COVID-19 ТОП

Онкологиялық науқастардың емі үзілген жоқ

Онкологиялық патологиясы бар науқастар әлемде енгізілген пандемияға қарамастан,  не болмаса су тасқыны, басқа да техногендік апаттар орын алып жатса да,  әрқашан мамандандырылған ем-домды қажет етеді. Сондықтан осындай қиын уақытта онколог-дәрігерлерге мамандандырылған емдеуді жалғастыруына жағдай жасау, ал онкопациенттерге өз-өздерін қорғау өте маңызды. Осы қиын кезеңде Семей қаласындағы ядролық медицина және онкологиялық орталығының жұмысы қалай ұйымдастырылғаны және қатерлі ісіктің алдын алу үшін не істеу керектігін бізге осы орталықтың адамдарға көмек көрсету және медицина сапасын қадағалау, аудит қызметінің басшысы Мұхтарғазы Төлеутаев айтып берді.  

Басшының айтуынша, 2020 жылдың наурыз-сәуір айларында енгізілген карантиндік шектеулерге қарамастан, онкологиялық науқастарға диагноз қою, оларға мамандандырылған ем-домды жасау үзілген жоқ. Осы арада орталық әкімшілігіне карантинге байланысты өзгертулер енгізуге тура келгенін айта кеткен жөн.

– Келушілердің ағынын азайту, оларда вирус жұқтыру қаупін төмендету мақсатында қысқа мерзімде жеке ғимарат салып, келген науқастарды тіркеуді сол жерге көшірдік. Бір мезгілде он бес адам сыятын ғимараттың іші қыс мезгілінде де жылы, дәретханасы, қол жуатын бөлмесі бар. Он бір айдың ішінде мыңға тарта науқасты есепке алдық. Былтырғымен салыстырғанда пациенттер саны 200 адамға кем. Ең басты көрсеткіш – адам өлімі, аурушаңдық деңгейі бірқалыпты, былтырғадан көп емес, – дейді Мұхтарғазы Есенжанұлы.

Мұхтарғазы Төлеутаев, ең бастысы, химиотерапия  әдісімен емдеу үзілмегенін айтады. Науқастардың 60 пайызы осы әдіспен емделеді, 30 пайызы хирургиялық жолмен  емделсе, сәулемен емдеу тәсілі қолданылған пациенттер де жетерлік. Ауруларға емдерін дер кезінде алуына барлық мүмкіндік жасалған.

– Арнаулы мамандандырылған көмекті біздің орталықта 4700-ден астам пациент алып отыр. Амбулаториялық химиотерапия кабинетінде бес мың адамға көмек көрсетілді. Жүзге тарта науқас дәрі-дәрмектерін уақытында алып, препараттардың ішінде таргет сияқты аса күрделі дәрілердің түрі бар, денсаулықтарын түзеп жатыр. Обырды дер кезінде диагностикалау мақсатында 700-ден астам науқасқа МРТ, КТ тексерулерді жасалды. Қатерлі ісіктің қаупін тексеретін позитронды-эмиссиялық томография деген бар, 216 адам Алматы мен  Нұр-Сұлтан қалаларындағы үлкен орталықтарда осы ПЭТ тексеруінен тегін өтті. Мұндай жоғары технологиялы зерттеулер өз нәтижелерін беріп жатыр. Онкология саласына қатысты  мемлекетіміздің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы бар, соның жұмысы бір күн де тоқтамағанын  айтқым келеді. Алдымызға қойылған жоспар-мақсаттың барлығы орындалуда, – деп толықтырды басшы.

Мұхтарғазы Төлеутаев қазіргі қиын-қыстау кезеңге қарамастан, ядролық медицина мен онкология орталығында елімізде жоқ жоғары технологиялардың енгізіліп жатқанын тілге тиек етті.

– 2021 жылдан бастап орталықта радионуклидті терапия, радионуклидті диагностика өнеркәсібі іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Мұндай диагностика Қазақстанда тұңғыш рет жасалатын болады. Радионуклидті терапия немесе  радиойод терапиясы қалқанша безінің ісігін емдейді. Бұл әдісті басқа да диагноздарда қолдануға болады. Елімізде болмаған жаңа технологияның Семейде ашылатынына өте қуаныштымын. Сондай-ақ жоғарыда айтқан позитронды- эмиссиялық томография – ПЭТ осы уақытқа дейін тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана қолжетімді болса, енді келесі жылдан бастап Семейде, осы біздің орталықта ашылмақ. Енді осы жоғары технологиялы тексеруден өту үшін шығысқазақстандықтарға үлкен қалаларға ағылудың қажеті болмайды, – деп атап өтті Мұхтарғазы Есенжанұлы.

Басшы әр адам өз денсаулығына жауапты екенін, қатерлі ісікті ең төменгі сатыда анықтау үшін мемлекет тарапынан тегін жүргізілетін скринингтік тексерулерден өтудің маңыздылығына тоқталды.

– Тұрғындарды ішек рагы және сүт безі мен жатыр мойны ісігіне жаппай скринингтік тексеруден тегін өткізудің үлкен мемлекеттік бағдарламасы бар. Бұл туралы мәліметті жергілікті емханалардан алуға болады. Мен жерлестерімізді осы мүмкіндікті жіберіп алмай, тексерулерден уақтылы өтуге шақырар едім. Қазіргі технологиялар обырды тіпті нөлдік сатыда анықтай алады. Соның нәтижесінде қатерлі ісіктің алдын алып, тиімді емделуге болатынын ескерткім келеді, – деген кеңесін берді  Мұхтарғазы  Төлеутаев.

Сөзінің соңында Мұхтарғазы Есенжанұлы  әлемді торлап алған коронавирустан сақтанып жүру шараларын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір қайталады.

– Қауіпті індеттен қайтыс болған адамдардың  отбасыларына өте ауыр, көптеген жандар ажал құшқанын білеміз. Осы індеттен қорғанып жүруді тағы да еске салғым келеді. Әлеуметтік арақашықтықты, жеке бас тазалығын сақтап жүру, бетперде кию – індеттің алдын алудың бірден-бір жолы. Сонымен қатар  жасы үлкен адамдарға көңіл бөліп, олардың қауіпсіздігіне баса назар аударған дұрыс. Осы жылды аман аяқтауға тілектеспін. Барлығымыз бірлесіп, осы қауіпті вирустың таралмауына жұмылуымыз керек, – деген пікірде Мұхтарғазы  Төлеутаев.

Айна Ескенқызы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button