Қоғам

Қоныс аударғандарға пана болды

Семейдегі корей ұлттық орталығының мүшесі Элла Кимнің айтуынша, корей халқы 80 жыл бойы қонақжай қазақ жерінде тұрып келеді. 1937 жылы Қиыр Шығыста тұрған кәрістер мүлдем басқа климаттық және тұрмыстық жағдайларға жер аударылған еді.

– Мен әрқашан қазақ еліне, жеріне рақметімді айтып, алғысымды білдіріп отырамын, – деді Элла Владимировна, – біздің барлығымыз, яғни жер аударылған халықтардың балалары осында нағыз Отанымызды таптық.Қазақ жері өз мүмкіндіктерімізді іске асыруға жағдай жасады.

Семейдегі Достық үйінде орналасқан корей ұлттық орталығының жетекшісі – Леонид Ким. Қалада жүзден астам ұлт өкілі бірлікте өмір сүріп жатыр. Элла Кимнің айтуынша, барлығын достық пен өзара түсіністік байланыстырады.

Айта кету керек, корейлер этнос ретінде корей түбегінің аумағында ежелгі дәуірде қалыптасты. Ғалымдар корей тілі Алтай тіл тобына жатады деп отыр. «Қазір Корея халқының саны 65 миллионға жуық.Кәрістердің 460 мыңы ТМД-да, 100 мыңы Қазақстанда тұрады» деп жазады «Корейлердің көшіп келу тарихы» зерттеуінде профессор Г.Ким.

1937 жылдың күзінде корей халқы шұғыл Орта Азия мен Қазақстанға қоныс аударылды. Қоныс аударушылар барлық облыстарға орналастырылды.

Жергілікті халық қоныс аударушыларға нан беріп, баспана сыйлады.Семейлік корей ұлттық орталығының мүшелері осы тарихи жағдайды еске ала келіп, бауырмалдық танытып отырған қазақ жері әрқашан қымбат екенін айтады. Қазақ халқына ризашылығын білдіреді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button