Он үш отбасы баспаналы болды
Күні кеше қарғын судың қасіретін тартып, қабырғасы қайысқан аягөздік ағайындардың бүгінде қабағы ашылып, жүздеріне күлкі, жүректеріне сенім ұялаған. Мемлекеттің қолдауы мен ел-жұрттың қамқорлығының арқасында бұл қиындық та еңсерілуде. Кеше облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аудан орталығына арнайы келіп, тасқыннан зардап шеккен тағы 13 отбасыға баспана кілттерін табыс етті.
Естеріңізде болса, тасқыннан кейін 10 күн өткенде, ауданға ат басын бұрған аймақ басшысы баспаналары жарамсыз күйге енген 12 отбасына үйдің кілтін табыс еткен-ді.
Аягөзге келген облыс әкімінің орынбасары алдымен аудандық әкімдікте жиын өткізді. Жиында аудан әкімі Бақытжан Байахметов бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұдан кейін Әсем Бекқызы үйсіз қалған 13 отбасыға баспана кілтін табыс етті. Осынау қуаныш үстінде Сәбет қажы ақсақал ақ батасын берді. Жиналған жұртшылық ағынан жарылып, ризашылық білдірді. Тебіреніп кеткен Гүлістан Мақалова апамыз алғысын айта келе, жүрегінен шыққан өлең шумақтарын төгіп-төгіп салды. Ақсақалдар алқасының мүшесі Мұқан Балабекұлы:
– Қиын жағдайға тап болған бауырластарын қазақ атамыз назардан тыс қалдырмай, жылу жинап, асар жасап қолдайтын. Бүгінгі игілік сол дәртүрдің керемет жалғасы деп ұғамын. Осындай асыл салтымыз барда, биік нарқымыз асқақтай беретініне сенім білдіремін, – деп ыстық ықыласын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары бастаған топ жаңа қонысқа ие болған Майра Қисметова мен Елена Мигранованың үйлеріне кіріп шықты.
– Биылғы көктем біздің өңірге оңай болған жоқ. Тасқын салдарынан екі қала, бес аудан, 33 елді мекен зардап шекті. Бүгінгі таңда зардап шеккен тұрғындардың өмірін қалыпқа келтіру үшін өңіріміздің барлық күші жұмылдырылуда. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Қаражат бөлінді. Облыс бойынша 23 құрылыс компаниясы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Ал енді Аягөзге келсек, жаңа қонысқа орналасып жатқан отбасыларға құтты болсын айтамыз, – деді Әсем Нүсіпова.
Аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету мақсатында жұмыспен қамту орталығына замануи терминал қойылып, жұмысы жүйеленген болатын. Енді, міне, осы игілікті істің жай-күйімен танысу үшін, облыс әкімінің орынбасары орталыққа келіп, жұмыс барысымен танысты. Мамандармен әңгімелесті, ақыл-кеңесін айтты.
Аудандардың ішіндегі алғашқы орталық
Облыс әкімінің орынбасары бастаған арнай топ орталық ауруханаға келді. Биыл аягөздіктер үшін тағы да қуанышты жағдай іске аспақшы екен. Ол – аудандық орталық аурухана ішінен ашылатын «Инсульт орталығы».
– Мұндай орталық еліміздің бас қалалары мен облыс орталықтарында болмаса, аудандарында жоқ. Енді, міне, аудандар ішінде алғашқы болып Аягөзде инсульт орталығы ашылмақ. Бұл облыс басшылығы мен «KAZ Minerals» компаниясының демеушілігі арқасында іске асырылады. Сонымен қатар қаладағы перинаталдық орталыққа да аталмыш компания қажетті қаражат бөліп, демеушілік көрсетті, – дейді аудан әкімі Бақытжан Байахметов.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аурухананың бас дәрігерінен өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйін, орталықтың ашылуына байланысты дайындық жұмыстарын сұрап, біліп қондырғылар орналасатын орынды көрді.
Аягөз қалалық №1 орта мектепке келді. Осы білім ордасында «Менің мектебім» акциясы аясында жарақталатын жаңа кабинеттердің орындарын көрді. Үштілділік бойынша атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Білім бөлімінің басшысына, мектеп директорына сұрақтарын қойып жас ұрпаққа өңірден шыққан дана бабалар мен тағылымды тұлғалардың еңбектерін жүйелі түрде оқыту керектігін айтып өтті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаевтың айтуынша, «Менің мектебім» жобасы аясында ауданға 35 жаңа модификациялық кабинет берілмек. Оның 19-ы роботтық техника кабинеті болса, тоғызы биология, төртеуі химия, үшеуі физика пәндеріне арналған бөлмелер. Аталған кабинеттерді ашу үшін сынып бөлмелеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге жергілікті бюджеттен 36 млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде ол кабинеттердің барлығы жөндеуден толық өтті. 19 толық кешенді мектеп роботтық техникамен жабдықталды. Қалғандары мамыр айында толығымен жеткізіліп, орналастырылады. Яғни, жаңа оқу жылынан бастап аягөздік оқушылар осы модификациялық кабинеттерде білім алады. Бұл білім сапасын көтеруге үлкен септігін тигізеді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары өнер мектебіне бас сұқты. Құрылыс жұмыстары аяқталып, әне-міне ашылады деп отырған жаңа мектеп-лицейдің ғимаратын аралап көрді. Ұстаздар қауымымен жолықты. Мектептің жарақталуын көрді. Жаңартылған білім мазмұнын түсіндіру, тәжірибе алмасу мақсатында өтіп жатқан семинарға қатысты.
– Тәуелсіз мемлекетіміздің нұрлы болашағы білімді ұрпақтың қолында. Сапалы білім мен тағылымды тәрбие бізді кемел келешекке жетелейді. Сіздер осы жолда өздеріңізге артылған биік сенімді жоғары деңгейде ақтайтындарыңызға сенім білдіремін. Білім саласын дамыту мақсатында облысымызда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Енді тек сіздер жақсы оқыңыздар, – деді облыс әкімініңң орынбасары.
Ермек Дайырбаев
Аягөз ауданы.