Қоғам

Өнегелі өмір

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс елімізге оңай келмегені белгілі. Жеңіс үшін қаншама адам қырылғаны да жаңалық емес. Сол қиын-қыстау заманда Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен бірге соғыстың бар ауыртпашылықтарын көтерген, ұрпақтарына бейбітшілік заман орнатып, Ұлы Жеңіс сыйлағандар – тыл еңбеккерлері. Солардың бірі   Солдатово ауылының байырғы тұрғындарының бірі, тыл еңбеккері Солтан Әкімжанов.

Солтан Омарұлы 1937 жылдың 13 мамырында бұрынғы Катонқарағай ауданының Алтай ауылында дүниеге келген. Алтай ауылы деп отырғанымыз қазіргі Катонқарағай ауылының күнбатыс жағы. Ертеректе бұл ауылдың бұл бөлігі қазіргідей емес, Катоннан бөлек жатқан елді мекен болыпты.

– Біз бір атадан төртеу едік, –  дейді Солтан ақсақал. –  Екі ұл, екі қыз болып өстік. Үйдің үлкені мен едім. Бүгінде көзі тіріден үшеу қалдық. Бауырым қайтыс болған.

Әке-шешеміз соғысқа дейін де, соғыстан кейін де колхозда еңбек етті. Әкеміз соғыста мерт болды.  Жесір анамыз төртеуімізді аяқтандырды. Соғыс уақытында біз қара сирақ бала едік. Балалық дейтін балалық болды дейсің бе?! Бұғанасы қатпаған  біздер  «Киров»  колхозында ересектермен бірге жұмыс істедік. Шөп те шаптық, жинадық,  шөмеле де үйдік. Қара жұмыстың барлығын да істеп жүре бердік. Сондағы ішер тамағымыз қара бидайдың көжесі. Соны талғажау еттік. Сөйтіп, балалығымыз өтті. Ол кезде заман қиын еді, соғысқа жарамдылардың бәрі де бірі қалмай майданға кетті, ауылда кемпір-шалдар мен әйелдер, ұсақ балалар қалды.

Солтан ақсақал Алтай мектебінде 7 сыныпты бітірген. 1953 жылы әскер қатарына шақырылып, Өзбекстанның Термиз дейтін жерінде үш жыл өзінің Отан алдындағы борышын өтейді.

– Әскерден елге оралған соң, ауылда шопырдың оқуын оқып, қолыма жүргізуші куәлігін алып, жұмысқа түстім колхозға. Газ-51, Газ-63, Газ-66 сияқты жүк көліктерін жүргіздім. Кейін өмірлік жарыммен кездесіп, екеуіміз шаңырақ көтеріп, қазіргі отырған ауылымыз Солдатовоға көшіп келдік, –  дейді Солтан Омарұлы.

Солдатово ауылының тумасы Күлсара Тойбазарқызымен Солтан ақсақал 1963 жылы отасады. Қарияның айтуынша, ол қалыңдығын алып қашу салтымен әкеліп, көңіл жарастырған.    Отау құрған жас ерлі-зайыптылар осы жылдары Солдатовоға қоныс аударып, сол уақыттан бері  осында әлі күнге дейін тұрып келеді. Биыл Солтан ақсақал мен Күлсара әжей екеуінің  шаңырақ құрғандарына 59 жыл толды. Өмірге екі ұл, екі қыз әкеліп, барлығын тәрбиелеп өсіріп, ержеткізді. Бүгінде тұңғыш ұлдары өкінішке орай, өмірде жоқ.

– Солдатовоға келген соң, жұбайым «Калинин» колхозында сауыншы боп еңбек етті, мен малшы болып жұмыс істедім.  Зейнетке шыққанша өмір бойы колхоз бен совхозда адал еңбек еттік. Балаларымыз өсіп, отбасылы, балалы-шағалы болды. Қазір Құдайға шүкір, солардан тараған алты немереміз бар. Барлығы да қалада. Бос уақыттарында ауылға келіп, хал-жағдайымызды біліп, келіп тұрады. Қазір ұлымыз Серікболдың қолындамыз. Ендігі қалған жалғыз тілек осы баламыздың өмірдегі жарын тауып, үйленіп, үй болып, балаларын  сүйсе екен дейміз, –  дейді көнекөз қария.

Өмірде небір қиыншылықтарды көрсе де Солтан ақсақал мен Күлсара әжей  жүріп өткен өмірлеріне  ешқашан өкініп немесе шағымданбағандарын айтады.

– Бәрін көрдік. Басымыздан талай дүние өтті. Қызығын да қиынын да бастан кешірдік. Бірақ өмір сонысымен өмір емес пе?! Бәрі қалағаныңдай  біркелкі, теп-тегіс  бола бермейді. Соған қарамастан, өмірге  «ай, әттеген-ай!»  деп көрмеппіз. Ең бастысы, басымыз аман, еліміз тыныш, бала-шағамыз жанымызда, аспанымыз ашық, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз, –  дейді Күлсара Тойбазарқызы.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button