Ономастика мәселесі қозғалды

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен Өскеменде «Рухани жаңғырудағы ономастикалық кеңістік: жетістіктері мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, тарихи топонимдер туралы мәліметтерді жинақтап, жүйелеу мен біріздендіруді мақсат еткен конференцияға ғалымдар, тарихшы-өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
-Өңірдегі атаулардың түркілік, моңғолдық, жоңғарлық, патшалық ресейлік, кеңестік мұралары ономастика саласындағы жұмыстарды аса бір ыждаһаттылықпен жүргізуді талап етеді. Және бұл жұмыстарды жүйелі түрде табандылықпен жүргізіп келе жатқан жайымыз бар. Дегенмен «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ономастика мәселелері жөнінде өздеріңізбен ақылдасып, бұл бағыттағы іс-қимылымызды келісіп алсақ деген оймен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізіп отырмыз, – деген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Р.Төлемісова конференцияның пленарлық мәжілісіне қатысушыларға жұмыспен Нұр-Сұлтан қаласына кетіп, конференцияға қатыса алмай қалған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың құттықтау сөзін оқып берді. Онда «Ұлттық ономастика – мемлекеттік идеологияның бір тірегі. Мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінеді. Қазіргі рухани жаңғыру қоғамында латын негізді жаңа әліпбидің қабылдануы ономастика саласында жаңа міндеттерді жүзеге асыруды талап етеді» делініпті.
Алғашқы баяндаманы Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Иманбердиева оқыды. Тақырыбы – «Қазақстан ономастикасының өзгеру динамикасы».
-Кез келген онимдік жүйе қоғамның тарихи дамуының нақты кезеңін көрсететін атаулардан тұрады. Атаудың қалыптасуы – адамзат тарихындағы маңызды қадам, себебі атаулар өмір бойы әр адамның қоғаммен тығыз байланысты жеке тұлға болу құқығын бекітті, – дейді ғалым. Кеңес өкіметіне дейінгі қазақ жеріндегі топонимдердің басым көпшілігі жер бедеріне байланысты ақпарат беріп, аз пайызы ғана кісі есімдерімен аталса, кеңес өкіметі кезінде, керісінше идеологиялық мәндегі топонимдер басымдық алған. Қазіргі күні елімізде идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су атауларымен және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен алмастыру жұмыстары жүргізілуде.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Қуат Сапаров «Географиялық зерттеулердегі қолданбалы топонимиканың орны» атты баяндамасында Шығыс Қазақстанда 20 мыңнан астам атаудың бар екенін айтты. Оның 78,9 пайызы көне түркі тіліндегі атаулар болса, 18,9 пайызы славян тіліндегі атаулар көрінеді. Сондай-ақ 300-ге жуық моңғол-қалмақ тіліндегі атау да бар. Бұл атаулардың екі пайызын құрайды. Жалпы, жергілікті топонимдердің кен орындарын іздеудегі рөлі зор. Кен, қазба байлықтарға байланысты топонимдер геологтарға кен көздерін ашу кезеңдерінде қажетті дәрежеде мағлұмат бере алады деп санайды ғалым.
Сондай-ақ пленарлық мәжілісте А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық «Солтүстік Қазақстан аймағының топонимикасы: біріккен атаулардың танымдық сипаты», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры «Топонимикалық танымның төмендігі – рухани жаңғыру қоғамына апарар жолдағы кедергі», С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті Бердібек Бияров «Топонимдерді ауыстырудың қызықты тәсілдері» тақырыбында баяндамалар жасады.
Пленарлық мәжілістен соң конференцияға қатысушылар «Ономастика бойынша қолданыстағы заңнамалар: мәселелері мен шешу жолдары», «Рухани жаңғыру және ономастика» атты екі секцияға бөлініп жұмыс істеді.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген 439 көше, 48 әкімшілік аумақ, 11 мектеп бар екен. 2018 жылы облыс бойынша 292 көше, 14 елді мекен, тоғыз нысан атауы өзгертілген.
Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен әзірленді