Қоғам

Оқ өтпеген Құран кітап

Қызырбек Дүргінбайұлы

Бұл оқиғаны ауылдың ақсақалдары үнемі қайталап айтып отыратын. Жас ұрпақ ғибрат алсын деп ойлайтын болса керек. Біздің бала көңілдің дінге деген сенімі сол күннен бастап қалыптасқан болар.

– Біз ауылдың бір топ жігіті отар қоймен Сұмдайрық асуымен бастасып жатқан шатқалда жатқан едік. Кең дала «қызыл қанға» бояла бастаған күз айы болатын. Кешкісін жер шолып, көштің жолын бақылап жүрген бір топ қарулы жігіт қосымызға келіп түсті. Ертеңінде асуда соғыс болып қалуы мүмкін екендігін ескерткелі келіпті. Бір күнге қостарыңды келесі шатқалға көшіре тұрыңдар деді. Бейуаз елдің обалына қалмайық деп ескерткелі келгендерін айтты. Келесі күні таң ата ұзын сонар көшкен елдің қарасы көрінді. Артынан естуімізше, 500 түтін ел екен. Жолы күдір таулы асудан көш күні бойы асып жатты. Әредік дүрбі тартып, көшкен елге дұға тілеумен отырдық. Кешкі алакөлеңке жабыла тарс-тұрс атылған оқтың дыбысы естіле бастады. Бір сұмдықтың басталғаны белгілі болды. Көштің соңғы легі асып жатқан кез еді. Өткен күні келіп кеткен жігіттердің ескертуі бойынша ол күні атыс болған жерге жақындамадық. Мылтықтың үні бір сағаттан соң өшті. Жаушы жігіттер ертеңінде түске қарай асуды бір бақылап қайтуымызды өтінген болатын. Айтқан уақытында асуға бардық. Шағылған есік, сынған шаңырақ, түбі тесік қазан… Соғыс көрген дүниенің сынығы жайрап жатыр. Ең өкініштісі, бір қарт адамның мүрдесін таптық. Оқ тиіп мерт болыпты. Ағытылған белбеуінен дәрет сындыруға бұрыла бергенде оқ тигенін аңғардық. Бір таңғалғанымыз, қасындағы тастың үстінде Құран кітап тұр екен. Құран кітаптың бір бүйірін оқ тесіп кіріп барып тоқтапты. Қорғасын оқ Құранның ортасына қадалып тұр. Біз қарттың қойнындағы Құран кітап сол жолы бір рет ажалдан құтқарып қалғанын білдік. Оған дейін де бірнеше мәрте құтқарған болу керек. Қойнындағы қасиетті кітапты қарт дәретке барарда тастың үстіне алып қоймағанда тірі қалар ма еді деп те армандағанбыз. Жарықтықты сол асудың биігіне жерлеп қайттық, – деп ғибратты әңгіме өрбітіп отыратын Сіргебай қарт.

Біз сол кезден бастап ішінде не жазылғанын білмесек те, Құран кітапты дәретсіз ұстауға, аяқпен басуға болмайды деген түсінікті санаға сіңіріп өстік. Ал бүйірін оқ тескен Құран кітапты қартпен бірге көміпті.

 

Осы айдарда

Back to top button