Қоғам

Онлайн кадрларға сұраныс жоғары

Интернетті ашып қалсаңыз, «Әлеуметтік желіде отырып, ақша табудыүйретеміз. Онлайн мамандықтарды меңгеріп, пайдаға кенеліңіз» деген сарындағы жарнамалар қаптап жүр. Расында, осындай жарнамаларға сенуге бола ма? «Үйден шықпай-ақ еңбек етіп, шаш етектен табысқа кенелуге мүмкіндік бар ма?» деген сияқты жұрттың көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Фрилансер деген кім?

 Фрилансер – ақылы түрде қызмет көрсететін мамандық иесі. Олардың жұмыс уақытында арнайы белгіленген кесте жоқ. Ең бастысы, тапсырысты сапалы орындап, уақытында өткізсе болғаны. Бұл жұмыстың тиімділігі сол, өз-өзіңізге бастықсыз. Сізге ешкім бұйрық бере алмайды. Өкініштісі, бұл салада еңбек ететін мамандар науқастанып қалса,қаржылық шығынға ұшырауы мүмкін. Өйткені қаншалықты көп жұмыс істесеңіз, соншалықты шаш етектен пайдаға кенелесіз.Кемшілігі,тапсырыс берушінің жұмыс біткеннен кейін ақы төлеуден жалтару қаупі бар. Бірақмұның алдын алу үшін барлығын заңды түрде рәсімдеп алу қажет. Ол үшін сізгежеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұдан соң тапсырыс берушімен келісімшартқа отырукерек. Егер мол табысқа кенелгіңіз келсе, әлеуметтік желілермен жұмыс істеп, жарнама жасаудың жолдарын меңгеруді қолға алыңыз.

Сонымен фрилансерлік қызметтің бірнеше түрі:

  • Мәтіндермен жұмыс, копирайтинг, журналистика
  • Интернет-жарнама және сайттардың жарнамасын жасау
  • Графика, дизайн және иллюстрациялармен жұмыс
  • Бағдарлама жасау, компьютермен жұмыс
  • Аудармаісі
  • Менеджер болу
  • Интернет-консультант

Жұмыс барысын жеңілдету үшін фрилансерге жылдамдығы мол интернет, ноутбук немесе компьютер, электронды пошта, ICQ, мобильді телефон, клиенттермен хабарласып, тапсырма алу үшін Skype, пластик карта және электронды әмиян міндетті түрде болуы керек. Бұдан бөлек, әрдайым фриланс биржасын аралап, сіз орындай алатын тапсырмаға басқа орындаушылар қанша сұрайтынын қараңыз. Өз  деңгейіңізді бағалап, қызмет құнын жазып қойыңыз.Өскемендік фрилансер Райхан Жұмагелді осылай дейді.

allfreelance.kz, robotnik.kz, qyzmet.kz, fl.ru, jnet.kzсайттарына кіріп, тапсырыс алуға болады. Өзіңді фрилансер ретінде жарнамалап, қалыптасып алуға шамамен 3-4 айдай уақыт кетеді. Қомақты қаржы еңбекпен ғана келетінін ойдан шығармаңыз, – деді Райхан Жұмагелді.

 Инстаграмда бизнес жүргізу үшін…

Интернет арқылы табыс табуға болады. Әрине, қолынан іс келетін адамға ғаламтордың берер пайдасы көп. Қазір «Инстаграм» мен «Фейсбук» әлеуметтік желілері арқылы жарнама жасап, айына 300 мыңға дейін табыс тауып жүрген жастар бар. Солардың бірі – Сандуғаш Қыдырбаева. Кәсібінің нәсібін үйден шықпай-ақ көріп отырған ол мерекелік торттарды пісіріп, сатумен айналысады. Күніне 20-30 мың теңгеге дейін қаражат табатын Сандуғаштың айтуынша, оған тапсырыс берушілердің дені «Инстаграм» желісінің қолданушылары.

– Әлеуметтік желіні тек жарнама жасау үшін ғана пайдаланамын. Негізгі мамандығым – аспаз. Сондықтан маған түрлі мәзірдегі тағамдарды дайындау еш қиындық туғызбайды. Болашақта тәтті-дәмділерді сататын шағын кондитерлік цех ашуды жоспарлап отырмын, – деген Сандуғаш қазір үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырғанына қарамастан жолдасына қаржылық жағынан масыл болғысы келмейтінін айтты.

Ал фрилансер ретінде жұмыс істеп жүрген Бауыржан Төлеухановтың айтуынша, ол бір айда кем дегенде 60 мың теңгеге дейін қосымша табыс табады.

– Тұрақты жұмысым бар. Бірақ бос уақытымда ақпараттық-жарнамалық мазмұндағы мәтіндерді жазумен айналысамын. Тапсырыс берушімен ғаламтор арқылы байланыс орнатуға «Weblancer.net», «Acula.org» сынды сайттардың әкімшілері қолдау көрсетеді. Меніңше, интернетті пайдаланудың тиімді тұстары көп. Мәселен, ғаламтордың көмегімен үйден шықпай-ақ, коммуналдық төлемдерді төлеуге болады. Егер банкте кезек күтіп шаршағыңыз келмесе, олардың онлайн қызмет түрлерін де пайдалана аласыз. Ол үшін алдымен ұялы телефоныңызға немесе компьютеріңізге қажетті бағдарламаларды орнатып алу қажет, – дейді Ерасыл Мейіржанов.

Инстаграмда бизнесті қалай жүргізуге болады? Ең алдымен SMM негіздерін меңгеруді қолға алыңыз. Бұл әлеуметтік желідегі бизнесті жүргізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта салалық әдебиеттерді оқып, арнайы курстарға қатысу керек. Сондай-ақ парақшаңыздағы оқырманның санын көбейтіп әуре болмаңыз. Одан сізге келіп-кетер пайда жоқ.

Біріншіден, жиі пост жазу керек. Екіншіден, сурет пен видеоны әлеуметтік желіге жүктердің алдында редакторлауды ұмытпағаныңыз абзал. Үшіншіден, статистикаға анализ жасап, жарнама берушілермен әріптестік қарым-қатынасты күшейту қажет. Ерасыл Мейіржанов осылай дейді.

Қазір оқушылар мен студенттер «Вконтакте» және «Инстаграм» сияқты әлеуметтік желілерде қоғамда орын алып жатқан оқиғаларды талқылайтын группаларды ашып, үлкен аудитория жинап алған соң, интернет дүкендермен серіктестік орнатып, олардың тауарларын жарналамалау арқылы табыс тауып жүр. Мәселен, «Инстаграмдағы» «Ztb» және «Xaxa show» сияқты парақшаларда жарнамаға тапсырыс беру үшін кем дегенде 100 мың теңге төлейді екенсіз. Әрине, ретін тапқан адамға табыс көзін әкелетін интернеттің жақсысын үйреніп, жаманынан жиренгеніңіз абзал. Десе де, бүгінгідей нарық заманында ғаламтордың игілігін пайдаланып жүрген азаматтардың бұл ісі құптауға лайық.

Үйде отырып, ақша табуға болады

Бір қарағанда, жұмыс табу қиын сияқты. Алайда бұл – жай ғана сылтау. Мәселен, ас әзірлеуден хабарыңыз болса, кеңсе қызметкерлеріне тамақ істеп, оларға сатсаңыз, асхананікін емес, сіздікін алады.Осылайша, кем дегенде бес тұтынушы тапсаңыз, оның өзі жетіп жатыр. Айталық, осы бес адам асханадан әрқайсысы 700-800 теңгеге түскі ас ішеді. Ал сіз «500-600 теңгеге үйдің тамағын дайындап әкеліп тұрайын», – десеңіз, олар да қуана келіспей ме? Енді есептейік, бес жұмыс күнінде сіз бес адамға 600 теңгеден түскі ас дайындадыңыз. Яғни бір күнде 3000, бір аптада 15 000 теңге, ал бір айда 69 000 теңге қалтаңызда. Осы соманың 15 мыңы азық-түлікке, екі мыңы газ-жарыққа кетсе, тамақты кеңсеге өзіңіз жеткізіп берсеңіз, қолыңызда 52 000 таза пайда қалады. Ал егер курьер жалдасаңыз, оған көп болса 10 000 теңгеңіз кетер. Сонда да жаман емес, сіз үйде отырып-ақ, ай сайын 42 000 теңге табасыз. Ал егер «Тамақ істеу көп уақытты алады» деген пікірді ұстансаңыз, салат дайындаңыз. Диетадағы қыз-келіншектер үшін жасалатын салаттарға соншалықты көп қаржы кете қоймайды. Есесіне, салаттардың бағасы ыстық тамақтан еш кем емес. Одан түсетін пайда да айтарлықтай болатыны сөзсіз.

Үйде отырып, мәтін өңдеумен де айналысуға болады. Бүгінде кітап, оқулық шығаратын мекемелер онлайн корректордың көмегіне ауадай зәру. Кейде мұндай орталықтарда мәтін теру немесе аударма жасау сияқты жұмыстар да шығып жатады. Сондай-ақ студенттердің курстық, дипломдық жұмыстарын жазып та біршама қаржы табуғаболады. Тек ізденіс керек.

– Бұл біз сияқты жастар үшін таптырмас жұмыс. Күніне 5-6 мың теңге табамын, – деді онлайн корректор болып жұмыс істейтін өскемендік Аида Жандарбекова.

Керек дерек:

Болашақтабиржа маклерлерi, көлiк сатушы дилерлер, пошташылар мен сақтандыру агенттіктерінің мамандары жойылып кетуі мүмкін. Ал оқытушылардың орнын роботтар алмастырады деген болжам бар. Осы мақсатта әлемнің озық мемлекеттерінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Ғалымдар арнайы микроқондырғылардың көмегімен адамның қылмыстық iске араласуына кедергi жасайтын құралды ойлап табуда. Сонымен қатар үй қызметшісінің орнын ақылды тоңазытқыш,  микротолқынды пеш пен вакуумды шаңсорғыш алмастырмақ. Ресми дерек көздері осылай дейді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button