Қоғам

Өңірімізде сирек металдарды игеретін жаңа өндіріс ашылмақ

Шығыс Қазақстанда сирек металдарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жаңа өндіріс ашу жоспарлануда. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлан ауданындағы Жаңа Ахмер кен орнында сирек металл кендерін барлау, өндіру және қайта өңдеу жобасы ұсынылды. Өндірістік кластердің соңғы өнімі литий-ионды батареялар болуға тиіс.

Облыста сирек метал кендерін барлау, өндіру және өңдеу келешегі қандай?

 Бұл бағыттың болашағы зор

Бүгінде өңірде тау-кен өнеркәсібі кешенінің жаңа және келешегі зор саласын дамыту бойынша алғашқы қадамдар жасалуда.

Қазақстан – Германия ынтымақтастығы шеңберінде Шығыс Қазақстанда литийді өндіру және қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын салу бойынша жоба әзірленіп, іске асыруға дайындалуда.

HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндт ел Президентіне айтқандай, неміс компаниясы осы жобаны іске асыруға қаражат салу үшін «Creada Corporation» ЖШС-нен 51% акцияны сатып алды. Егер облыс кендеріндегі литий қорлары жеткілікті болып шықса, онда инвесторлар Қазақстан аумағында литий-ионды батареялар өндірісін ашуы мүмкін. Бұл жағдайда жобаны іске асыруға салынған инвестициялар сомасы 500-700 млн АҚШ доллары болуы ықтимал.

Шығыс Қазақстанда тау-кен металлургия кешенін одан әрі дамыту қажеттігі туралы премьер-министр Әлихан Смайылов жақында облысымызға жасаған сапары барысында айтты. Ол атап өткендей, бұл сала өңірдегі барлық өнеркәсіптің шамамен 70%-ын құрайды. Әрі қарай дамудың болашағы бар. Әсіресе электромобиль өндірісінде қолданылатын литийді барлау мен өндірудің өзекті мәселелерін ескерер болсақ.

 Сұраныс артып отыр

Геология-минералогия ғылымының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ «Ғылым – жер» мектебінің қауымдастырылған профессоры Марина Мизерная жоғары технологиялық өндірістің қарқынды дамуы сирек металдар мен жаңа материалдарды пайдалануды талап ететінін айтады. Сондықтан соңғы жылдары мұндай металдарды өндіру және өңдеу мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр.

– Қазіргі заманда сирек кездесетін элементтерге аз және ультра малокларкты табиғи радиоактивті емес және асыл емес өнеркәсіптік дамып келе жатқан металдар мен бейметалдар тобы жатады. Осы анықтамаға сүйенсек, оларға периодтық жүйенің 36 элементі енеді, кейде бұл тізімге вольфрам мен молибден де кіреді, – дейді Марина Мизерная.

Сонымен қатар сирек кездесетін металдар бүгінде өндірісте кеңінен қолданылады. Олардың Д.Менделеев кестесінде 15 түрі бар: 57 лантаннан 71 лютецияға дейін, сондай-ақ скандий мен иттрий.

 Сан салада қолданылады

Сирек металдардың әлемдік қоры қазір 110 млн тонна деп бағалануда. Олардың жартысына жуығы Қытайға тиесілі. Марина Мизернаяның айтуынша, Қытайдағы негізгі ресурстар темір-ниобий-сирек металдар кен орындарында шоғырланған. Олардан соң әлемдік нарықтың 17%-ын ТМД елдері алады, бұл ретте көшбасшы – Ресей.

Ресурстарға келсек, АҚШ, Аустралия, Дания, Канада, Оңтүстік Африка, Үндістан сирек кездесетін металдардың айтарлықтай қорына ие.

Сирек кездесетін металдар өндірісте кеңінен қолданылады. Мысалы, қалайы дәнекерлеу қорытпаларында электронды компоненттерді, соның ішінде тақталарды, сымдарды және чиптерді қосу үшін жиі қолданылады.

Вольфрам жоғары температураға төзімді, сондықтан жоғары температуралы пештердегі қыздыру шамдары мен қыздыру элементтерінің жіптерін өндіруде қолданылады. Вольфрам электродтары көбінесе электр дәнекерлеуде және плазмалық кесуде пайдаланылады. Сондай-ақ вольфрам ядролық энергетикада реактор құрылымдары мен компоненттерін қаптау үшін де жарайды.

Молибден жоғары беріктігі бар болаттар мен қорытпалар өндірісінде қолданылады, олардың механикалық қасиеттері мен термиялық беріктігін арттырады. Лантан, церий, неодим, прометий сияқты сирек металдар және лантанидтер тобының басқа элементтері магнит өндіруден бастап денсаулық сақтау мен авиацияға дейінгі көптеген салада қолданылады.

 Ал елімізде ше?

Мамандардың бағалауынша, Қазақстан сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеудің әлемдік нарығында өз орнын таба алуға тиіс. Елімізде осындай минералды шикізаттың едәуір қоры бар, бүгінде барланған 37 кен орны белгілі, сондай-ақ тантал, ниобийдің 500-ден астам кен көрінісі, иттрий және церий топтарының сирек орындары анықталған.

– Қазақстанның жер қойнауында әлемдік вольфрам қорының жартысынан астамы шоғырланған. Молибден қоры бойынша біздің республика әлемде төртінші және Азияда бірінші орында. Қазақстанның кен орындарында бұрынғы Кеңес одағының мемлекеттік балансында ескерілген молибденнің 30%-дан астамы бар, – деп атап өтті Марина Мизерная.

 Қат металдарға кенде емеспіз

Оның айтуынша, сирек металдарды барлауда, өндіруде және одан әрі өңдеуде Шығыс Қазақстан шешуші рөл атқаруға тиіс. Дәл біздің аймақта осы кендердің ең көп орны шоғырланған.

– Алтай аймағында полиметалл кендері жиі кездеседі. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда сандық және сапалық құрамы жағынан бірегей жаһандық кен белдеулері бар, – деп атап өтті геология-минералогия ғылымының кандидаты.

Мамандардың бағалауынша, Қазақстанның шығысында ұзындығы бойынша ең ірі Қалба-Нарын сирек металл белдеуі орналасқан, бұл аумақта сирек металдар кен орындарын іздеуге болады. Дәл осы жерде вольфрам мен молибден, литий мен тантал, циркон мен торий және басқа да көптеген пайдалы қазбалар жатыр.

– Жалпы алғанда, тек осы белдеуде сирек кездесетін металдардың 400-ге жуық көрінісі анықталды. Бұл нысандарда пайдалы қазбалардың көп мөлшері бар екені дәлелденді. Бірақ көріністер әлі кен орындары емес. Бұл аймақты барлау бойынша кешенді бағдарлама қажет, – дейді Марина Мизерная.

Оның айтуынша, Асубұлақ пен Ақтау аумағында сирек кездесетін металл кендері соңғы рет 1980-1990 жылдары игерілген. Бірақ бұл кендер жоғалып кетті немесе таусылды дегенді білдірмейді. Олар өз сәтін күтуде.

– Әзірлемелерді қайта бастауға жеткілікті себептер бар. Біріншіден, келешегі зор кен орындарының болуы. Екіншіден, бастапқы материалдардың болуы. Бұл істі едәуір жеңілдетеді, кәсіпорынның табыстылығына ешқандай сенімділік болмаған кезде нөлден бастау – қымбат әрі қауіпті іс. Үшіншіден, Шығыс Қазақстанда сирек металдардың белдеуін зерттеумен айналысатын адамдар әлі де бар. Олар – академик Борис Дьячковтың шәкірттері. Сирек кездесетін металл кендерін өндіретін кәсіпорындарда жұмыс істеген жұмысшылар да бар, – дейді Марина Мизерная.

Сарапшының пікірінше, облыста саланы дамытудың келешегі айқын. Ал қазір сирек кездесетін металдарды жете барлауға, өндіруге және өңдеуге инвестиция салуға дайын инвесторларды тарту міндеті тұр. Бұл отандық өңдеушілерді өз шикізатымен қамтамасыз ететін кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді, бұл түпкілікті өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетеді, логистика және жеткізу мәселелерін шешеді.

Алайда қазір облыста пайдалы қазбалардың кен орындары туралы толық көрініс жоқ.

– Біздің ғалымдар кен орындарына барып, жер бетінен үлгілер алып, әлемдік стандарттар деңгейінде зертханалық зерттеулер жүргізді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Полиметалл кен орындарын толық бағалау үшін кешенді жұмыс қажет. Ғалымдар бұл жұмыстардың бір бөлігі ғана бола алады. Мұнда ұңғымаларды бұрғылау және тау-кен қазбаларын өндіру керек. Тек осылай ғана жағдайды толық талдауға болады, – деп атап өтті профессор Мизерная.

Ғалымдардың пікірінше, республикада сирек кездесетін металдарды барлау, өндіру және қайта өңдеу жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеудің шұғыл қажеттігі туындап отыр, ол тиісті қаржыландыру болған жағдайда барлық бағыттарды қамтиды. Қазір бағдарламаға инвестиция сала отырып, мемлекет болашақта сирек металдарды өндіру және қайта өңдеу өндірістерінен салық түрінде табыс таба алады. Сирек металдардың жеке минералды-шикізат базасын құруға қатысты көптеген жылдар бойғы елеулі әлеуеттің болуы сол металдарды өндіруге маманданған отандық өндірістерді өз шикізатымызбен қамту мәселесін шеше алады. Бұл болашақта елімізде ғылым мен техниканың заманауи салаларын дамытуға, сондай-ақ әлемдік нарықта сирек металдарды сатуға мүмкіндік береді.

 Тәуекелсіз табыс жоқ

Облыста литий өндіру мен өңдеуге келсек, профессор Мизерная Шығыс Қазақстанда кен орындары әлі толық зерттелмеген сирек металды өндіруге мамандану қауіпті деп санайды. Ең тиімді жоба – сирек металдардың тұтас кешенін өндіру және қайта өңдеу.

– Тек литийдің өзін өндіру және өңдеу – өте қымбат технологиялық процесс. Ол су ресурстарына, энергияға және қышқылдарға үлкен шығынды талап етеді. Сондықтан бірден бірнеше сирек кездесетін металды өндіруді жолға қою әлдеқайда үнемді. Бұл тұрғыда облыста қалайы, вольфрам және тантал өндіру анағұрлым тиімді, – деп атап өтті Марина Александровна.

Атап өтерлігі, сирек металдарды өндіру үшін әрдайым жаңа кен орындарын игеру қажет емес. Қазіргі уақытта облыстағы көптеген тау-кен кәсіпорындарының қалдық қоймалары мен үйінділерін өңдеу ең тиімді және арзан болуы мүмкін.

– Себебі, әр жылдары мемлекет қажеттіліктері үшін, кейін меншік иелерінің мүддесі үшін полиметалл кендерінен сұранысқа ие металдар алынды. Мысалы, кеннен тек қорғасын мен мырыш алынған замандар болды, ал қазір қымбат саналатын мыс үйінділерге жөнелтіліп отырды. Бүгінде қосымша табыс әкелетін осы пайдалы қазбаларды алудың уақыты келді, – дейді сарапшы.

Марина Мизернаяның пікірінше, сирек металдарды барлау, өндіру және игеру процесінің тағы бір маңызды аспектісі – барынша қатал экологиялық бақылауды орнату.

Автор: Екатерина Гуляева

Осы айдарда

Back to top button