Қоғам

Онлайн шағым орындалады

Қала ішіндегі автобустардың кешігіп келуі, жол ортада сынып қалуы, талапқа сай қызмет көрсетпеуі бізде болып тұратын жағдай. Әсіресе қыс айларында жиілеп кететіні бар. Кондуктор мен шопырға айтқан шағымнан ештеңе өнбейтіні жұртқа мәлім. Ендігі жерде арнайы қосымша арқылы тікелей жолаушылар тасымалдауды басқару орталығына шағымдануға мүмкіндік туып отыр.

Қазіргі таңда алысқа көз тастап автобустың келуін тағатсыздана күтудің қажеті шамалы. Телефоныңыздағы Oskemenbus қосымшасы арқылы өзіңіз мінетін автобустың қай жерде келе жатқанын көріп отыруға мүмкіндік бар. Осы бір мүмкіндігі арта түскен бағдарлама арқылы жолаушылар қоғамдық көлік қызметіне онлайн шағым немесе ескертулер жасай алады. Қосымша ішіндегі функция арқылы «Өскемен қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС-не жүгінеді. Қосымшаны қосып, негізгі беттегі «мәселе туралы хабарлау» бөлімін таңдау керек. Одан кейін мәселенің түрін таңдап, өтінішіңізді сипаттауыңыз қажет. Сондай-ақ өтінішпен бірге фотосуреттерді де қоса жібере аласыз. Ал кері жауап сіз көрсеткен электронды поштаға келеді.

– Мобильді қосымша тұрақты жұмыс істей бастады: әзірлеушілер өнімділік пен жұмыс жылдамдығын жақсартты, кішігірім қателерді түзетіп, мәліметтер базасынан ақпаратты жүктеуді оңтайландырды. Қала тұрғындарының сұранысына сүйене отырып, мобильді қосымшаны одан әрі жақсартатын боламыз, – дейді «Өскемен қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС директоры Нұрсұлтан Карибеков.

Жалпы, Oskemenbus мобильді қосымшасының жұртшылық үшін тиімді тұсы өте көп. Тұрғындар өзі тұрған аялдамаға қай автобустың қай уақытта келетінін білудің негізінде уақытын тиімді пайдалана алады. Бұл – Өскеменде 2020 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан электронды билеттеу жүйесінің бөлігі. Тиімді қосымшаны 100 мыңнан астам қала тұрғыны телефонына жүктеген.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button