Қоғам

Өнерге де, өнімдерге де бай өңір

Әрине, Шығыс Қазақстанның тіл үйірер тәтті балы облыстың ғана емес, жалпы еліміздің мақтан етер бренді болып табылады. Өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Астанада өткен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жәрмеңкесі елордалықтарды таңғалдырды.  Шынында да, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері әр алуандығымен оларды ерекше тәнті етті.

Астаналық тұрғын Самат Искаковтың айтуынша, шығысқазақстандық өнімдер оның көңілін сапасымен әлдеқашан жаулап  алған көрінеді.  Күз келген сайын ол Шығыстың жәрмеңкесі өтетіні туралы хабарландыруды асыға күтеді екен.

– Тек мен ғана емес, өзге де астаналық тұрғындардың бұл жәрмеңкені асыға күтетінін байқадым. Адамдар килосы 5500 теңге болса да «Багратионның» сары майын сатып алу үшін күннің салқындығына қарамастан кезекте тұруға дайын. Бұл компанияның ірімшіктерінің ассортименті ұлғайып жатқанын білгенде біз шынында да таңғалдық.  Қазірдің өзінде ірімшіктің ондаған түрі бар. Бұл жолы «Пармезан» және «Качатту» ірімшіктерін сатып алдым. Исі қандай десеңізші!  Менің алдымда тұрған әйел 70 кило ірімшікті бірақ сатып алды, – дейді ол.

Сүт өнімдерінен басқа астаналықтар шұжық пен тауық етін, балық, сосын, әрине балды таласып алды. Бұдан бөлек жәрмеңке аясында ұйымдастырылған концерт көпшіліктің көңіліне жылылық ұялатты. Жәрмеңкенің алғашқы күні ауа-райы сәл сұрқай тартып, салқын болса, есесіне ертеңінде күн  шуақты әрі жылы болды.

Астаналықтар Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жәрмеңкесі туралы жылы   пікір білдірді.

«Багратионның» өнімдері керемет! Бір өкініштісі, астаналық дүкендерде жоқ» дейді Алла, ал Шолпан «Шығыстың балын алдым. Май секілді қою, дәмі тіл үйіреді. Иісі ғажап» дейді. «Бұл өңірдің жәрмеңкесі қашан да бай, өнімдері ерекше. Самар ауданындағы Шаров ара шаруашылығын мен бала кезімнен білемін. Ірімшік, қаймақ, йогурт алу үшін кезекте тұрдым, барлығы көңілімнен шықты. Ал өнерімен жәрмеңкеге  келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлаған концертті ұйымдастырушыларға бөлек алғыс айтқым келеді. Бұл аймақ өнімге ғана емес, өнер адамдарына да бай» деп өз әсерімен бөлісті Гүлнара. Шығысқазақстандық жәрмеңке өнімдеріне Тәңірберген де дән риза. Біраз тәтті-дәмділерді алғанын айтып қуанып тұр. Катонның жылқысының еті мен қымызын, Ұланның сүт өнімдерін, балығын, уылдырығы мен ет консервілерін,  шұжығы мен шемішкесін сатып алыпты.

Ал Әсемгүл  өз сөзінде сатушылардың сыпайылығы мен мәдениеттілігіне риза болғанын айтты.

– Менің өзім де негізінен Шығыс Қазақстан облысынанмын. Сондықтан да мен туған жерімнен жеткен өнімдерді қуана сатып алдым, – дейді ол.

Жұртшылықтың пікіріне қарағанда, Шығыс Қазақстанның Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аншлагпен өтті деп батыл айтуға болады. Жәрмеңке  жылдағыдай «Хан шатырдың» маңында емес,  Тұран көшесі, 48 мекен-жайындағы «Астана-Арена» стадионының жанында өтті. Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі, тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі бөлімінің жетекшісі Дамир Мамиевтің айтуынша,   ет, бал, балық және сүт өнімдері жәрмеңкенің алғашқы сағаттарында сатылып кетіпті. Барлық тауар өндірушілердің өз өнімдерінің сапасын айғақтайтын қажетті құжаттары болды.  Жәрмеңке сөрелерінде жиыны 282 тонна болатын 70-тен астам өнім ұсынылған болса, оның 120,8 тоннасы біздің өңірден жеткізілген. Барлығы 223 миллоннан астам теңгенің 1,7 тонна сиыр еті, 0,5 тонна қой еті, 11,6 тонна жылқы еті, 48,5 тонна бал, 14 тонна тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майы, 16 тонна картоп және басқа да көкөністер, 8 тонна сүт өнімдері,  3 тонна бақша өнімдері, 5 тонна тауық еті, 5,5 тонна балық өнімдері, 2 тонна шұжық өнімдері, 2 тонна ұлттық тағамдар және 3 тонна қымыз бен панты өнімдері сатылды.

Айгүл Биданова, Астана. 

Осы айдарда

Back to top button