Өнердің өз адамы
Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ
Қардың көбесі сөгіле бастаса, ақ ұлпадай қыстың ақ көрпесіне орана жатқан жер-ана да күн көзіне жіпсіп, гүл көктемге аңсары ауа бастайтынын аңғарасың. «Астанаға көктем кеш келеді» деген кинодағыдай, наурыз айы басталса да, Тарбағатайдың қысы да, оның қары да бір демде орнынан тапжыла қоймайды. Десе де, көктемнің жылы лебі бетіңнен сипайды. Әсіресе, 8 наурыз – әйелдер мерекесі көңілдің мұзын еріткендей, ақжарма, ақеділ тілектердің тиегін ағытқандай мәре-сәре күй кештіреді. Жыл сайын солай ғой.
Анаға, қарындасқа, әпкеге, жарға, әріптеске деген құрмет-қошеметтің еселенер сәті де осы күн. Құшақ толы гүл, кеуде толы жыр дегендей. Әр мерекені еске алғанда сол мезетке қатысты жандар, олардың елеулі еңбегі көз алдыңа келеді екен. Қазіргі қоғамда әйел-азаматшалар әр салада өндіріп еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Атай берсек, медицина, білім, өнер, спорт деп сан-салалы бағытқа кете береді. Тарбағатай ауданында өз кәсібіне адал, қызмет барысында әрбір қолға алған жұмысты көңіл көкжиегінен өткізе, түпкі нәтижесіне жеткізе орындайтын, жүрдім-бардымға жол бермейтін, талапшыл да талантты жандар аз емес. Солардың қатарында бірер ай бұрын ғана Тарбағатай аудандық Ақжар Мәдениет үйінің директоры лауазымына тағайындалған Көпшікбаева Шәкен Мәлікқызын бөле-жара атауға болады.
Бұл кісі 1964 жылы 15 мамырда Тарбағатай ауданы, Жаңаауыл ауылында дүниеге келген екен. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих және кітапхана факультетін бітірген. Мәдениет пен өнер саласында 30 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар білікті де білімді кадр.
Адамның қызметтегі абырой-беделі, ұжымындағы кісілік келбеті сол жерден кеткенде немесе өзге жаққа ауысқанда анық байқалады екен. Шәкен Мәлікқызы екі аудан қосылып тұрғанда Ақсуатта талай жыл қызмет істеді, Мәдениет үйіне басшылық етті. Ширек ғасырдан соң туған өлкенің өнер туындыларын түлетуге бел буды. Жуырда осы Ақжарға ауысқанда ақсуаттық ұжымындағы әріптестері сән-салтанатпен қимай қоштасып шығарып салды. Кейбір сәттерін әлеуметтік желіден көрдік, әсерлі, шынайы ықылас дерсің. Қандай құрмет, қандай баға! Бәрі де Шәкен Мәлікқызының шығармашылығындағы шыңырау биігін атап тұрып айтып жатыр. Елге сыйлы қылатын еңбек қой, шіркін…
Талғам, талап, ізденіс
Таңдаулы талғам, тапжылмас талап, іркілмес ізденіс – осы үш қасиет бұл кісінің шығармашылық жолының өзегі іспеттес. Ақсуат Мәдениет үйінің директоры қызметін абыроймен атқара білді. Сан түрлі жаңа форматтағы шығармашылық жобалардың іске асуына күш салды. Аудандағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, ансамбльдер, этнотоптар, халық театрының шығармашылық қазанын бұрқ-сарқ қайнатты. Мысалға, «Бабалар сазы» этнотобы 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында «Ұлы дала – ұлттық рух» фестивалінде Астанада өнер көрсетіп, этнотоптар арасында бас жүлде алғаны есімізде. 2018 жылы Иранның Тегеран қаласында өткен Наурыз мерекесіне еліміздің атынан қатысып, Тегеран әкімшілігінің арнайы сертификатына ие болды. 2019 жылы Түркияның Бурса, Анкара қалаларында концерт берді. Сол жылы Самарқанд (Өзбекстан) қаласында өткен ХІІ дүниежүзілік «Шарк тароналари» музыка фестиваліне қатысты. «Бабалар сазы» этнотобының шығармашылығы ұлттық рухқа тұнып тұр. Ансамбль репертуарында қазақтың көне жырлары Қазтуған жыраудың «Алаңда, алаң, алаң жұрт…», А.Ахатұлының «Домбыра», Н.Тілендиевтің «Аққу», «Жекпе жек», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Нұрым жыраудың «Мен қашанғы жүйрігің…», халық күйлері «Бұлғын сусар», «Үш теке», «Сары өзен», Абайдың «Тор жорға», Ш.Қорғанбектің «Абай сыры», «Көк түріктер», Т.Жахинның «Бабалар мекені – Алтай» күйі, халық әндері «Шилі өзен», «Гүлдариға», «Қара жорға», «Қарай көзің», Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Ж.Жабаевтың «Ақындарға арнау» сияқты шығармалары бар. Осының бәрін үйлестіруде, ұйымдастыруда, істің ретін табуда Шәкен Мәлікқызының табанды еңбегі тұр. Сонымен бірге «Сұлусаз» фольклорлы ансамблі Петропавл қаласында өткен Сегіз серінің 200 жылдығына арналған «Гауһартас» республикалық фестивалі, Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» республикалық фестивалінің тұрақты қатысушысына айналды. «Ақсуат» халық театры Семей, Зайсан қалаларында өткен театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі 1-2 орынды иеленді. Аудандағы халықтық ұжымдардың шығармашылық деңгейін көтеру, репертуарларын жаңартуда Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның, Астанадағы мемлекеттік филармонияның базасындағы «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының, «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің, Семей, Өскемен қалаларындағы өнер колледждерінің кәнігі мамандарымен шығармашылық байланыс орнатып, кадр және репертуар тапшылығын шешуде айтулы еңбек етті.
Ұлттық кодымызды тап басады
Мінеки, бүгінгі таңда Ақжар Мәдениет үйінің ұжымымен алға биік мақсаттар қойып, аудан мәдениетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жан аямай қызмет етуде. Еңбегін ел біледі, білген соң да құрметпен қарайды, риза пейілдерін білдіріп жатады. Аудан, облыс басшылығы да Шәкен Мәлікқызының еңбегін лайықты бағалап келеді. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының бірнеше рет Алғыс хатымен марапатталған, Құрмет грамотасына ие болған. 2015 жылы «Клуб ісі» номинациясы бойынша мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сыйлығын иеленген. Ол Мәдениет саласының үздігі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы.
Қорыта айтқанда, Шәкен Мәлікқызы өнердің айдынында қашан көрсең тыңнан түрен салып жүреді. Күні кеше ғана Ақжар Мәдениет үйі жанынан құрылған «Толағай» фольклорлы ансамблінің алдағы мерекеге дайындық сәтінен деп бір бейнажазба салды. Әуезді, ұлттық нәрі бар музыкалық шығарма елең еткізді.
Біз қанша жерден заманауи әндерге құлақ түрсек те, ол жалт етті де жоқ болдының кері болады. Ондай дүниелердің ғұмыры келте. Бір сәттік дүниелер бәрі. Ал неге ұлттық, қазақы дүниетанымдық өнер шығармалары бізді ерекше күйге бөлейді, ішкі жан дүниемізді қозғайды, тебірентеді? Себебі ішіміздегі ұлттық кодымызды тап басады. Міне, Шәкен Мәлікқызының ерекшелігі – сол қазақы, ұлттық төл өнеріміздің жоғын түгендеп, барын жарқырата көрсетуге ұмтылатындығы. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі – мінезділігі. Топқа түссе, сөзін ұқтыра да біледі, ықтыра да біледі. Кейде іс-қимылынан, тіліп айтар сөздерінен Фариза Оңғарсынованың мінезінің ұшқынын байқағандай боламын. Шәкен Мәлікқызы, сізге және ұжымыңыздағы барша аруларға Халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын дейміз, шығармашылықтарыңыз шалқи берсін.
Айтқандай, тау жаққа қараймын, маңғаз Тарбағатай ақпанда киген ақ сәлдесін әлі шешпепті. Бәлкім, осы гүл көктемнің жанды ерітер ақ тілектері қарды да ерітіп әкетер ме екен, кім білсін…