Қоғам

Өндірістегі жазатайым жағдайлар азайып келеді

Азамат Темірбеков

Өткен жылы Мемлекеттік еңбек инспекциясы өңірдегі жүзден астам кәсіпорындағы төрт мыңға жуық жұмысшының құқығын қорғап, еңбекақы қарыздарын өндіруге көмектесті.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатовтың хабарлауынша, былтыр құзырлы мекеме тарапынан еңбек қатынастарына, еңбек қауіпсіздігі мен қорғалуына қатысты 1638 арыз-шағым қарастырылып, еңбек қатынастары саласында профилактикалық және жоспардан тыс 400-ден астам тексеру жүргізілген. Жалпы, тексерулер нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 47,3 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бүгінгі күні анықталған кемшіліктердің басым бөлігі түзетіліп, бірқатарымен әлі де болса жұмыстар жүргізілуде.

– Былтыр инспекцияның жүргізген шаралары нәтижесінде 1218,9 млн теңге мөлшеріндегі еңбекақы қарызы өндіріліп, 110 кәсіпорындағы 3984 жұмысшының құқығы қорғалды, – дейді Бақытбек Қизатов. – Жыл басынан бері жағдаяттық орталықта сегіз кәсіпорын мониторингтеліп, жыл көлемінде оның бесеуінен бақылау алынды. Биыл осындай мақсатта үш кәсіпорын бақылауға қойылып, мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, өткен жылы ұжымдық келіспеушіліктерге жол берілген жоқ.

Сонымен қатар былтыр өңірде облыстық прокуратураның бастамасымен шетелдік жұмыс күшін тартумен айналысатын компанияларда жеті рет еңбек заңнамасын сақтауға байланысты тексерулер ұйымдастырылған. Тексеру нәтижесінде оларда 251 бұзушылық тіркеліп, 18 заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалады.

Бұдан бөлек, аймақта әлеуметтік әріптестермен ұжымдық келісімшарттарды бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, жыл басынан бері жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ірі және орта бизнес нысандарында аталмыш көрсеткіш жүз пайызды құраса, шағын бизнес саласында 68 пайызға жеткен. Былтыр жыл басында 173 ірі кәсіпорын жұмысшыларының жалақыларын көтерді.

Өндірістік травматизм көрсеткіші өткен жылдарға қарағанда 17,2 пайызға төмендеген. Өндірісте болатын оқыс жағдайларда зардап шегетіндердің коэффициенті де төмендеді.

– Өндіріс салалары бойынша қарасақ, зардап шегушілердің басым көпшілігі тау-кен-металлургиялық салада кездескен, келесі кезекте бюджеттік мекемелер, құрылыс, ауыл шаруашылығы, автокөлік кәсіпорындары, шағын бизнес, энергетика өндірісі мен коммуналдық кәсіпорындар тұр. Жазатайым оқиғалардың көпшілігі зардап шегушінің өзінің өрескел қателік жіберуімен байланысты болса, сонан кейінгі орында ұйымның жұмысты қанағаттанарлық деңгейде ұйымдастырмауымен байланысты болып жатады. Өткен жылы арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша 155 материал кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту мақсатында полиция органдарына жолданды, – дейді Бақытбек Қизатов.

Өндірістік травматизмді азайту, мемлекеттік және ішкі бақылауды күшейту мақсатында Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әрекет етудің 2025 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Оған қоса, өңірдің 14 кәсіпорнында жаңадан «Халықтық бақылау» жобасы енгізіліп, он кәсіпорында келісімшарт аясында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейінгі вертикалды бақылау моделі жасалды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға байланысты 704 өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Облыстың 25 кәсіпорны «VisionZero» нөлдік травматизм тұжырымдамасына қосылды. Бұдан бөлек, өндірістік травматизмді жасырып қалу фактілерін болдырмау мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы, полиция департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, облыстық кәсіподақ орталығы мен шағын және орта бизнес жұмысшыларының кәсіподағы арасында меморандум бекітілді.

Осы айдарда

Back to top button