Жұмыспен қамту

Оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тартылуда

Биыл облысқа еңбек ұтқырлығын арттыру мақсатында жұмыс күші басым өңірлерден және қандастар қатарынан 700-ге тарта адам тарту жоспарланып отыр.

Осы жылы бастау алғанына жеті  жыл болған жұмыс күші тапшы өңірлерге еңбек етуге құлшынысы бар адамдарды тарту бағдарламасы ары қарай жалғаспақ. Жалпы, еңбек күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамту, өңірлік және демографиялық жағдайды реттеуге бағытталған мәселе 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ынталандырылып отырады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының хабарлауынша, аталмыш бағыттағы бағдарламалар ел аумағында 2016 жылы басталған. Осы уақыт аралығында қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында облысқа жұмыс күші артық өңірлерден 1405 отбасы  /3598 адам/ көшіп келіп, басым бөлігі, яғни 2178-і адам Шығыста тұрақтап қалған. Ал отбасылық, климаттық және қолайсыз экологиялық жағдайларды себеп етіп, басқа өңірлерге кетіп қалғандар саны – 596 отбасы. Бұл көшіп келгендердің 39,5 пайызы.

– Жалпы, қоныс аударушылар облысқа Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен                   Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан келеді, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайрғазинов.

Жауапты тұлғаның айтуынша, 2017-2021 жылдар аралығында жұмыс күші артық өңірлерден облысқа қоныс аударған азаматтардың басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен болған. Атап айтсақ, осы жылдар аралығында Алматы облысынан – 1732, Жамбыл облысынан – 449, Түркістан облысынан – 416, Оңтүстік Қазақстан облысынан – 286, Қызылорда облысынан – 285, Шымкент қаласынан – 142 және Алматы қаласынан – 103 адам келген. Бұдан бөлек, Шығысқа Нұр- Сұлтан қаласынан – 110, ал Маңғыстау өңірінен – 75 азамат тартылған.

Білікті мамандарды тартады

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда негізінен білім және медицина салаларының білікті кадрларына деген қажеттілік бар. Әсіресе білім саласында педагог-психолог, қазақ, ағылшын тілдері, денешынықтыру, тарих және еңбек пәндерінің мұғалімдері, медицинада дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері жетіспейді. Сонымен қатар бухгалтер, тәрбиеші, электромонтер, электргазбен дәнекерлеуші, бағдарламашы,  механизатор мен мал дәрігерлерінің тапшылығы байқалады.

Осы себепті ерікті өңірлік қоныс аударудағы басымдық «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! «Серпін-2050» жобасының түлектеріне беріледі. Өйткені мектеп қабырғасынан енді ғана түлеп ұшып, Шығысқа тартылатын жастардың біраз жылда климаттық және әлеуметтік жағдайларға бой үйретіп, тұрақтап қалуына барлық мүмкіндік бар. Жалпы, соңғы бес жыл аралығында «Еңбек» бағдарламасы аясында «Серпін» жобасының 237 түлегі оқуын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, облыс аумағында тұрақты тұру мақсатында өңірлік қоныс аударуға қатысқан.

– «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде өңіраралық қоныс аударуға қатысушылардың қатарын Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың «Геодезия және картография», «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы», «Құрылыс», «Электр энергетикасы», «Техникалық физика», «Аспап жасау», «Машина жасау» мамандықтарының, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Педагогика және психология», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің «Ветеринария» мамандығының және Өскемен политехникалық колледжінің «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының түлектері құрайды, – дейді Досхан Қайрғазинов.

Әлеуметтік көмек бірдей көрсетіледі

Қазіргі уақытта қоныс аударушылардың басым бөлігі Өскемен, Семей және Риддер қалаларында, сонымен қатар Алтай, Катонқарағай, Жарма және Ұлан аудандарында қоныстанған. Ал әлеуметтік көмек барлық қоныс аударушыларға қоныстану ауданына қарамастан бірдей көрсетіледі. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде жүзеге асырылатындықтан, барлық аудан, қала әкімдіктері бекітілетін квотаны жоспарлы түрде толық орындап отыр.

Өскемен қаласына Алматы облысынан көшіп келген Қарлығаш Болаттың отбасы да ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында облыс орталығына қоныстанып, мемлекеттік қолдауға ие болған жанұяның бірі. Бүгінде көшіп келгендеріне бір жыл болған отбасы бір бала тәрбиелеп отыр. Қарлығаштың өзі информатика бакалавры болса, жұбайы Есхат – аспаз мамандығын меңгерген.

– Біз отбасымызбен Алматы облысына қарасты Көксу ауданынан былтыр маусым айында көшіп келдік. Қоныс аударуға бір реттік субсидия алдық және тұрғын үйді жалдап тұруға, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге берілетін субсидияны ай сайын алып тұрамыз. Өз ісімді ашу мақсатында 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, қазіргі таңда жұбайым екеуіміз өз ісімізді дөңгелетіп отырған жайымыз бар, – дейді Қарлығаш Болат.

Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт,  осыдан біраз жыл бұрын оқу-тоқу, жұмыс іздеп оңтүстік өңірлерге кеткен жерлестеріміздің соңғы жылдары аталмыш бағдарламаны пайдалана отырып қайтып оралуы байқалады. Осындай отбасылардың бірі – Ерболат Биханның жанұясы. Ұлан ауданының Тарғын ауылында туып-өсіп, орта мектепті тәмамдаған соң Алматыға жұмыс бабымен кеткен ол араға 15 жыл салып Шығысқа қайтып оралған.

Бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отырған Ерболат былтыр отбасымен Алматы облысына қарасты Карасай ауданының Қаскелең қаласынан ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына қатысқан. Ерболаттың өз мамандығы – тракторшы, зайыбы Әсем – музыкант.

– Біз отбасымызбен Өскемен қаласына көшіп келгенде қоныс аударуға байланысты берілетін бір реттік субсидия алдық және мемлекеттік тұрғын үй қорынан бес жыл жалдап тұруға үй берілді. Қазіргі таңда өзім жиhаз жасайтын цехта жұмыс істеймін, ал зайыбым әзірге бала күтімімен үйде отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік грант беру конкурсына қатысып, өз ісімді ашу ойымда бар, – дейді ол.

Жалпы, жұмыс күші басым өңірлерден келушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер қатары мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Мысалы, бағдарламаға қатысушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасылық жағдайына қарамастан жалғызбастыларға бір рет жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге материалдық көмек әрбір отбасы мүшесіне беріледі. Бұдан бөлек, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындар өтеледі. Оған қоса, қызметтік тұрғын үй немесе жастар үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде салынған, сатып алынған жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ жалдамалы тұрғын үй, қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидия беру, қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу сияқты көмек түрлері көрсетіледі.

– Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде биыл Шығыс Қазақстанға  275 отбасыны /680 адам/ қабылдау жоспарланған, – дейді Досхан Қайрғазинов. – Оның ішінде,  жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар саны – 518 адам, ал қандастар – 162 адам.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, ағымдағы жылы жұмыс күші артық өңірлерден облысқа келетін адамдардың басым бөлігі Үржар, Глубокое, Аягөз, Ұлан, Жарма, Бородулиха, Тарбағатай және Көкпекті аудандарын таңдаған көрінеді.

Биыл жұмыс күші артық өңірлерден келетін отбасылар мен адамдар саны

  1. Өскемен – 8 отбасы /21 адам/;
  2. Семей – 10 отбасы 25 адам/;
  3. Риддер – 6 отбасы /16 адам/;
  4. Абай ауданы – 8 отбасы /21 адам/;
  5. Аягөз ауданы – 12 отбасы /31 адам/;
  6. Бесқарағай ауданы – 9 отбасы /23 адам/;
  7. Бородулиха ауданы – 12 отбасы /32 адам/;
  8. Глубокое ауданы – 17 отбасы /45 адам/;
  9. Жарма ауданы – 11 отбасы /30 адам/;
  10. Зайсан ауданы – 10 отбасы /25 адам/;
  11. Алтай ауданы – 10 отбасы /25 адам/;
  12. Катонқарағай ауданы – 10 отбасы /25 адам/;
  13. Көкпекті ауданы – 11 отбасы /28 адам/;
  14. Күршім ауданы – 10 отбасы /26 адам/;
  15. Тарбағатай ауданы – 13 отбасы /33 адам/;
  16. Ұлан ауданы – 13 отбасы /34 адам/;
  17. Үржар ауданы – 19 отбасы /51 адам/;
  18. Шемонаиха ауданы – 10 отбасы /27 адам/.

Азамат Темірбеков 

Осы айдарда

Back to top button