Қоғам

Оныншы түлектерін ұшырды

Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі өзінің 10-шы түлектерін ұшырды. Биыл  бұл мектепті 99 оқушы аяқтады.  Бұл түлектердің ерекшелігі – 1-ші сыныптан бастап 12 жыл толық оқыған жалғыз толқын.

Түлектердің 8-і «Алтын белгіге», 10-ы «Үздік аттестатқа» үміткер болып, сыртқы жиынтық бағалаудың нәтижесі бойынша  білімдерін 100%-ға дәлелдеп, жоғары білім деңгейін көрсетті.

Мысалы, Дильназ Сейілханова  биология және физика пәнінен екі өнертабыс патентінің иегері, республикалық және халықаралық ғылыми жоба конкурстарының жеңімпазы, IELTS халықаралық емтиханының 8.0 ұпай иегері, QS бойынша рейтингке кіретін жоғары оқу орны Корея мемлекетінің KAIST институтының грант иегері болса,  Жәнібек Шапатов  жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың жеңімпазы, қазақстандық 4 жоғарғы оқу орнына академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан, Сафи Утебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеттерінің толық гранттарын ұтып алған түлек.

Ал Мирас Канатов  ағылшын тілінен республикалық олимпиада жеңімпазы, авторлық құқық иегері, SAT reasoning халықаралық емтиханынан 1550 және IELTS халықаралық емтиханынан 8,5 ұпай көрсеткен, бүгінгі күнде Budapest University of Technology and Economics және АҚШ-тағы Drexel University-нің грант иегері. Сондай-ақ Анель Адалбек –TECHGIRLS бағдарламасының жеңімпазы, биология пәнінен патент иегері, әдеби туындының авторы, Катардағы Carnegie Mellon, БАӘ-дегі New York University Abu Dhabi, Италиядағы Luiss University және АҚШ-тағы Illinois institute of technology жоғары оқу орындарының грант иегері.

Аттестат табыстау рәсімінің тағы бір ерекшелігі, түлектерге бірінші рет NIS Alumni қауымдастығының төсбелгісі мен ашық хаты табысталды. Бұл жауапты миссияны 2018 жылғы түлек, Германиядағы Munich Business School жоғарғы оқу орнының түлегі Еламан Молдаханов атқарды.

Іс-шарада озат оқушы Дильназдың анасы Жанар Сейілханова сөз алып, білім шаңырағының педагогикалық ұжымына  алғысын білдірді. Сейілхановтар отбасының үш  бірдей баласы осы Өскемен қаласы NIS мектебін «Алтын белгіге» аяқтаған.

Құттықтау сөз ата-аналардың ұстаздарға арнаған әнімен жалғасты. Әннің әр шумағында директордан бастап, орынбасарлары, әдіскер, педагог-кураторлардың аттары аталғаны мектеп ұжымын ерекше тебірентті.

Қорытынды сөз биылғы түлектердің алғашқы ұстазы, орыс тілі пәнінің мұғалімі Татьяна  Аргуноваға берілді. Өскеменде алғаш ашылған зияткерлік мектептің табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндер қадамының жылдан-жылға қатая түсіп, зор жетістіктерге апарғанының куәсі де осы, алғашқы ұстазы. Ұстаз тілеген ақ жол әр шәкірт үшін болашаққа жарық түсірер шамшырақ іспеттес.

Мектеп әр түлегін әрдайым мақтан етеді, қасиетті білім ордасынан қанаттанып ұшқан жастар Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын құруға өз үлестерін қосары анық.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button