Өнер

Өнер ордасындағы кездесу

Шығыс Қазақстан өнер музейінде ақын, сазгер, суретші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елдар Кәменұлы Оразалинмен кездесу өтті.  Рухани-танымдық кешке  қаланың зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер, қала қонақтары қатысты.

Елдар Кәменұлы Оразалиннің есімі өңірімізге, тіпті республика жұртшылығына жақсы таныс. Елдардың әкесі Кәмен Оразалыұлы заманымыздың әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезовтің шәкірті әрі рухани жақын інісі.  Ұлы  Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жазу барысында Кәменнің көмегіне көп жүгінген екен. Кәмен Оразалы Әуезовтің тапсырмасымен романға қажетті деректерді  елдегі көнекөз қариялардан сұрастырып, нақтылап отырған. Сондай-ақ оқырман қауым Кәмен Оразалыұлын жазушы ретінде де жақсы біледі.  Ол Мұхтар Әуезов туралы «Абайдан соң» атты төрт томдық  тетрология жазған. Сонымен қатар Кәмен Оразалыұлы «Көктем салқыны», «Кең байтақ», «Ақжазық» атты шығармалардың да авторы.

«Расында, жақсы әкенің баласы болу, әрине, жақсы. Бірақ ол адамға үлкен міндет жүктейді» деді кездесуде Елдар Кәменұлы.  Бүгінде мерейлі 60 жасқа толып отырған Елдардың өзі  де өнердің адамы. 1980-шы жылы Абай атындағы орта мектепті, 1986 жылы Семейдегі педагогикалық институтты бітірген Елдар Кәменұлы еңбек жолын Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызметтен бастайды. Он үш жыл бойы мектеп жанынан шығатын «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журналдың көркемдік жетекшісі міндетін атқарады.

Елдардың өзі де ақын. Оның бірнеше жыр жинағы жарық көрген. 2013 жылы Шығыс Қазақстан өнер музейінің қолдауымен «Уақыт жемісі» атты  жыр жинағы, ал 2017 жылы  «Жидебай-Бөрілі»  музей қорығының қолдауымен «Шыңғыстау» атты жыр жинағы  жарық көріпті.   Рухани-танымдық кездесу барысында Елдар Кәменұлы өз өлеңдерін де оқыды.

– Жалпы Абай туған топырақта туып өскен адам ақын болмаса да ақынға жақын болады. Оның үстіне  менің әкем әдебиетке  өлеңмен келген. Сонау 1938 жылы облыстық «Екпінді» газетіне әкейдің «Күзетте», кейін Абайға арналған «Ұлы ақынға», «Данышпан ақын» деген өлеңдері шыққан, – деді Елдар Оразалин.

Сонымен қатар Елдар Оразалин суретші әрі сазгер. Суретшінің қолынан шыққан туындылар Шығыс Қазақстан өнер музейінің қорынан да орын алған.  Ол   «Ертіс өңірі» композиторлар одағының мүшесі.

Рухани-танымдық кеште кеш қонағы Елдар Кәменұлы туралы ардагер-журналист Айтмұхамет Қасымов, абайтанушы ғалым Айжан Картаева, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Бүгінде Елдар Кәменұлы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік  музей қорығының қарауындағы Кәмен Оразалин атындағы әдеби үйдің меңгеушісі.  Қазіргі таңда мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты үш мыңнан астам жәдігер бар көрінеді.

Мейрам Екпін

 

 

Осы айдарда

Back to top button