Қоғам

Он жеті соғыс ардагері Астанадағы парадқа қатысты

Он жеті соғыс ардагері Астанадағы парадқа қатысты

Жеңістің 70 жылдығына орай Астанада өткен мерекелік іс-шараларға біздің облыстан он жеті ардагер қатысты. Оларды Өскеменнің әуежайынан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен қала тұрғындары сәттілік тілеп шығарып салды. Астанада ұйымдастырылған парадқа бес мың әскери қызметкерлер, 230 әскери көлік және жетпіс шақты әуе техникалары жұмылдырылды.
Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына орай Астанадағы әскери парадқа баратын ардагерлерді облыс басшылығы ерекше құрметпен шығарып салды. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ бұйрығымен ардагерлерді Астанаға жеткізетін тегін ұшақ ұйымдастырылды. Ал аудан-аудандардан ат арытып келіп жатқан ардагерлер өздерін таныстырып, ұшу залына қарай өтіп жатты.
Көкпектіден келген соғыс ардагері Нұрмұхамбет Ақшалов аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының дивизиясында болған екен. Нұрмұхамбет ақсақал 1941 жылы соғысқа шақырылып, Алматыда алты ай оқу-жаттығу жиындарынан өткен. Әбден бабына келген солдаттарды жан-жаққа соғысқа әкетеді. Ал Нұрмұхамбет Ақшалов Калинин бағытындағы ұрысқа қатысады.
Ол жерден кейін әскерлерді қайта жинақтап, Мәскеуді қорғауға жібереді. Сол жердегі ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алып, госпитальде жатып емделеді. Жарақаты жазылғаннан кейін 1944 жылы ауылына қайтқан.
– Ол кезде трәктірдің тізгінінде әйелдер жүретін. Жұмыс ауыр. Ауылға келіп, мен де тракторист болып қызмет істедім. Дәрігерлер күнде таңертең жарақаттанған аяғымды таңып байлап береді. Таяққа сүйенсем де егін орып, шөп шауып тынбай еңбек еттім. Бүгінгі ұрпағымыз ондай соғысты көрмей-ақ қойсын. Бейбітшілік болсын! – дейді ардагер.
Ал сонау Зайсан ауданынан келіп, Астанаға аттанып бара жатқан Равиль Ғазизов ақсақал Башқұртстанда соғысқа дайындалып, 1944 жылы Праганы жаудан азат етуге қатысады. Кескілескен шайқаста Равиль ақсақал қызмет еткен батальон жеңіске жетеді. Бұдан кейін ол Моңғолия, Гобби шөлдері арқылы Жапон басқыншыларына қарсы соғысқа аттанады. Сапер болып қызмет атқарған Рабиль Ғазизовтың мақсаты жүрер жолдарын минадан арылтып отыру еді. Ақсақалдың айтуынша, Гобби шөлін басып өткенде әскерлер қатты қиналған көрінеді. Күндіз ми қайнатар ыстық болса, түнде өте суық болған екен. Жаяу әскер екі-үш сағат қана ұйықтап, күніне елу шақты шақырымды бағындырып отырған. Екі айдан кейін Жапонияға жетіп, Қытайдың Харбин, Чунчун қалаларын жау қолынан азат еткен.
– Бір айдай ғана соғыстық. Жапон әскері әлсіз болды ма екен, алыстан ғана оқ атумен болды. Соғыста тәжірибе жинақтаған Кеңес әскерінің жауынгерлері автоматтан оқты қарша боратып жапондықтарды шегінуге мәжбүрледі. Сөйтіп олар бір айдан кейін капитуляция туралы жариялады, – дейді алты жыл Отан қорғаған ардагер.
Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына орай Астанадағы парадқа кеткен шығысқазақстандық ардагерлер: Құрмат Рахимов, Аркадий Кимосов, Роман Мурзалинов, Михаил Кравченко (Өскемен), Нұрқасым Әжітаев, Ғабдулғазиз Ахмеров(Семей), Георгий Шуваев, Николай Паньшин(Риддер), Жағыпар Жүнісжанов(Абай ауданы), Әбілкәрім Темірханов(Аягөз), Алексей Ломтев(Бородулиха), Қожа Қасымжанов(Жарма), Равиль Ғазизов(Зайсан), Григорий Корогод(Зырян), Нұрмұхамбет Ақшалов(Көкпекті), Тохтарбай Ахатаев(Үржар), Максим Домовец(Шемонаиха). Әуежайдың ұшу залында сайдың тасындай тізіліп отырған ардагерлер соғыс жылдарындағы патриоттық әндерін шырқап, бір-бірімен шүйіркелесіп көңілді отырды. Сұрапыл жылдардағы естен кетпес естеліктерін айтты.
– Маусымның жиырма бірі күні оныншы сыныпты тәмамдап, әтістат алдым. Ал жиырма екісі күні соғыс басталды. Сөйтіп, мектеп қабырғасынан тікелей әскери комиссариатқа шақырту алдым. Оқу-жаттығудан кейін соғыс қимылын Мәскеу түбіндегі шайқастан бастадық. Өз жерімізді жаудан босатқаннан кейін Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия үшін соғысып, Австрияның Альпі тауында жеңісті қарсы алдық, – дейді отставкадағы полковник Әбілкәрім Темірханов. Аягөздік Әбілкәрім ақсақал өмір бойы әскери салада қызмет істеп, зейнетке шыққан. Ұлдары да әке ізімен әскери мамандықты таңдаған екен.
Ардагерлерді Астанаға салтанатты түрде шығарып салу шарасында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығымен құттықтап, сәт сапар тіледі.
– Құрметті ардагерлер, сіздерді Ұлы жеңістің жетпіс жылдығымен құттықтаймын! Бүгінгі бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан ұрпақ сіздерге мәңгі қарыздар. Алғысымыз шексіз өздеріңізге. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Қалалықтар майдангерлерге гүл шоқтарын ұсынып, естелік суретке түсті. Ардақты ардагерлерге барлығы сәттілік тілеп, үрмелі аспаптар оркестрінің әуенімен ұшаққа дейін шығарып салды. Ардагерлермен бірге арнайы жол серіктер және медицина қызметкері бірге ұшты Астанаға.
Елорданың әуежайынан да ардагерлерді салтанатты түрде қарсы алып, Астананы аралатты. Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойып, Ұлттық мұражайға, «Бәйтерекке» барды. Сонымен қатар, «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, құран бағыштады. Ерекше айта кетерлігі, парадқа қатысатын ардагерлер делегациясының басым бөлігі біздің – біздің өңірден.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button