Қоғам

Он үш жылдан кейін оралған мереке

Мейрамтай Иманғали

Әрбір қазақ үшін, әрбір қазақстандық үшін азаттықтан артық, тәуелсіздіктен тәтті ұғым болмаса керек. Осы орайда 25 қазан – Республика күні ұлттық рухты көтеретін мерекеге айналуы тиіс. Өйткені сонау 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Республика күнін еліміздің өзге өңірлері секілді шығысқазақстандықтар да кеңінен атап өтті. 

Шығыс Қазақстан облысында Республика күнін мерекелеу аясында 500-ден астам түрлі шара өтті. Республика күнін жаңа ұлттық мереке ретінде қоғамдағы тарихи мәртебесін бекіту мақсатында әлеуметтік желілерде «Қыран елім Қазақстаным!» атты патриоттық акция жарияланып, шығысқазақстандықтар бұл акцияға ерекше белсенділікпен қатысты. Жалпы, акция үш бағыт бойынша жүргізілді: Республика күніне арналған патриоттық өлеңдер жариялау; көркем суреттер байқауы; ерекше бейнеқұттықтаулар жазу. Акцияға қатысушылардың жұмысы Республика күні хэштегімен жарияланды.

Өңір тұрғындары «Таза  табиғат» экологиялық акциясына, патриоттық челленджге, этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен өткен «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты республикалық фестивальге қатысты.

Сондай-ақ Өскемен қаласы тұрғындары мен қонақтары Шығыс Қазақстан драма театры мен «Ертіс концертте» өткен Республика күніне арналған спектакль мен мерекелік концерттерді тамашалады.

25 қазан – Республика мерекесі күні Өскемендегі орталық алаңға халық көп жиналды. Араға 13 жыл салып қайта оралған мерекені тойлауға жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Барлығының жүзінде қуаныштың лебі бар. Олар күздің сәл ызғарлы лебін  де еш елер емес.  Біреулері Республика алаңындағы мерекелік базарды аралап, сауда жасап жүрсе, басқалары концертті тамашалауда. Республика күніне арналған мерекелік концерт еліміздің Әнұранымен басталды. Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көкке көтерілді. Алаңға жиналған қауымды облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Қадірлі жерлестер! Баршаңызды ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Республика күні мейрамы қайта жаңғыртылды. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Себебі еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы нақты осы күні басталды.   Біздің ең басты құндылығымыз  – Тәуелсіздік, тұрақтылық және татулық. Берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында еліміз табысты дамуда. Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту бағдарламасы, саяси жүйені кешенді жаңғырту реформасы іске асырылуда. Бүгінгі күні ортақ үйіміз Қазақстан тұғыры биік, экономикасы қуатты беделді мемлекетке айналды. Мұның бәрі халқымыздың бірлескен күш-жігері, әрбір азаматтың тікелей үлесі және еңбектің нәтижесі,  – деді облыс әкімі Д.Ахметов өзінің құттықтау сөзінде.

Осыдан кейін облыс өнерпаздары рухты оятатын әндерді әуелетті. «Әлем сазы», «IDEA», «Dolce» топтары жас әншілерінің өнеріне халық қуана қол соқты. Осынау мерекеден «Алтай» халықтық би ансамблі де тыс қалмады. Бишілердің орындауындағы «Алтын адам» композициясы өте сәтті шықты.

Мерекеге орай  өңірдің барлық кітапханалары мен музейлерінде де түрлі көрме, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Мысалы, Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхана Республика күнін ұлықтау мақсатында «Дархан даланың тарлан тарихы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Осынау жылжымалы көрмемен қаладағы мекемелердің қызметкерлері мен оқу орындарының студенттері танысып, тәуелсіздік тарихы туралы көп мағлұмат алды.

Сондай-ақ бұл күндері өңірдің өзге қалалары мен аудандарында да түрлі шара өтті.

Сонымен қатар «Ертіс концертте» өңіріміздің және еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, марапаттау рәсімі болды. Тәуелсіз Қазақстанның рухани-мәдени, экономикалық және әлеуметтік жағынан кемелденуіне үлес қосып жүрген жандар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.  Марапаттарды облыс әкімінің өзі табыс етті.

– Менің еңбегімді бағалап, марапаттап жатқанына өте разымын. Қазақстанның мәртебесі әрқашан биіктеп, шарықтай берсін. Әрі қарай да  экономикамыздың күшейіп, дамуына өз үлесімді қоса беретін боламын, – дейді «Сей-Нар» ЖШС басшысы, «Құрмет» орденін кеудесіне қадаған Ербол Әбдіхалықов.

Осыдан 21 жыл бұрын ашылған кәсіпорын бүгінде өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында орасан жұмыстар атқарған екен.

Жалпы мамандар Республика күні мерекесінің өзіне тән тойлау дәстүрін қалыптастыру қажет деген пікір айтуда. Ұлттық мерекені лайықты деңгейде атап өтуге тиісті ведомстволар мен мамандар ерекше атсалысуы керек. Қалай десек те, Республика күні ұлттық мерекелер тізімінен ойып орын алып, елдің рухын көтерер, отаншылдыққа үндейтін мереке қатарына қосылса дейміз.

Осы айдарда

Back to top button