ән, күмбірлі күймен өрнектелген шарада Жамбыл ақынның «Жиырма бес» «Угәй-әй», «Ақындарға арнау» қатарлы әндерін ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің әншілері шырқады. Ән әуезін ары қарай өнер училищесінің оқытушысы Архат Рахимов  «Сары-Арқа» күйімен жалғады.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі мен өзге де шығармаларын арқау етіп  қойылым қойды. Көпшілік қауымға Жамбыл Жабаевтың шығармашылық ғұмырнамасына қатысты деректі және көркем фильмдерден үзінділер көрсетілді.

Оқушылар арасындағы онлайн байқаудың бірінші орынын Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Ермек Ақбота мен Ю.Гагарин атындағы Күршім ауылының №1 мектебінің оқушысы Айбек Жантыкеев  ие болды. Екінші орынды Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Аманғажы Аспандияр,  Назерке Түйебаева  және Өскемен қаласының  О.Бөкей атындағы №44  лицей-мектебінің 7-сынып оқушысы Мадина Бақытбекова  қатарлы үш оқушы еншіледі. Ал үшінші орынға Іңкәр Жарысқан  мен Инабат Серік  ие болды.

 

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button