Қоғам

Он шақты үй жарықсыз отыр

Он шақты үй жарықсыз отыр


Ымырт үйіріліп, көз байланған уақытта Өскемендегі Бабкина Мельница ықшамауданындағы Арычная көшесінде тұратын Рәзия Әлімханованың үйіне бардық. Сығырайған майшамның жарығымен дастархан басында немерелерін тамақтандырып отыр екен. Электр жарығынсыз отырған бұлар ғана емес, он шақты үй бір көшенің бойында.

– Үйді төрт жыл бұрын салдық. Алғашында ешқайда жүгірген жоқпыз. 2013 жылдан бастап қажетті құжаттарын жинап, тоздырмаған есігіміз жоқ. Ақша деді, тендер деді. Содан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Асқар Жақсылықов 12 млн. теңге бөлінгенін айтты. Бұл мәселе депутат Әсем Мамутованың да сайлауалды бағдарламасында бар еді. Депутатымызға Асқар Жақсылықов тамыздың аяғына дейін мәселе шешіледі деп жазып та беріпті. Содан бері екі айдан асты. Мектеп жасындағы немерелерім де анау жақтағы нағашы атасының үйінде тұрып жатыр. Қыс түсіп, күн де қысқарды. Суық түспей жарық тартып берсе жақсы еді, – дейді Рәзия апай.

Бұл Рәзия апайдың ғана мұңы емес, көше тұрғындарының тілеуі. Енді қайтсін, ет-майларын туған-туыстарының тоңазытқышында сақтап, келесі көшедегі көршілерінің үйінде ұялы телефондарын қуаттап жүргендері. Теледидардағы жаңалықтардан да хабарсыз. Облыс орталығындағы жарыққа зәру тұрғындар сондай-ақ, Батыр Жағыпанов, Бақытқали Ыдырышев, Тоқтаған Сәдібекова, Дәурен Шитиев, Раиша Демеуова, Ақмарал Әмірбекова. Әр үйде бала-шағасы бар. Бұл мәселе қашан шешілері белгісіз. Тамыздың аяғын қойып, қыс түсті, міне.

Мән-жайды көзбен көргеннен кейін барып, біз де өз тарапымыздан қала басшылығына сауал жолдадық. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаевтың берген жауабына сүйенсек, Бабкина Мельница ықшамауданындағы Арычная-1, Отдельная және Арячная-2 көшелері бойындағы электр әуе жолдары желілерін тартуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда аталмыш жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Берген жауаптары осы. Ал жұмыстың аяқталу мерзімі айтылмаған. Демек, жарықсыз отырғандар әлі де майшамға телміріп отыруға мәжбүр.

Он шақты үй жарықсыз отыр

Мерей Қайнарұлы
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button