Оқу жылын күймен аяқтады

Домбыра Назарбаев зияткерлік мектептерінің басты символына айналды деуге болады. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Нұрғиса сынды әйгілі күйшілердің күйлерінің тарихы оқытылып келеді. 24 мамырда Өскемендегі NIS мектебі де А.Райымбергеновтің «Секіртпе» күйін орындап, оқу жылын күймен аяқтады.
Күйді орындауға мектептің 245 оқушысы қатысты. Күйдің орындалу ерекшелігі, онда «күреу», «толқын», «иыққа қойып» ойнау әдістері қолданылады. Бұған қоса «Домбыра-дастан» атауымен өткен сабақ мектептің YouTube желісіндегі тікелей эфирден берілді.
Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» да бар. Барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді. Домбыра сабағы математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырыла жүргізіледі. Жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» атты дәстүрлі түрде өтетін флешмобта өнер көрсетіп жүр. Домбыра мен ұлттық музыкаға деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс NIS-тің халықтық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау бойынша ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып келеді.
Сондай-ақ 24 мамырда елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепте де мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.
– Елордадағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады, – деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Дәл осы шараны Гиннесс рекордтар кітабына «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркеу жоспарланып отырған көрінеді.
Мейрам Екпін