Айжанат Бақытқызы
Өскеменде облыстық жастар форумының салтанатты жабылу рәсімі өтіп, «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» өңірдегі үздік жастар облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды.
Аmanat партиясы Жастар қанатының кезектен тыс съезінде сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан жастары үшін үш маңызды басымдықты атап өткен болатын. Ол – білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизм.
Білімі мен еңбекқорлығының арқасында әр салада жетістікке жетіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жастар өңірімізде аз емес. Осындай жастардың азаматтық ұстанымының арқасында биыл өңірімізде біршама өзекті мәселе шешіліп, ауқымды жобалар іске асырылды. Енді жыл соңында жұмысты қорытындылап, белсенді жастардың жетістіктерін атап өтетін уақыт келді.
Волонтерліктің бағыттары қандай?
Екі күнге созылған форум барысында жастардың көшбасшылық қабілетін, волонтерлік бастамаларын қолдауға арналған оқыту семинарлары мен жастар ұйымдары басшыларының қатысуымен «Бір толқында» пікірлесу алаңы ұйымдастырылып, онда өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыстық және республикалық деңгейдегі жаттықтырушылар волонтерлік қызметтің негіздері, шешендік өнер және көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын қалай жеңуге болатындығы туралы облыстың аудандарынан келген жастарға, жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері мен волонтерлерге айтып берді.
Президент жанындағы Академияның облыстағы филиалының білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кабинетінің аға оқытушысы Гүлфия Берікболова тәлімгерлік туралы және көшбасшыларды қалай тәрбиелеу керектігіне тоқталды.
– Мен еңбек жолын бастаған педагогикалық ұжым «кадрлар ұстаханасы» деп аталды. Біздің басшымыз әрбір қызметкерінің ерекшелігін таба білді және сол бағытта дамыта отырып бізден көшбасшы жасады. Сондықтан қазірге дейін бұл ұжым қызметкерлері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, – дейді Гүлфия Берікболова.
Ұлттық еріктілер желісінің жаттықтырушысы Айдана Мақышева форум қатысушыларына еріктілердің кім екендігі, волонтерлік қызметтің мақсаттары мен міндеттері және волонтерлікке қандай қызмет түрлері жатпайтыны туралы айтып өтті. Мәселен, онлайн флешмобтарға қатысу, өзекті ақпаратты бөлісу, емделуге ақша жинау, саяси немесе діни іс-шараларға қатысу – волонтерлік емес. Сондай-ақ ақылы еңбектің кез келген түрін, мысалы, «Жасыл ел» жасағындағы жұмысты еріктілік деп санауға болмайды. Волонтерлік қызметтің әлемде дамыған негізгі он бес бағыты бар. Олар – әлеуметтік, медициналық, мәдени, донорлық, экологиялық, оқиғалық, медиа еріктілік, төтенше жағдайдағы еріктілік және тағы басқа.
– Мен үшін ерікті болу – адамдарға көмек көрсету. Мұны қандай да бір пайда табу үшін емес, қоғамға пайдалы болу үшін істеймін. Оқуымды аяқтағаннан кейін тәртіп сақшысы болып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесуді армандаймын, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ жанындағы колледж студенті, «Жылы жүрек» еріктілер ұйымының мүшесі Асыл Серік.
Әр саланың үздіктері
Салтанатты жиын барысында әр саладағы ең белсенді, білімді жастар анықталып, есімдерін жариялайтын сәт келді.
Облыс әкімінің «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» сыйлығының жеңімпаздарын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанат Мекеева марапаттады.
- Биыл жастар үшін табысты жыл болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты, гүлденген Қазақстанды құруда жастардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Біз белсенді және жаңаша ойлайтын жастарды мақтан етеміз. Сіздерде лайықты білім алуға, сүйікті ісіңізбен айналысуға, армандарыңызды жүзеге асыруға, мемлекет пен қоғамға пайдалы болуға барлық мүмкіндік бар. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар іске асырылуда. Жемісті еңбектеріңіз үшін облыс басшылығы атынан алғыс білдіремін. Сіздердің күш-жігерлеріңіз жаңа жетістіктердің кепілі болады, – деді жастарға жылы лебізін білдірген Жанат Жұмағазықызы.
Сонымен «Жас кәсіпқой» аталымы бойынша екі жас маман жеңімпаз атанды. Біріншісі – №3 Күршім гимназиясының тарих және роботты техника пәнінің мұғалімі Мұрат Шайзатов. Ол «Білім саласына қосқан үлесі үшін» медалінің иегері, облыстық деңгейде жобаларын табысты іске асыруда.
Аталған сыйлықтың екінші иегері – «Үлбі металлургиялық зауыты» акционерлік қоғамының бериллий өндірісінің өндірістік-технологиялық бөлімінің екінші санатты инженер-технологы Ирина Муравьева.
«Жылдың жас журналисі» аталымының жеңімпазы – «Шығыс ақпарат» медиахолдингі SMM департаментінің журналисі, «Өзекті» ақпараттық порталының жетекшісі, «F & like» tiktok орталығының редакторы Айдар Есімханов. Ол биыл облыстағы мемлекеттік жастар саясаты туралы елуден астам материал дайындап, жұртшылық назарына ұсынған.
«Жылдың студенттік көшбасшысы» номинациясында Риддер аграрлық-техникалық колледжінің екінші курс студенті Анна Анташкевич марапатталды. Колледж басшысының орынбасары Сәуле Аманбаеваның айтуынша, Анна колледждің жастар комитетінің өкілі. Ол Риддердегі әр бағыттағы волонтерлік жобаларды жүзеге асыруда белсенді. Осы қызметі үшін 200 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды.
«Жылдың жастар акциясы» аталымының жеңімпазы – Тарбағатай ауданының белсенді жас азаматы Абзал Тоқтарғазин. Абзал өз қаражаты есебінен ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жанға тұрғын үй салып берді. Жыл көлемінде басқа да қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырған.
«Жылдың жастар көшбасшысы» – Өскемен қаласының №17 орта мектебінің мұғалімі Руслан Исраилов. Ол жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі, 2022 жылдағы Қазақстан Республикасының үздік педагогы, ТМД-дағы үздік жас ғалым.
- Жастар әрқашан алда болуы, жаңа технологияларды меңгеріп, нақты мақсаттар қойып, оларға қол жеткізуі тиіс деп санаймын. Білім беруде шығармашылық көзқарасты ұстанамын, сабақтарымда интерактивті әдістерді қолдануға тырысамын, авторлық вариативті бағдарламаларды жасаймын. Мақсатым – жоғары деңгейге көтеріліп, білім-білігімді жетілдіру, – дейді Руслан Исраилов.
«Жылдың жастар ұйымы» аталымының жеңімпазы – Ұлан ауданының «Ашық жүрек» волонтерлер ұйымы. Ұйым мүшелері облыс көлеміндегі маңызды іс-шараларға белсенді қатысып, негізінен тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасыларына көмек көрсеткен.
«Жас отбасы» номинациясында да екі жеңімпаз отбасы марапатталды.
Мэлисовтар отбасының отағасы Айырхан «Казцинк» зауытының қорғасынды тазарту учаскесінің балқытушысы болып еселі еңбек етіп жүр, ал зайыбы Наргиз «Казцинк» металлургиялық кешенінің еңбек ресурстары басқармасының маманы.
«Жылдың жас отбасы» аталымының екінші жеңімпазы – Макеевтер отбасы. Данияр жыл көлемінде жастардың бастамаларына демеушілік көмек көрсетіп жүрген жеке кәсіпкер болса, Айдана – Глубокое ауданы мәдениет үйінің «Сарын» ансамблінің солисті, қобызшы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің алғыс хаттарымен еріктілер Ольга Ушакова және Виктория Смирнова марапатталды.
Үздік еріктілерге Ұлттық волонтерлік желі басшысының алғыс хаттарын облыстық еріктілер фронт-офисінің басшысы Данияр Жүнісов табыстады.
Алғыс хат иегерлері – «Эко жер» экологиялық бастамалар қауымдастығы, «Жақсылықты бірге жасаймыз» еріктілер ұйымы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің волонтерлері, Қазақстан-Американдық Еркін университетінің еріктілер қауымдастығы және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Мейірім» еріктілер клубы.
Қазақстан-Американдық Еркін университетінің студенттік даму орталығының директоры Наталья Уразованың айтуынша, жоғары оқу орнындағы еріктілер қауымдастығы 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Оларға бірнеше әлеуметтік мекеме бекітілген. Мысалы, жуықта басталған «Қар десанты» акциясы кезінде еріктілер «Үлбі» дағдарыс орталығының аумағын қардан тазалап берді.
«Жастардың қатысуымен еліміз азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болуы керек. Өз Отанына қажет және пайдалы болуға деген ұмтылыс – әр жастың мақсаты. Тек білімді және білікті жастар ғана мақсатына қол жеткізе алады. Мемлекет әрқашан жаңа идеялар мен ұсыныстарға ашық. Жастар адал еңбекті бағалап, рухы мықты болуы керек. Мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя білуі керек. Ол үшін ана тілін біліп, өз халқының дәстүрі мен тарихын құрметтеуі тиіс. Бұл әр жастың қасиетті міндеті және оны әрдайым есте ұстаған жөн. Туған жерге деген сүйіспеншілік әдемі сөздерден емес, нақты істерден басталады».
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті