Қоғам

Оқу корпустары мен жатақханалар жаңартылды

Дәурен Аллабергенұлы

Шығыс Қазақстанның көпсалалы университетінде алғаш рет оқу корпустары мен жатақханалары ішкі және сыртқы жағынан аса ауқымды деңгейде жөнделіп, жаңартылып жатыр. Бұл туралы Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы төрт жыл ішінде Шығыстағы  оқу ордасының барлық оқу корпустары мен жатақханалары талай жылдан соң қайта жаңғыртылды.

– Барлық оқу корпустарының ішіне де, сыртына да жөндеу жүргізілді. Студенттерге жылы әрі жайлы болу үшін жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асырдық, – дейді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген. – Студенттер үйлерінде шойын радиаторлар алюминий радиаторларға ауыстырылды. Жуыну бөлмелері, жылу жүйесі жөнделді. Сондай-ақ №3 студенттер үйінің жертөлесінде фитнес орталық ашылып, шатыр қайта қалыпқа келтірілді. Корпустар мен жатақханалар пандустармен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Екі қабатты кереуеттерді сатып алу жоспарлануда және төсек-орын жабдықтары, матрастар мен жастықтар сатып алынды. № 4,5 Студенттер үйінің қасбеті сырланып, жаңа терезелер қойылды. Бірінші қабаттағы кіру бөлігі күрделі жөндеуден өтіп, ауыстырылды. Сонымен қатар студенттердің барлық үйлерінде дәретханалар мен баспалдақтар толығымен жөнделді.

Мәселен, барлық жатақханалардағы терезелер аумағын мысалға алуға болады. Олар 1974 жылдан бері ауыстырылмаған. Бүгінде олар тот басып, жарамсыз жағдайға жетті. Міне, 48 жылдан кейін ғана олар жаңаларына алмаспақ.

№1,2,3,4,5,7,8,9 оқу корпустарында аудиторияларға жөндеу жүргізіліп, дәретханаларда сантехника қалыпқа келтірілді. Баспалдақтар да назардан тыс қалмады. Бірінші оқу корпусында денешынықтырумен айналысуға арналған үй-жайлар, шешінетін бөлмелер, жуынатын және жаттықтырушы бөлмелері ретке келтірілген.

– Бесінші оқу корпусында шатыр жаңартылды. Мұндай жұмыстар тоғызыншы және екінші корпустарда да жүргізілді. Шатыр соңғы рет 2005 жылы жөнделгенін атап өткім келеді. Қасбеттік жөндеу жұмыстары 20 жыл бойы жасалмаған. Төртінші және екінші оқу корпустарында мұндай сыртқы әрлеу жұмыстары алдағы күндері жүзеге асырылады, – дейді ректор.

№2 оқу корпусында кәрізді жөндеу және радиаторлар мен жылыту құбырларын ішінара ауыстыру жүргізілді. Екінші қабаттағы әскери кафедраның кабинеттеріне әрлеу, жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Әскери техникаға арналған гараж боксында да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күзде Қабанбай батыр атындағы мұражай ашылады, онда заманауи цифрлық технологиялар қолданылмақ. Музей экспозицияларында QR-кодтар мен аудиогидтер арқылы ұлы қазақ қолбасшысының шайқастары ұсынылатын болады.

№7 оқу корпусында қалыпқа келтіру ісі аяқталуда. Бұл жерде болашақ әскерилер жаттығып, спортшылар қысқы көпсайысқа дайындала алады.

№ 3 оқу корпусының қасбеті мен терезелері сырланып, терезелердің сыртқы ағымдары ауыстырылды және жертөле бөлігі жасалды. Сондай-ақ акт залын күрделі жөндеу және аудиторияларда әрлеу  жұмыстары жүргізілді.

“Чайка” бассейні де жөндеумен қамтылды. Қасбеті қалпына келтіріліп, плиткаларды ауыстыру, қасбеттің алдыңғы және бүйір бөлігінің іргетасын бетондау істері қолға алынды. Жаттықтырушы кабинетінде, вестибюльде, киім шешетін бөлмелерде, кір жуатын бөлмеде, жуыну бөлмелерінде жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ №1,2 сауналарда үлкен және кіші бассейндер жөнделді. Автоматтар, кабельдер мен сымдар ауыстырылды.

Сонымен қатар университет базасында “PARASAT” студенттерге қызмет көрсету орталығы құрылды, бұл бірегей орталық университет студенттері мен түлектері үшін ХҚКО ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ базасында “Dana Bala” инклюзивті және үздіксіз білім беру орталығы ашылды, “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығы, “Ореn University” кеңсесі сәтті қызмет етіп тұр. Осы ретте университеттің құрылыс бригадасы үлкен жұмыс атқарды.

“Сібе” оқу-ғылыми өндірістік базасында да 2022 жылдың жазғы маусымына дайындық бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Барлық 10 жазғы үйлер маусымға дайын. Қойма шатырлары ауыстырылды. Базадағы монша күрделі жөндеуден өтті, яғни төбесі мен ішкі бөлмелері ауыстырылды, жаңа пеш орнатылды. Аумақты одан әрі көгалдандыру мақсатында 200 қарағаш көшеттері отырғызылды.

– Бірінші кезекте біз білім беру қызметтерін ұсыну сапасын арттыруды бағдар етеміз. Яғни, ЖОО-ның академиялық, ғылыми және тәрбие үрдісіне жаңа әлемдік трендтерді, үздік ұлттық тәжірибелерді  енгіземіз. Сонымен бірге біз студенттерге университетте жайлы болуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Ол ең алдымен жастар үшін жаңа білімді бағындыруға зор мотивация, – деді Мұхтар Төлеген.

Осы айдарда

Back to top button