Қоғам

Он тоғыз жастағы Айсұлу қарсылас шақ келтірмей жүр

  Он  тоғыз жастағы Айсұлу қарсылас шақ келтірмей жүр

Қаршадай ғана қыз бала спорзалда ілініп тұрған грушаны жан-жағынан ұрғылап ұзақ жүрді. Соққысы мығым, құм толған қара қаптың бүйірін ойып түсірердей. Былғары қолғап киген Айсұлу Бимурзинаның белгілі бір жетістіктерге жеткенін ширақ қимылынан, рингтегі қозғалысынан-ақ аңғаруға болады. Он тоғыз жасар боксшы қыз бүгінде – спорт шеберлігіне үміткер.
Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген Айсұлу бала кезінен спортқа бейім болып өсті. Алғашында туған ағасы Серікжанның қолдауымен спорттың жеңіл түрімен айналыса бастайды. Алыс шақырымға жүгіріп, ұзындыққа секіріп, өзінің спортқа деген ыңғайын байқап көреді. Уақыт өте дене жаттығуларына деген қызығушылығы да арта түседі. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ Айсұлу спорт жаттығуларын күнделікті әдетіне айналдырады. Салауатты өмір салтын жолға қойған спортшы қыз сабағын да жақсы оқыды. Кішкентай кезінен әр күнін алдын ала жоспарлап, күн тәртібімен жүруге тырысты.

Жеңіл атлетикадан басталған жеңіс жолы

  Он  тоғыз жастағы Айсұлу қарсылас шақ келтірмей жүр

Кейіннен жеңіл атлетикаға ден қойып, спорт залына күнделікті уақытымен барып тұрды. Жаттығулардан себепсіз қалмауға тырысты. Еңбекқорлығының арқасында көп уақыт өтпей-ақ жарыстарға қатысып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе бастайды. Он бір жасында кеудесі жарқыраған алтын-күміс медальдарға толып, бірнеше дүркін облыс чемпионы атағына ие болады. Облыстағы қатарластарын шаң қаптырған спортшы қыз Қазақстан біріншілігінде де кіл мықтылардың арасынан үшінші орынды қанжығасына байлап қайтады. Айсұлудың бұл жетістігіне ең бірінші әке-шешесі төбелері көкке жеткендей қатты қуанады. Ертеңіне үміт артқан ата-анасы қыздарының спортпен алаңсыз айналысуына бар мүмкіндікті жасауға тырысады. Бірде кішкентай Айсұлудың бойындағы спортқа деген талантын байқаған нағашы ағасы Ғани Жақыпов боксқа баули бастайды. Шығыстан айтулы бокс чемпиондарын тәрбиелеп шығарған Ғани Жақыпов – Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы. Өз ісінің нағыз шебері.
Қолына былғары қолғап киіп, жекпе-жек спортына 2011 жылы бет бұрған Айсұлу жүйелі түрде жаттығуды бастап та жібереді. Алғашында аяқта нық тұруды, рингте әрі-бері шапшаң қимылдауды үйренген ол груша соғуда да белсенділік танытады. Күнделікті белгіленген кестеге сәйкес алыс қашықтыққа жүгіреді, спарингте қатарластарымен қолғап түйістіріп, баптарын сынап көреді. Шаршы алаңдағы тұрысы, қозғалысы, соққысы әбден қалыптасып, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрінгеннен кейін жаттықтырушысы үлкен жарыстарға шығаруды ұйғарады. Сөйтіп, бокспен айналысқанына бір жыл болар-болмастан 1995-1996 жылы туғандар арасында Көкшетауда өткен Қазақстан біріншілігіне қатысады. Айсұлу алғаш рет рингке шыққанда бойында қобалжудың болғанын да жасырмайды.
– Менің ойымша, мықты деген спортшылардың өздері жарыс алдында қобалжиды. Бұл – қалыпты жағдай. Мен де алғаш рингке шығарда өз-өзімді сабырға шақырып, қобалжуымды басумен болдым. Бірақ бокс басталып кеткенде бойыңдағы қорқыныш жоғалып кетеді екен. Қарсыласқа соққыны қалай тигізіп, қалай қорғануды ғана ойлап жүресің. Оның үстіне айналдырған бірер минут уақыт та өтпей қояды екен, – дейді Айсұлу Бимурзина.

Көкшетаудағы күміс жүлде

  Он  тоғыз жастағы Айсұлу қарсылас шақ келтірмей жүр

Жас боксшының жарыстағы жекпе-жектерін уақытында көрмесек те, ғаламтордағы бейне роликтерінен көріп куә болдық. Алғашқы жарысына тыңғылықты түрде дайындалған Айсұлу қарсыласын бас көтертпей төпештейді. Жұмсаған соққылары қарсыласқа дөп тиіп жатты. Дәл дарыған кейбір соққылары есеңгіретіп те жібергендей еді. Осылайша алғашқы шыққан жарысында қырық төрт келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айсұлу екінші орынды иеленеді. Бұл рингке енді ғана шыққан жас боксшы үшін үлкен жетістік болды. Көкшенің төріндегі жарыстан жігерленіп қайтқан Айсұлу Өскеменге келгеннен кейін жаттығуға аса бір құлшыныспен баратын болды. Одан да үлкен жарыстарға шығып, үлкен жетістіктерге жетсем деген мақсат қойды алдына. Сол арман-мақсаттың жолында аянбай еңбек етті. Нәтижелі көрсеткіштерге де қол жеткізе бастады. Атап айтар болсақ, 2012 жылы Сербияның Сомбор қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде 46 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды жеңіп алды. Бұған дейін Тараз қаласындағы халықаралық турнирде де бірінші орыннан көрінген болатын. Сондай-ақ, Социалистік Еңбек Ері Нәдір Биғазиевті еске алуға арналған 1996-1998 жылғы қыздар арасындағы турнирде екінші орынды қанағат тұтты. Бұл турнир Таразда өткен еді. Көптеген жарыстарда алдыңғы орындардан көрініп жүрген Айсұлу былтыр Астанада ұйымдастырылған іріктеуде де ешкімге есе жібермейді. Іріктеуден өткен боксшылар Қазақстан біріншілігіне жолдама алып, үлкен жарысқа аттанады. Жасөспірім қыздар арасындағы бұл чемпионатта да Айсұлу екінші жүлделі орыннан көрінеді.

  Он  тоғыз жастағы Айсұлу қарсылас шақ келтірмей жүр

Бокста біраз биіктерді бағындырған спортшы қыз бертін келе жасөспірімдер арасындағы республиканың құрама командасынан Астананың ересектер арасындағы құрама командасына ауысты. Айсұлу Бимурзина жаттығудан бөлек техникалық колледжде референт-хатшы мамандығы бойынша оқиды.
Уақыттың қадірін бағалайтын боксшы кішкентай кезінен қалыптасқан әдет бойынша жүйелі жоспар құрып, әр минутын пайдалы іске жұмсайды. Оқу мен жаттығудан қолы босай қалса, ата-анасына қолғабыс етіп үй шаруасымен айналысқанды жақсы көреді. Мың бұрала би де билейді. Тіпті билеп жүріп жаттығу жасайтын кездері болады.
– Былғары қолғап киіп, рингке шыққанды ғана емес, нәзік жандылар сияқты би билегенді де ұнатамын. Кейбіреулер боксшы қыздарды ер мінезді деп ойлайтын шығар. Олай емес, біз рингте ғана ержүректік танытып, қарсыластың осал тұсын тауып соққы жұмсауға тырысамыз. Күнделікті өмірде қарапайым қазақтың нәзік қыздарымыз, – дейді Айсұлу ағынан ақтарылып.
Кейбіреулер бокстың қыздарға тән спорт емес екендігін алға тартады. Ал боксшы қыздың айтуынша, бұл спорт өзіңді қорғау үшін ғана емес, салауатты өмір салтын ұстану үшін де керек. Айсұлу Бимурзина енді осыған дейінгі жаттығу нәтижелерін рингте ғана сынап көрмей, арнайы құралдың көмегімен соққысының салмағын да өлшеп білгісі келеді.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button