ӘлеуметТОП

Өндірістегі қауіпсіздікті ерекше жандар бақылайды

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Ерекше қажеттілігі бар адамдардан жұмыс күші жасақталды. Жаңадан ашылған бейнемониторинг орталығында бүгінгі таңда есту қабілетінен айрылған 15 адам жұмысын бастап кеткен.

Мүмкіндігі шектеулі жандар «Казцинктің» «көзі» болмақ. Облыстағы ірі компанияның бірі өз нысандарын қорғау мақсатында бейнемониторинг орталығын ашып, алпыстан астам адамды жұмыспен қамтыды. Есту қабілетінен айырылған жандардан жасақталған штат қауіпсіздікті онлайн режимде қадағалайды. Жаңа бөлімшенің қызметкерлері облыс орталығында отырып Риддер кен байыту фабрикасының учаскелерін бақылап, қандай да бір ауытқулар мен қауіпті байқаса, дереу жауапты әріптесіне хабар береді.

– Ерекше қажеттілігі бар жандар жұмыс істейтін жаңа кеңсенің ашылуы – біздің барлығы үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жолындағы қадамымыз. Мұндай орталықтар әр адамға біздің өндірістік үдерісімізге қосылуға, сонымен қатар өздерін лайықты жұмыспен, табыс көзімен қамтамасыз етуге және тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асырмас бұрын екжей-тегжейлі талқыдан өткіздік. Өздеріңіз білетіндей біздің өндірісте қауіп-қатер көп. Кейде техникалық қауіпсіздікті қадағалауда жауапты адам барлығына бірдей үлгере бермейді. Сол себепті осы орталықты ашуға бел будық. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып, қоғам өміріне тарттық, – дейді «Казцинк» ЖШС-ның бас директоры Александр Хмелев.

«Казцинк» бұл жобаны «Қазақстан саңыраулар қоғамымен» бірлесе отырып іске асырған. Облыс орталығындағы «Арман» мәдениет үйінен орын таңдалып, жөндеу жүргізілген. Кеңсе толығымен мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайына қарай жабдықталған. Мұнда арнайы ас бөлмесі мен қызметкерлердің тынығатын орнына дейін қарастырылған.

Жаңа кеңсеге қызметкерлерді жұмыспен қамту орталығы ұсынған. Сонда тіркеуде тұрғандардың арасынан мүмкіндігі шектеулі 63 адам таңдалып, арнайы оқудан өтті. Бір ауысымда істейтін 15 адамның 11-нің есту қабілеті нашар, ал ерекше қажеттілігі бар үш адам қызметін үйден атқарады. Қашықтан жұмыс істейтіндердің екеуі Риддер қаласында болса, біреуі Өскеменде тұрады.

– Біздің қалада ерекше әлеуметтік жоба іске асырылып отыр. Жобаның ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандар қоғаммен етене араласып, өз орталарын қалыптастырып, ел қатарлы жұмыс істеп, жалақы алады. Осы тұста «Казцинк» ұсынған жоба өте тиімді болды. Қаламыздың 56 тұрғыны жұмыспен қамтылып, олардың ертеңге деген сенімі нығая түсті. Осындай жобалар әрі қарай да жалғасын табады деген ойдамын, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Бейнемониторинг орталығындағы қызметкерлердің барлығы арнайы оқудан өткен, компьютердің тілін біледі. Арасында IT саласының білікті мамандары да бар.

– Біз үшін бұл жоба тың бастама болды. Осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс табуда қиналып келгенбіз. «Қазақстан саңыраулар қоғамы» атынан осы жобаны іске асыруға атсалысқан барлық ұйымға алғыс айтамын. Біздің қызметкерлерге арнап жайлы жұмыс орнын да қамтамасыз етті. Кофе машинасын да сыйға тартты. Қызметкерлерімізге арнап бірдей жұмыс формасын ұсындық. Алдағы уақытта осы жобаның аясында тынбай еңбек ететін боламыз, – дейді «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Елена Баус.

 

Осы айдарда

Back to top button