Қоғам

Оқу жылы екі аптаға ұзаруы мүмкін

Мейрамтай Иманғали

Алдағы 2022-2023  оқу жылынан бастап оқу жылы екі аптаға ұзаруы әбден мүмкін. Еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты бұрынғыдай 25 мамырда емес, 31 мамырда өтсе, таңғалмаңыз. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында Оқу-ағарту министрлігі бұйрығының жобасы жарияланғанын отандық БАҚ-тар жарыса жазып жатыр. Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2 тамызға дейін жалғаспақ.

Бұл мәселеге қатысты қоғамның пікірі тағы да екіге жарылды. Бірі министрліктің оқу жылын екі аптаға ұзарту туралы ұсынысын қолдаса, екіншісі бұл өзгеріске қарсы. Оқу жылын екі аптаға ұзартумен білім сапасы жақсара ма? Қосымша оқу апталарына қандай қажеттілік болды? Сарапшылар мен оқу жылын ұзартуды көздейтіндердің айтар өз уәжі бар. Олардың сөзіне қарағанда, оқу жылын ұзарту оқу жүктемесін азайтуға, күрделі тақырыптарды қысқа уақытта меңгерту мәселесін шешуге, қыстай алған білімнің жазда ұмытылып қалмауына көмектесетін көрінеді.

Жалпы, біздің ел оқу жылындағы апта саны бойынша ең қысқа мемлекеттердің бірі екен. Бізде қазіргі күні 34 оқу аптасы бар. Керісінше, демалыс дегеніңіз жетерлік. Біздің оқушылар жылына 130 күннен артық демалады. Мамандар өзге елдермен салыстырғанда біздің оқушылардың демалысы көп екенін айтады. Мысалы, Израильдің оқушылары 84 күн демалса, Оңтүстік Кореяда – 90, Жапонияда 102 күн демалады екен. Ендеше, өзге елдің баласы оқып жатқанда біздің оқушыларға демалудың қаншалықты қажеті бар?!

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйытқы болуымен бұл мәселе туралы бірқатар талқылау өткізіліп, педагог-ғалымдарымыз біраз қызылкеңірдек болып айтысқан сыңайлы. Тіпті кейбір педагог-ғалымдар қызды-қыздымен оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту туралы ұсыныс тастаған екен. Ал сіз шілдеге дейін балаңыздың мектеп партасында отырып, сабақ оқуына келісер ме едіңіз? Нәтижесінде, министрлік оқу жылын бір ай емес, екі аптаға ғана ұзарту туралы шешімге келгенге ұқсайды.

«Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылын ұзарту күнделікті өтетін сабақтар санын азайтуға, күрделі тақырыптарды оқу қарқынын төмендетуге, білім беру процесін дамытатын оқыту қағидаттарында ұйымдастыруға мүмкіндік береді»,  делінген министрліктің хабарламасында.

Құжатқа сәйкес, бірінші сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 35 апта болса, 2-11 (12) сыныптарда 36 оқу аптасы болмақ. Бұдан бөлек, алдағы оқу жылында барлық сыныптарға төмендегідей каникул кезеңін белгілеу ұсынылып отыр:

күзгі каникул – 7 күн (2022 жылдың 31 қазанынан 6 қарашасын қоса алғанда);

қысқы каникул – 9 күн (2022 жылғы 31 желтоқсаннан 2023 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда);

көктемгі каникул – 9 күн (2023 жылғы 18-26 наурызды қоса алғанда).

Бірінші сынып оқушыларына да қосымша жеті күндік каникул енгізіледі – 2023 жылдың 6 ақпаны мен 12 ақпанын қоса алғанда.

Айды аспанға шығарған Айдын екен

Жалпы, оқу жылын ұзарту туралы әңгіме қайдан шықты өзі? Қоғамды дүрліктіріп, тыныш жатқан жыланның құйрығын басқан кім? Бақсақ, бәрін бастаған өзіміздің самарлық жерлесіміз, кәсіпкер Айдын Рахымбаев екен. Айдынның тек зәулім-зәулім үй тұрғызатын кәсіпкер ғана емес, білім саласындағы бірқатар жобамен де айналысып жүретінін біздің оқырмандар өте жақсы біледі. Сол Айдынымыз айды аспанға бір-ақ шығарып, оқушылардың үш айлық жазғы каникулын қысқарту туралы бастама көтеріпті. Кәсіпкер жерлесіміздің оқу жылын 34 аптадан 38-ге ұзарту туралы бұл бастамасы Премьер-Министр мен білім министріне ой салған секілді. Тіпті Премьер-Министр каникулды қысқарту бойынша Binom мектептерінде пилоттық жобаны жедел іске қосуды тапсырыпты. Бұл туралы Рахымбаевтың өзі Facebook парақшасында: «Біз жыл сайын оқудың 1-1,5 айын жоғалтамыз. Сонымен қатар америкалық ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, балалар жазғы демалыс кезінде оқыған барлық материалдың 25%-ын ұмытып қалады. Сондықтан біз оқу жылын кем дегенде 38 аптаға дейін ұзартуды ұсындық. Білім министрлігі бұл бастаманы қолдап, регламент келісіліп жатыр. Биыл Binom мектептерінде пилоттық жоба ретінде бастаймыз», – деп жазған болатын.

Олқылықтың орны толады

Ал оқу жылын екі аптаға ұзарту туралы облыстық білім басқармасының басшысы не дейді?

– Дәстүрлі түрде оқу жылы оқу кезеңінен, емтихан кезеңінен және мектеп демалысынан тұрады. Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталды, яғни балалар бір оқу жылында 170 күн немесе 34 апта оқиды. Жылдық жүктеме – 9 106,5 сағат. Демалыс күндері әр жылы әртүрлі, жалпы 30 күнге дейін. Бұл ретте оқушылар күніне 5-6 сабақ оқыды. 2017 жылдан бастап ел мектептерінде бес күндік оқыту енгізілді. Мұндай шешім ата-аналардың көптеген өтініші бойынша қабылданды. Сол кездегі басты дәлел-ата-аналардың көпшілігінің жұмыс күндері бес күнге созылады, ал балаларға ата-аналарымен бірге отбасында болу, бірлескен үй жұмыстарымен айналысу құқығы берілуі керек. Айтпақшы, мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар

Оқу күні кестеден алынып тасталғанымен, бірақ оқу бағдарламасы азайған жоқ. Өйткені пәндер бойынша алған білім көлемін азайту мүмкін емес. Осыған байланысты сенбі күнгі оқу сағаттары басқа бес күнге ауысты. Осылайша, кестеде 7-8 сабақ пайда болды және оқушыға жүктеме едәуір артты. Бұл әсіресе екі ауысымда оқитын балалар мен мектептер үшін қиын болды, онда екінші ауысымның күнделікті сабақтары кешкі 20.00-ге дейін созылды. Бұл іс жүзінде аптасына екі күн демалыс болса да, баланың денсаулығына үлкен жүктеме, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақтың бас педагогы Сайрангүл Жұмаділова.

Оның айтуынша, бір жылдағы оқу күндерінің санына әсер ететін тағы бір фактор – бұл мерекелер. Қазір олардың саны бір жылда 10 күнге дейін. Бұл күндер, әрине, кейде оқу күндеріне тұспа-тұс келеді, ал демалыс күндерін есептесек, екі аптаға жуықтайды. Осылайша, 34 оқу аптасы одан да азаяды. Бірақ  мемлекеттік білім стандарты бар, оқу бағдарламалары бар. Мектеп бағдарламасында жаратылыстану пәндеріне сағат аз болған соң физика, химия, биология, география, информатика сияқты пәндер аптасына екі сағат қана оқытылады.

– Бүгінгі таңда бірде-бір мұғалім сағаттарды қысқартуға келіспейді. Әр мұғалім өз сағаттарын қорғайды және бұл түсінікті. Осының бәріне қарамастан, білім беру сапасын сөзсіз арттыру қажет және біз мектептерден осыны талап етеміз. Біздің ойымызша, оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту оқушылардың қажетті білім алуындағы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді, – деді С.Жұмаділова.

Оқу жылы екі аптаға ұзарған жағдайда бұрын аптасына 4 сағат оқытылатын математика пәнінен оқушы 34 оқу аптасында 136 сағат білім алса, 36 оқу аптасында 144 сағат білім алады. Сол сияқты қазақ тілі мен әдебиеті аптасына бес сағаттық жүктеме кезінде 170 сағаттың орнына 180 сағат оқытылмақ.

Білім басқармасының басшысы баспасөз мәслихатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академия оқу жылының оңтайлы ұзақтығы және білім алушылардың оқу жүктемесін азайту бойынша зерттеу жүргізгенін, өз алаңында бірнеше талқылау өткізгенін де айтты. Онда әртүрлі мектептің өкілдері оқу жылының ұзақтығы бойынша әртүрлі ұсыныс айтқан. Бірі оқу жылын 15 маусымға дейін, тағы бірі 20 маусымға дейін ұзартуды  ұсынған. Тіпті оқу жылын 20 тамыздан бастау туралы ұсыныстар да болыпты. «Бірақ біздің жағдайда бұл мерзімдер қолайсыз» дейді білім басқармасының басшысы.

Қоғамның пікірі екіге жарылды

Зерттеу кезінде халықаралық тәжірибе де зерделенген екен. Функционалдық сауаттылық бойынша халықаралық зерттеулерде жетекші елдер – Финляндияда оқу жылының ұзақтығы 38 апта, Сингапурде – 39 апта, Оңтүстік Корея мен Қытайда – 42 апта. Оқу жылын ұзарту тәуліктік сабақ санын қысқартуға ғана емес, сонымен қатар қайталауға және өткен тақырыптарды бекітуге уақыт бөлу арқылы күрделі тақырыптарды оқу қарқынын төмендетуге мүмкіндік береді.

– Сонымен қатар алдын ала қарастырылған шаралар оқушыларға қосымша білім беруге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Өйткені бір күндегі сабақ саны азаяды, есесіне мұғалімдердің кәсіби дамуына уақыт табылады. Осылайша, министрлік жаңа оқу жылын 1 қыркүйекте бастап, 31 мамырда аяқтауды жоспарлап отыр. 1 маусым – Балаларды қорғау күні жазғы демалыстың бірінші күні болады, – деді С.Жұмаділова.

Бұл мәселе туралы әлеуметтік желідегі пікірлер де сан алуан. Мысалы, бірі «Дұрыс шешім. Ыстық, ыстық дейтіндер, 25 мамырдан 31 мамыр арасында ыстық қатты көтеріле қоймас. Мереке күнге дөп келетін сабақтарды кіріктіре бергенше, оқушыларға тақырыпты түсіндіруге, толық өтуге мүмкіндік туады. Сапалы да табысты толық білім алу үшін жасалған шешім деп қабылдаңыздар» десе, тағы бірі «Әрине, білім беру саласында бірқатар тиімді, оңтайлы шаралар жүзеге асырылуда. Бірақ оқу мерзімін екі аптаға ұзартқаннан білім сапасы арта қоятыны шындыққа жанаспайды. Оқу мерзіміне өзгеріс енгізгенше, білім сапасын арттыру жағына, яғни кабинеттердің заманауи үлгіде жабдықталуына, оқулықтардың сапасын арттыруға, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтып, барлық құжаттарды цифрландыруға көшіруге, ата-ана жауапкершілігін күшейтуге, санға емес, сапаға жұмыс істеуге басты назар аударуды жөн деп санаймын!» дейді.

Қалай десек те, бұл мәселенің түйінін шешіп, нүктесін қою қоғамның өз қолында. 2 тамызға дейін сіз де қоғамдық талқылауға қатысып, өз пікіріңізді айтып, үн қосады деп сенеміз.

Осы айдарда

Back to top button