
Шығыс Қазақстан өнер музейінде өлең дүлділі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Тәуелсіздік тойы аясында ұйымдастырылған шара барысында оқушылар арасында онлайн байқау өтіп, жастар Жамбыл жырын жарыса оқыды.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 тойы елімздің түкпі-түкпірінде тойлана бастады. Жалпы қазаққа жыры ортақ ақынның тойы да ортақ. Сондықтан да Шығыс жұрты ақынның сүбелі жырларын мәнерлеп оқыған оқушылар арасында республикалық байқау ұйымдастырды. Онлайн өткен байқауға облысымыздың бірқатар аудандары мен Алматы қаласынан барлығы 44 үміткер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздар арнайы ұйымдастырылған кеш барысында марапатталды.
Өнер музейі ұйымдастырған «Өлеңін халыққа арнаған…» атты кешке өңіріміздің өнерпаздары қатысты. Әуезді ән, күмбірлі күймен өрнектелген шарада Жамбыл ақынның «Жиырма бес» «Үгәй-әй», «Ақындарға арнау» қатарлы әндерін ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училишесінің әншілері шырқады. Ән әуезін ары қарай өнер училищесінің оқытушысы Рахимов Архат «Сары-Арқа» күйімен жалғады.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі мен өзгеде шыығармаларын арқау етіп театрлық қойылым қойды. Көпшілік қауымға Жамбыл Жабаевтың шығармашылық ғұмырнамасына қатысты деректі және көркем фильмдерден үзінділер көрсетілді.
Оқушылар арасындағы онлайн байқаудың бірінші орынын ШҚО дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Ермек Ақбота мен Ю.Гагарин атындағы Күршім ауылының №1 мектебінің оқушысы Жантыкеев Айбек ие болды. Екінші орынды ШҚО дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Аманғажы Аспандияр, Түйебаева Назерке және Өскемен қаласындағы №44 О.Бөкей атындағы лицей – мектебінің 7 сынып оқушысы Бақытбекова Мадина қатарлы үш оқушы еншіледі. Ал үшінші орынға Жарысқан Іңкәр мен Серік Инабат ие болды.
Алтай Ғали-Асқар