Салт-дәстүр

ӨНЕРПАЗДАР ЖАРАПАЗАН АЙТТЫ

Жақында  облыстың бас имамы Ермек қажы Тасболатұлының бастамасымен өскемендік  өнерпаздар  сауда орындарын аралап, жарапазан айтқан болатын.        Аягөз бен Үржар ауданының өнерпаздары да осы салт-дәстүрді жалғастырып, жарапазан айтып, халыққа ақжарма тілектерін арнады.

Қасиетті Рамазан айында Үржар ауданының имамдары мен мәдениет үйінің өнерпаздары және Аягөз аудандық “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” мәдениет үйінің әртістері мен қаланың белсенді жастары ауылдағы қоғамдық орындарды аралап жарапазан айтты. Тұрғындарды жақсылыққа шақырып, ізгі ниеттерін білдірді. Тұрғындар  алғыстарын жаудырды. Екі ауданда да жиналған сома қайырымдылыққа жұмсалған.

Жарапазан «Жә-Рамазан», яғни арабша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы болып айтқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан-жылға молаюда. Ата-бабамыздан бүгінгі күнге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен жарапазан жыры да  жаңғырып, ауыл, қалаларда қайтадан айтылып жатыр.

Жамал Ермен

 

 

 

Back to top button