БрифингТОП

– Өңір экономикасының өсу қарқыны сақталды

Даниал Ахметов:

Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы, сондай-ақ өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылға жоспарланған жобалар жайында айтып берді. Сонымен қатар аймақ басшысы тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселе жайында тың ақпаратпен бөлісті.

– Ағымдағы жылдың басы бірқатар саяси маңызы зор оқиғамен ерекшеленді. Сөзсіз, оның ішіндегі ең маңыздысы деп елімізде өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанын айтуға болады. Жоғары жауапкершілікті сезінген халқымыз азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Ел тағдыры, Қазақстанның болашағы үшін дауыс берді. Бұл сайлау Қазақстанның саяси қайта құру реформалары тізбегінің соңғы кезеңі болды десек те болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде ел дамуының басым бағыттарын айқындап, алдағы бес жылға арналған маңызды міндеттерді белгіледі. Осыған орай, қазіргі уақыттағы басты мақсатымыз Президент бастаған реформаларды жалғастыра отырып өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу болып тұр. Ол үшін өндірістік әлеуетті толық пайдалану, инфрақұрылымды дамыту тәсілдерін қайта қарау, адами капитал сапасына ерекше көңіл бөлу маңызды. Бұл ретте, өткен жыл қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанда негізгі көрсеткіштердің қарқынды өсуі байқалғанын ерекше атап өткен жөн, – деп мәлім етті облыс әкімі.

Аймақ басшысы хабарлағандай, облыстың жалпы өңірлік өнімі 103,5 пайызға өсіп, 3,5 триллион теңгеге жеткен. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан аспапты. Сол сияқты, өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, орташа жалақы мөлшері 286 мың теңге болды, яғни 124 пайызға артқан.

Нақты секторды жаңғырту, тау-кен ресурстарын игеру, сонымен қатар құрылыс пен туризмге салынған инвестициялар ойдағыдай нәтиже берген. Ағымдағы көрсеткіштерге сәйкес, өңір экономикасының өсу қарқыны сақталды.

– Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемі – 102, ауыл шаруашылығы – 107, құрылыс жұмыстары – 108, инвестициялар 107 пайызға артқанын атап өткім келеді. Облыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулын құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2027 жылға дейін іске асырылуы тиіс жобалардың бірыңғай пулы қалыптасты. Оған өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, сауда мен туризм салаларындағы жалпы сомасы 904,5 миллиард теңгені құрайтын 37 жоба енді. Оның ішінде өткен жылы 71 миллиард теңгеге тоғыз жоба жүзеге асса, биыл 42,5 миллиард теңгенің тағы сегіз жобасы бойынша жұмыста аяқтау жоспарлануда, – дейді облыс әкімі.

Белгілі болғандай, облыстың агроөнеркәсіп кешенінде ғана жалпы құны 238 миллиард теңгені құрайтын 37 жоба жүзеге асырылуда екен. Ал өткен жылы 36 миллиард теңгенің тоғыз жобасы жүзеге асқан-ды. Солардың бірі әрі бірегейі деп Глубокое ауданында іске қосылған «Алтын Шығыс» май экстракциялау зауытын айтуға болады. Аталмыш зауыттың қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін май өндіруге жетеді. Сондай-ақ қазіргі уақытта Өскеменде «Алтын май» зауытының құрылысы жүргізілуде. Бұл кешен жылына 50 мың тонна май өндіретін болады. Осы ретте, аймақ басшысы былтыр өңірде өсімдік майын экспорттау көлемі үш есе ұлғайғанын да тілге тиек етті.

Баспанаға қол жеткізудің жаңа мүмкіндігі

– Осыған дейін өзіңіз тұрғын үй мәселесінде үлескерлікті қолдау бойынша бірқатар пікір білдірген едіңіз. Жақында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында өткен отырыста осы мәселе тағы талқыға түсіп, бұдан былай кез келген мердігердің қаражатты оңды-солды шашуына жол бермейтін ортақ шот ашу жайында айтылды. Баспанасыз жүрген азаматтардың тұрғын үйге қол жетуіне жасалып отырған осындай мүмкіндікті қолдайсыз ба?

– Мен бұған дейін осы мәселеге қатысты үш рет отырыс өткіздім. Өйткені адамдарды алдау арқылы қаражат тартқан бірқатар құрылыс компанияларының қарқыны мені қатты алаңдатты. Үлескерлікті жүргізуге тек үш жағдайда ғана рұқсат етіледі. Яғни арнайы органның оған кепілдемесі болғанда, екіншісі, оны қаржыландыруда екінші деңгейлі банктердің қатысы болғанда, үшіншіден, тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылған болса. 25 компания осылайша үлескерлердің қаражатын жинаумен айналысып кеткен. Дегенмен, біз оны дер уақытында доғарттық. Аталмыш ұсыныс өте қызықты екен, оны қарастыруға болады. Дей тұрғанмен, мен қай кезде болмасын құрылыс компаниясы жағында емес, үлескерлерді қолдайтын боламын. Бұл мәселені мамандармен ақылдасып, тараптар келіскен жағдайда қолға алып жұмыс жүргізуге болады.

– «Қазәуеқорғау» кәсіпорнында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Өткен жылы онда бар-жоғы алты жұмысшы болса, биыл бесеуге азайған. Басты мәселе  жалақының аздығы. Айлық деңгейінің мардымсыз болуы маңыздылығы зор қызметті осындай жағдайға жеткізіп отыр. Аталмыш мәселе өз шешімін табуы мүмкін бе?

– Біз биыл өзімізде осыған ұқсас құтқарушылар отрядын құрған болатынбыз. Ұжымда жиырма адам бар. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі сияқты жұмыстарды атқарумен айналысады. Сауалға қатысты мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, құзырлы министрлікпен ақылдасатын боламын. Ол жерде бес адамның ғана емес, жиырма адамның да жұмыс істеуіне ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Өкінішке қарай, облыстық бюджет республикалық ведомствоға қарасты мекеме қызметкерлерінің жалақыларын төлеуге бағыттала алмайды.

Қосымша қазандықтар салынады

– Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету мәселесі қаншалықты өзекті? Бүгінгі күні қосымша электр станцияларын салуға деген қажеттілік бар ма?

– Қазіргі таңда Өскемен қаласында 229 гигакалория жылу жетіспеушілігі бар. Осыған байланысты КШТ тұрғын ауданында қуаты 100 гигакалориялық қосымша қазандық салуға тапсырма бердім. Биыл оның жобасын әзірлеуге 400 миллион теңге қаражат бөлініп, 2024 жылдың соңына қарай құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап, қуаты 240 гигакалориялық тағы бір қазандықтың құрылысын бастаймыз. Биылдың өзінде қаладағы жылу жүйелеріне қатысты бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі бар. Согра кентін жылумен қамтамасыз ететін жылу орталығында былтыр екі миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл да осындай көлемдегі жұмыстар жүргізілетін болады.

– Ұлан ауданындағы көпшіліктің сүйікті демалыс орындарына айналған Дұбығалы, Айыртау, Сібе және Тайынты көлдерінің жағалауларын қоқыстан тазарту мәселесі өте маңызды. Жағажайларда қоқыс урналары орнатылмаған. Жиналған қоқысты шығарып отыру ұйымдастырылмаған, қоқыс тастауға тыйым салынатынын ескертетін тақташалар да қойылмаған. Осындай мәселе Катонқарағай ауданындағы Мұзтау шыңының түбінде де орын алуда. Сондықтан аталмыш мәселеге қатысты қандай да бір жұмыстар жүргізіле ме?

– Демалыс орындарын ластайтын – өзіміздің адамдар. Меніңше, бұл мәселеге басқа қырынан қараған жөн. Дамыған елдердегі осы мәселеге қарап қызығамыз. Мұның барлығы біздің өзіміздің мәдени деңгейімізге байланысты. Өз тарапымнан аталмыш мәселеге қатысты жұмыстарды ұйымдастыртып, Ұлан ауданының басшылығына қажетті тапсырмалар беремін. Ал Катонқарағайдағы Мұзтауға қатысты мәселеге келер болсақ, тау шыңының айналасы таза. Ондағы негізгі проблема сарқыраманың маңы болып тұр. Туристік аймақтың ластануын біз биыл біржақты ететін боламыз.

Баға тұрақты қадағаланып отыр 

– Өскемен қаласында бағаның өсуі өзекті мәселенің бірі болып тұр. Алдағы уақытта бағаны тежеуге, тұрақтандыруға қатысты қандай да бір шаралар ұйымдастырыла ма?

– Қазіргі уақытта 19 түрлі азық-түлік өнімін бақылауда ұстап отырмыз. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы биыл 1,3 миллиард теңге бөлу арқылы негізгі толайым сауда жеткізушілеріне қолдау көрсетіп отырмыз. Өңірдегі барлық негізгі азық-түлік сататын дүкендерді бақылап отырмыз. Осының арқасында біздегі сиыр етінің, күнбағыс майының, нанның, қарақұмық жармасының бағалары республикалық орташа бағадан төмен. Бағаны тұрақтандырудың тағы бір шешімі қазірде құрылысы жүргізіліп жатқан сауда-толайым базалары болмақ. 44 мың шаршы метрдің 19,6 мың шаршы метрі заманауи үлгіде жабдықталған көкөніс сақтайтын қоймалар болады. Ол жерде баға үстіне баға қосатын делдалдар болмайды. Яғни, әр өндіруші өзінің тауарын аталмыш базалардағы алаңдарға қойып, тұтынушыға тікелей саудалап отырады.

Сондай-ақ субсидиялау жүйесін өзгерту де бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізетін болады. Қазіргі уақытта біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне тек мақсатты бағыттарда бөлінетін субсидиялардың бірқатар деңгейде әмбебап болуы жөніндегі ұсыныстарымызбен шығып жатырмыз. Мұндай мүмкіндік берілсе, біз өзімізге қажетті салаларды субсидиялай алатын боламыз.

– Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бөлінгеннен соң біздің өңірде қандай өзгерістер орын алды?

– Соңғы жеті жылда біз облыстық бюджеттен 159 миллиард теңгені қазіргі Абай облысының аумағын дамытуға бөлген екенбіз. Өткен жылы өзіміздің аймақта төрт мектеп салсақ, биыл салынатын білім ордаларының санын 11-ге жеткізуді ойластырып отырмыз. Денсаулық саласын құрылғылармен жабдықтауға қажетті қаражатты төрт миллиард теңгеге өсірдік. Үш миллиард теңгеден астам мөлшерге автожолдар құрылысының қаражатын ұлғайттық. Қазіргі уақытта Гематологиялық орталықтың құрылысын жүргізіп жатсақ, алдағы уақытта «Алтай-Арена» кешенінің құрылысын қолға алуды жоспарлап қойдық. 

Маралдының мәселесі бақылауда болады 

– Күршім ауданына қарасты Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының мәселесі қалай шешілуде?

– Маралды ауылындағы проблема – бүгінгі күні өте маңызды мәселелердің бірі. Маған оған қатысты бірнеше хат келіп түскен болатын. Соңғы хат үшінші сәуір күні келіп түсті. Өз басым ондағы барлық жұмыстар тек заңға сәйкес болуы қажет деп есептеймін. Қандай да бір заңсыздықтар орын алса, барлық жұмыстар сол уақытта тоқтатылуы тиіс. Экологиялық мәселеге келер болсақ, оған қатысты біз тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізетін боламыз. Осындай сараптама жүргізу үшін біз Лев Гумилев атындағы университетті жалдадық. Аталған ұйым барлық жұмыстарды заң шеңберінде жүргізіп, өз қорытындысын шығарады. Индустрия және инновациялық даму министрлігінен шешімін талап ететін бірқатар жұмыстар бар. Бүгін менің орынбасарым аталмыш мәселе бойынша министрлікке сапарлап кетті. Мұндағы басты мәселе лицензиялауға қатысты. Егжей-тегжейлі зерттеулерден соң аудан әкімінің ұйғарымына қатысты өз шешімімді шығаратын боламын.

– Қытайлық компания өңірде мыс балқытатын жаңа зауыт салуды жоспарлап отыр. Аталған зауыт қай жерде орналасады? Онда қанша жұмысшы істеп, жобаны жүзеге асыруға қанша қаражат жұмсалады? Ең маңызды мәселе – бұл зауыттың жұмысы облыстың экологиялық жағдайына кері әсер етпей ме?

– Мыс балқытатын жаңа зауыт салу –  «Восток минералс» компаниясы жобаларының бірі. Дегенмен, әзірге бұған қатысты қандай да бір нақты шешімдер қабылданған жоқ. Мәселе ашық күйінде қалып отыр. Бұған дейін бұрын Шығыс Қазақстан облысына қарасты болып, кейіннен Абай облысына берілген Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты Қытай даму банкінің несиелеу жүйесі бойынша жиырма жылға екі пайыздық несие алу арқылы салынған болатын. Әлемде ешқандай мемлекет мұндай жобаларды осындай мүмкіндікпен қаржыландырмайды. 

Жанармайдан таршылық көрмейміз 

– Қазір жанар-жағармай бағасы қымбаттайды деген мәселе күн тәртібінде тұр. Осы орайда, аталмыш мәселе егіс жұмыстарына кедергі жасамай ма деген сұрақ туындайды.

– Бұл тұрғыда мәселе туындамауы тиіс. Негізі, биыл облысымыздағы егістік алқаптардың жалпы ауданы 653 мың гектарды құрайтынын айтқым келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға 20 мың тонна жанармай бөлінді. Оның жеті мың тоннасы межелеген жерлеріне жетіп қойды. Қазір қалған 13 мың тоннаны жеткізу мәселелерімен айналысудамыз. Бір сөзбен айтқанда, облыста тұқым қоры да, жанармай мен техника да жеткілікті.

– Риддер мен Өскемен қалаларында әбден тозығы жеткен барақ үйлер көп. Онда тұрып жатқан халықтың дені әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Демек, оларға өз бетімен баспана мәселесін шешу қиындау. Осы ретте, бізде Алматы қаласындағыдай ескі үйлерді қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылмай ма?

– Әрине, мұндай жұмыстар қолға алынуы керек. Себебі қалаларымызда өткен ғасырдың сонау 30-40 жылдары салынған үйлер бар. Және оларда адамдар тұрып жатыр. Сондықтан қазір бұл мәселеге айрықша мән берудеміз. Алдағы уақытта бізде де еліміздің өзге шаһарларындағыдай әбден тозығы жеткен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар қай кезде басталатынын дөп басып айта алмаймын. Дегенмен ондай жұмыстардың қолға алынатыны анық. Биыл техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейтін боламыз. Бұл тұрғыда аталмыш мәселе бір күнде шешіле қоймайтынын да түсіну керек.

– Глубокое ауданына қарасты Ушанов ауылдық округінің аумағында орналасқан шошқа фермасына қатысты проблема шешімін таба ма?

– Егер жоба экологиялық сараптамадан өтсе, онда жұмысты бастауға еш кедергі жоқ. Жалпы, аталмыш жобаға 117 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылып, 1 700 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс екенін де еске салғым келеді. Дегенмен бұл мәселенің де заң аясында шешілетіні анық. Ал заңды белден басқандардың барлығы кінәсі дәлелденіп жатса, міндетті түрде жауапқа тартылатын болады.

– Бұқтырма су қоймасының үстімен өтетін көпірдің құрылысы уақтылы аяқтала ма? Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде ме?

– Осыдан бес-алты жыл бұрын Бұқтырмада көпір саламыз деген сөзімізге ешкім сенбеп еді. Алайда біз Күршім мен Самардың арасын жалғайтын көпір тұрғызуға болатынын іс жүзінде дәлелдедік. Әрине, әлі атқарылатын жұмыс көп. Дегенмен, көпір құрылысы уақтылы аяқталатынына сенім мол. Бүгінге дейін 19,4 миллиард теңге игерілді. Биыл тағы бес миллиард теңге игерілмек. Қаржылық тұрғыда біраз мәселе бар екені рас. Алайда биылғы тамыз айында ол мәселе де шешімін табуы тиіс. Жұмыс барысына келсек, бүгінде қажетті 21 бетон тірегінің жетеуі дайын, жақын арада тағы төртеуі орнатылады деп күтілуде. Жалпы алғанда, жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, онда 2024 жылдың аяғында не 2025 жылдың басында көпірді пайдалануға береміз. Осының арқасында бүтін бір ауданның инфрақұрылымдық мәселелерін шешетін боламыз. Себебі көпір ашылса, жолаушылар мен жүк тасымалына қатысты көптеген проблема жойылады.

«Шаңырақтың» мәселесі шешімін табады 

– Соңғы кезде Өскемендегі Ана мен бала орталығының қызметкерлері жалақы мәселесін жиі көтеріп жүр. Олардың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, аталған мекеме мамандарының жалақылары әлі де бұрынғы қалпында қалуда. Тіпті басшылық түнгі ауысымға шыққаны үшін төленетін үстемеақыны алып тастағаннан кейін, ақша жағынан ұтылып қалғанын айтып шағымдануда.

– Білуімше, бұл мекеменің жалақы бойынша қарызы жоқ. Орталық денсаулық сақтау министрлігі есебінен қаржыландырылады. Дегенмен, бұл мәселені де міндетті түрде өз бақылауыма аламын. Негізі, мекеменің 700 миллион теңге көлемінде кредиторлық берешегі бар екенін білемін. Жалақы мәселесінің шешімін таппай тұруына осы бір жайт та себеп болуы мүмкін. Қалай болғанда да, аталмыш проблеманы назарда ұстайтын боламыз. Жалпы алғанда, бүгінде облысымыздағы дәрігерлердің орташа еңбекақысы 500 мың теңгені құрайтынын айтқым келеді.

– Риддердегі 508 бала оқып жатқан «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы – қазақ тілінде білім беретін қаладағы жалғыз мектеп. Осы ретте, шаһарда тағы бір мектеп салу көзделуде ме?

– Бұған дейін әлеуметтік желіде «Шаңырақ» мектебінің жай-күйі туралы түрлі ақпарат тарағанын білеміз. Өзім де Риддерге арнайы барып, білім ордасының жағдайымен танысып қайтқанмын. Жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ алдағы уақытта қалада тағы екі мектеп салынатынын айтқым келеді. Қазақ тілінде білім беретін 300 орындық мектептің құрылысы биыл аяқталады. Бұған қоса, қалада 600 орындық тағы бір білім мекемесі бой көтереді.

– Қазір Қазақстан хоккейінің ұстаханасы саналатын Өскеменде хоккей командасының мәселесі өзекті болып тұр. Дәлірек айтсақ, бүгінде жергілікті хоккейсүйер қауымды «Торпедо» командасының құлдырауы алаңдатады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бұл салаға көп көңіл бөлініп жатыр. Өздеріңіз көріп жүргендей, бүгінде қаланың әрбір ауласында су жаңа хоккей қорабы пайда болуда. Ал «Торпедоға» келсек, қазір өскемендік клуб құрамының 95 пайызын шығысқазақстандық спортшылар құрайды. Ал жасөспірімдер құрамасында түгел өзіміздің өрендер өнер көрсетеді. Осылайша, өз жастарымызға жағдай жасау арқылы біз біртіндеп Өскемен хоккейін бұрынғы биігіне қайтадан көтеретін боламыз.

Нұржан Кенжеұлы,

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button