Қоғам

Онлайн несиені ойланып алыңыз

Онлайн несиені ойланып алыңыз


«Онлайн» деген сөз санамызға «оңай» сөзінің баламасы ретінде сыналап еніп келеді. Ал қарыздың оңайы болмайтыны да белгілі. Қазір онлайн несиенің айналасында дау өршіп тұр.

Бірден айту керек, біз айтып отырған онлайн несиелердің кәдімгі банктерге еш қатысы жоқ. Олардың несие нарығы банктерден мүлде бөлек кеңістікте жұмыс істеуде. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатыны бар. Бірақ айлықтан айлыққа дейін өмір сүретін адамға қарыз алма деп айту өмір сүрме дегенмен бірдей. Онлайн несиеге жүгінушілердің дені осы топқа жататындар. Қоңыр қалта ағайынның «демеушісіне» айналған шағын несиелік ұйымдардың санына жету мүмкін емес қазір. Ұлттық экономика министрлігі ресми санатта 15 ұйым бар екенін айтады. Туғаның тауып бере алмайтын ақшаны лезде ұстата қоятын, ол үшін банктер сияқты бүкіл құжатыңды қопартпай, жеке куәлік пен банкомат картасын ғана сұрайтын мұндай ұйымдардың несі жаман?

Инетернетті жиі пайдаланатын жұрттың көз алдынан MoneyMan, «Тенго.кз», «Деньги клик», «Кредит24», «Турбомани», «Заем онлайн» сияқты ұйымдардың жарнамасы күніне сан мәрте өтетіні анық. Ұсынып отырған шарты қандай екен деп үңілсеңіз, адам шошырлық дәнеңе таппайсыз. 5000 – 200 000 теңге арасында жедел несие алыңыз деп қиылады. Несие мерзімі бір айдан аспайды. Пайыздық мөлшерлемесі 0,33-2 пайыз арасында ғана. Банктердің 13-15 пайызына көзі үйреніп қалған халық үшін бұл тегін ақшадай көрінуі мүмкін. Алайда мұндағы пайыз әр күннен алынады. Яғни, 50 мың теңге алсаңыз, оны 30 күннен соң 80 мың теңге етіп, 150 мың теңгені 240 мың етіп қайтарасыз. Аяқ асты ақшадан қысылған адамға несиенің бұл түрі тығырықтан шығуға таптырмайтын жол болуы мүмкін. Ал қарызды уәделі мерзімде төлеп үлгермесеңіз, кешіккен сайын мойындағы қыл арқан қыса түспек. Әр күнге екі пайыз өсім жалғанатынын ескерсек, бір жылдың 365 күнінде қарыз сомасы 730 пайызға дейін өсіп шыға келеді. Қарапайымдап айтсақ, алған 200 мың теңгеңіз бір жылдың ішінде 1 млн. 460 мың теңге болып көбейеді. Қазір ісі сотқа жетіп, шу шығарып жүргендер осылайша от басқан жандар.

Наурыз айында бұл мәселе Парламентте көтеріліп, сенатор Сергей Ершов онлайн несие берушілерді тезге салу керектігін айтқан болатын. Жуықта бұл ұсынысты Ұлттық банк те қолдайтынын ресми мәлімдеді. Онлайн несие таратушылардың қызметін реттеу ұсынылғанымен, оның несие нарығына қалай әсер ететінін ешкім болжап бере алмай отыр.

– Бізге көбінесе колледж студенттерінің ата-анасы хабарласып, кеңес сұрайды. Онлайн несие алу үшін жеке куәлік пен банкомат картасы болса жеткілікті. Ал заңнама банкомат картасын кәмелетке толмаған колледж студенттеріне де ашуға жол береді. Ата-анасы қосымша шығынға бермеген ақшаны осы студенттер онлайн несие берушілерден алады. Ал оны жүздеген пайыз өсіммен ата-анасы төлеп жатады. Қазақстан аумағында қаржылық ұйымдар ұсынатын несиенің жылдық пайызы 100-ден аспауы керек. Алайда, онлайн несие берушілердің көбі ЖШС немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Сондықтан заңның бұл талабы оларға жүрмейді, – дейді. – Ұлттық банктің қаржылық ұйымдарды бақылау және тұтынушылардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Салтанат Қожатаева.

Ұлттық банк өкілінің бұл сөзінен онлайн несие алам деп от басқандар біздің облыста да бар екенін ұғуға болады. Алайда Ұлттық банк те, облыстық сот мамандары да онлайн несие бойынша қанша іс сотта қаралғаны туралы мәлімет ұсына алмады.

Қазақстанның Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарында шағын қаржы ұйымдарының жеке тұлғаларға несие беруі 71%-ға өскен. Бұл шамамен 110 млрд. теңге деген сөз. Ranking.kz порталының дерегі бойынша, қазір елімізде әрбір үшінші адам банкке қарыз көрінеді. Банкке баруға беті қалмаған азаматтар онлайн қызмет ұсынатын микроқаржы ұйымдарына жүгінуде.

Ал шағын несие беруден алдына жан салмай тұрған MoneyMan.kz компаниясының дерегіне сүйенсек, онлайн несиені тұтынушылардың 53 пайызы ер адамдар көрінеді. Бұл ұйымның қызметіне жүгінушілердің жас шамасы 18 бен 30 жас аралығындағылар болса керек.

Біздің елде онлайн несие берушілердің жұмысын реттеу мәселесі енді талқыланып жатса, Ресей нақты іске көшіп үлгерген. Ресейдің Орталық банкі қарыздың бір күндік пайыздық мөлшерлемесін 1,5%-дан асырмауды жоспарлауда. Ал 2019 жылы аталған мөлшерлеме 1%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Онлайн несиенің соңынан орға құламау үшін оңай олжаның қақпанда ғана болатынын ұмытпау керек. Ол баршаға аян жайт. Ал мойныңызға 700 пайыз несие ілініп қойған болса не істеу керек?

– Интернетте «Қарыз алу шарттарымен келісемін» деген батырманы басуыңыз арқылы басыңызға әуре тілеп алуыңыз мүмкін. Бұл құжатқа қол қоюмен бірдей әрекет. Заң алдында сіз несие берушінің талаптарын орындауға міндеттелесіз. Алайда соңғы шешімді сот шығарады. Сотта өз құқығыңызды сауатты қорғап, қарыздың төленбеуіне себеп болған негізді дәлелдерді ұсына алсаңыз, алған ақшаны 30 күндік үстемесімен қосып қана төлеуіңіз мүмкін. Бұдан басқа жол жоқ, – дейді Салтанат Қожатаева.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button