Қоғам

Оңтайлы жағдай жасалған

Аудан мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті білім алуына оңтайлы жағдай жасалған.

– Ауданда мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі 413 жасөспірім бар. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру бағытында 51 мектептің кіреберісіне пандус орнатылса, 50 білім ошағына шақыру тетігі қойылған. Сондай-ақ 120 бала денсаулығына байланысты үйде оқып жатыр. Мектеп жасына дейінгі 79 бала бар. Әке-шешесінің қолындағы 13 бала оқуға жарамсыз. 56 мүмкіндігі шектеулі бала медициналық-әлеуметтік мекемеге барып, түрлі әлеуметтік көмек алса, 72 бала педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде арнайы мамандардан оқуда, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова.

Инклюзивті білім беру – балаларға қимыл-қозғалыс және ақыл-ес жағдайына қарамастан сапалы білім беру. Ол барлық балаға балабақша мен мектепте белсенді болуға мүмкіндік береді, ұжымның іс-әрекетіне атсалысуға жол ашады.

– Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімінің тапсырмасына сай Абылай хан және Сейфуллин орта мектептеріне дефектолог штаты бөлініп, ерекше балалар үшін арнайы мамандардың кабинеті ашылды. Бұл кабинеттерді жабдықтау үшін дидактикалық материалдар алынды, – дейді бөлім басшысы.

Балалардың 48-і дефектологтан дәріс алады. 49 білім мекемесінде ерекше оқушылармен жұмыс істейтін 57 психолог бар. Кейінгі үш жылда 28 мұғалім дефектология, 10 мұғалім қашықтан білім беру, 60 мұғалім мен 46 психолог инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттырды.

Болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы білім беру үшін өзге мамандармен тәжірибе алмасу бағытында ресурстық орталық ашылады. Одан бөлек, жаңадан салынып жатқан Мақаншы орта мектебінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруге бейімделген орталық ашу көзделіп отыр.

.Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button