Оның мамандығы адалдықты талап етеді
Қазіргі таңда нотариустың қызметіне жүгінбеген азамат жоқтың қасы. Осы салада жиырма жыл еңбек етіп келе жатқан Нұргүл Балтыбекова – Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын Семей қаласында сот жүйесінде бастап, әділет басқармасында нотариустық қызметте тәжірибе жинақтаған. Қажырлы еңбегінің арқасында жас маман жеке нотариус ретінде қалыптасты.
– Егер бұрын жылжымайтын мүлікке қатысты кикілжің туындаған жағдайда құзырлы орындарға сұраныс жіберу керек болса, қазір бұл мәселені халыққа қызмет көрсету орнында шешуге болады. Жаңа технологиялардың енгізілуімен қатар жаңа мүмкіндіктер туды, – дейді Нұргүл. – Бірыңғай жүйе арқылы заңды және жеке тұлғалар туралы мәліметті алуға болады. Ең бастысы, уақыт үнемделеді.
Негізінен, адамдар арасында мұрагерлікке қатысты дау-дамай жиі орын алады. Қомақты мұраны көргенде, ағайын-туыстар араздасып жатады. Амал не, адамдар арасындағы осындай мәліметтерді нотариустар білуі шарт. Оны жария ете де алмайды. Мәселен, балаларының бірін есепке алмаған әкесі бақилық болғанда мүліктерін бөлу кезінде ескерусіз қалып қояды. Елеусіз қалған баласы қайта ресімдеуді талап етіп жатады. Олар нотариусқа жүгініп келеді. Сондықтан қолданыстағы барлық заңдар мен заңға енгізілген өзгерістерді, қабылданған қаулылар мен жарлықтарды мүлт жібермей қадағалап отыру қажет.
-Әлі есімде, Семей қаласында пәтер алаяқтығы болған еді,- дейді Нұргүл. Әңгімеге тікелей өзінің қатысы болмаса да, аты аталған соң, бір жағынан, ұятты болғаны, екіншіден, алаяқтар өзінің атын жамылып қылмыс жасағаны қынжылтты ма, сәл езу тартты. – Алаяқтықпен айналысқан әйелдер тобы менің атымнан ресімделген сатып алу келісімшартын айнымастай етіп көшіріп алып, заңсыздыққа барған. Абырой болғанда, қылмыстық топ құрықталды.
Нұргүл Сағандыққызы 2009 жылы Швейцария еліндегі халықаралық жоғары нотариалдық зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен халықаралық латындық нотариат туралы семинарда біліктілігін арттырып, сертификатқа ие болып қайтты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай еліміздің нотариат саласындағы қызметкерлер арасындағы арнайы жүлде – «Нотариат қызметіндегі адал еңбегі үшін» алтын медалімен Шығыс Қазақстан облысы нотариалдық палатасы төрағасының орынбасары Нұргүл Сағандыққызы марапатталды.
Қанша дегенмен, бұл мамандықтың өз қызығы мен қиыншылығы бар. Кеңестік кезеңдегі құжаттарды ақтаруға, халықаралық құқық негіздерімен қақтығысуға тура келіп жатады. Кейбір құжаттарды рәсімдеуде мұрағаттарды көтеріп, негіз болатын материал іздеуге де тура келеді. Ал Нұргүл Сағандыққызы қарапайым халықтың өз құқығын қорғай алатындай елдегі заңдылықтарды біліп жүрсе екен дейді.
Тілеукен Тілеубердіұлы