Денсаулық сақтауТОП

Онкологиялық науқастарға медициналық көмек тегін көрсетіледі

 

Облыста онкологиялық ауруға шалдыққан алты мыңнан астам науқас медициналық көмек алды. Елімізде қатерлі ісік аурулары әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілген.

Сол себепті қатерлі ісік диагностикасы, осы санаттағы пациенттерді емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ақысыз жүзеге асырылатынын еске саламыз.  Бұл қызметтер халыққа медициналық қызмет көрсету пакетін сатып алған медициналық сақтандыру қорының есебінен қаржыландырылады.

Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың медициналық ұйымдарында қатерлі ісікке шалдыққан 6624 науқас емделсе, олардың 17 пайызына әртүрлі деңгейде ота жасалды (бұл 1140 жағдай). Емделгендердің 99%-на көмек онкологиялық диспансерлерде көрсетілді. Ал науқастардың 1%-ы көпсалалы стационарларға шұғыл түскен пациенттер немесе жаман ауру операция барысында анықталған адамдар. Алты айда 3832 сырқат қатерсіз ісіктен емделді.

Облыста сәулелі терапияға арналған жабдықтар жыл сайын жетілдіріліп, жоғары технологиялар енгізіліп келе жатқанын айта кеткен орынды. Егер Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығындағы радионуклидті терапия бөлімшесі жуықта өзінің алғашқы науқастарын қабылдаса, қазір Өскеменде сәулелі терапияны қажет ететін онкологиялық науқастар үшін ең заманауи сызықтық үдеткішті орнату аяқталды.

– Бұл жаңа жабдық біздің пациенттерімізге жоғары стандарттарға сай терапияны қамтамасыз етеді, яғни ісіктерге әсер тиімділігі жоғары және әсер ету аймағына жақын сау тіндерді барынша қорғап қалады. Сызықтық үдеткіш іске қосылғаннан кейін бұл технологияның артықшылықтарын ескере отырып әртүрлі онкологиялық патологиясы бар науқастар жоғары деңгейлі радиациялық терапиядан өту мүмкіндігіне ие болады. Жылына 900 адамға дейін және одан да көп пациент осы қызмет түрін ала алады. Сондай-ақ осы жоғары технологиялық ем түрі тек шығысқазақстандықтарға ғана емес, еліміздің басқа аймақтарының тұрғындарына да, сонымен қатар алыс және жақын шетелде тұратындарға да қолжетімді , – деп хабарлады Онкология және хирургия орталығының баспасөз қызметінде.

    Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button